ЕЛ ДАМУЫНЫҢ БЕРІК ІРГЕТАСЫ
Тамыз айының екінші жексенбісінде елімізде ерекше құрметке лайық мамандық иесінің бірі – құрылысшылардың кәсіби мерекесі аталып өтеді. Аталмыш мереке 1998 жылы мемлекеттің кәсіби мерекелерінің тізіміне еніп, Республика Президентінің Жарлығымен расталды. Құрылысшылар кәсіби мерекелерін алғаш рет 1956 жылдың тамызында атап өтті. Мерекені тамыздың әр екінші жексенбісінде атап өту дәстүрі посткеңестік кеңістікте қалыптасқан көптеген мемлекетте сақталған.Бұл күн – елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына өлшеусіз үлес қосып жүрген құрылысшылардың қажырлы еңбегіне көрсетілген құрметтің белгісі. Құрылыс – елдің өсіп-өркендеуінің, тіршілігі мен болашағының айқын көрінісі. Құрылысшы – ғимарат тұрғызушы, ол елдің ертеңін қалыптастырып, халықтың игілігі үшін еңбек ететін нағыз жасампаз маман.
Құрылыс саласына айрықша мән беріп, зерделейтін болсақ, ол негізгі үш үлкен салаға бөлінеді: азаматтық, өнеркәсіптік және инженерлік құрылыс. Бұл салалар әртүрлі мақсатқа арналып, өзіне тән құрылыс технологиялары мен әр алуан материалды қолданады. Азаматтық құрылысқа тұрғын үйлер, қоғамдық ғимараттар, мәдени нысандар жатады.
Өнеркәсіптік құрылысты өндірістік орындар – зауыт, фабрика мен цехтар, энергетика нысандары, түрлі қойма мен ірі нысанды орталықтар құрайды. Инженерлік және көлік құрылысы жол желілерін көпір, туннель секілді жасанды нысандарды және электр желілері, су, мұнай-газ құбырларын қамтиды.
Құрылыс жүрген жерде тіршілік бар. Әрбір бой көтерген мектеп, балабақша, аурухана, тұрғын үй немесе спорт кешені – мемлекеттің дамуы мен халықтың әлауқатының жақсарғанының айқын көрінісі. Сондықтан құрылыс саласы кез келген елдің экономикалық қуатын айқындайтын маңызды бағыттардың бірі ретінде бағаланады. Құрылыс саласы ешқашан толас таппайды, себебі жыл өткен сайын ескінің жаңа талаптарға сай келмейтіні бар, адам санының артуына байланысты жаңа құрылыс нысандарын қажет ететіні белгілі.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауларында тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру үшін инженерлік инфрақұрылымды жаңғыртуға, тұрғын үй құрылысын дамытуға және әлеуметтік нысандар салуға ерекше көңіл бөліп келеді. Соның нәтижесінде еліміздің барлық өңірінде құрылыс жұмыстары қарқын алып, жаңа нысандар ел игілігіне пайдалануға берілуде.
Соңғы жылдары Қармақшы ауданында да құрылыс саласы жаңа деңгейге көтерілді. Мемлекеттік бағдарламалардың тиімді жүзеге асуының нәтижесінде ауданның сәулеттік келбеті жаңарып, тұрғындардың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасайтын көптеген әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысан бой көтеруде.
Әсіресе «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында жүзеге асырылған жұмыстар аудан тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсартуға зор мүмкіндік берді. Ауылдық елді мекендерде жолдар жөнделіп, инженерлік желілер тартылып, мәдениет, спорт және білім беру нысандары жаңартылды, әлі де заманға сай үлгіде жасалуда.
Ауданда соңғы жылдары бірнеше маңызды спорт нысанының құрылысы жүргізілді. Ақай ауылында дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы жүзеге асырылды. Сонымен қатар Жаңажол ауылында жаңа спорт кешені салынып, тұрғындардың бұқаралық спортпен айналысуына жағдай жасалды. ІІІ Интернационал ауылында да заманауи спорт кешенінің құрылысы қолға алынып, ауыл жастары үшін жаңа мүмкіндік ашылды.
Инженерлік инфрақұрылымды дамыту жұмыстары да жүйелі жалғасуда. Аудан тұрғындарын ауызсумен қамтамасыз ету мақсатында су құбыры желілерін салу жобасы үздіксіз іске асырылуда. Мұндай жобалар халықтың өмір сапасын арттырып, елді мекендердің тұрақты дамуына негіз қалайды.
Ауданда білім беру нысандарын жаңғырту жұмыстары да қарқынды жүргізілуде. Бірқатар мектептің спорт алаңдары жаңартылып, инженерлік жүйелері жөнделді, заманауи STEM кабинеттері мен биология кабинеттері жабдықталды. Кейбір мектептердің жылу қазандықтары қауіпсіздік талаптарына сай қайта орналастырылып, шатырлары мен кәріз жүйелері жөндеуден өтті. Бұл жұмыстың барлығы оқушылардың сапалы білім алуына және қауіпсіз ортада тәрбиеленуіне бағытталған.
Заманауи үлгіде салынған алаңда түрлі ойын құрылғысы мен спорттық жабдықтар орнатылып, бүлдіршіндердің бос уақытын тиімді өткізуіне жағдай жасалған. Мұндай нысандар ауыл тұрғындарының сұранысына сай бой көтеріп, балалардың қауіпсіз әрі жайлы ортада демалуына мүмкіндік беруде.
Кез келген ғимараттың артында жүздеген адамның еңбегі жатыр. Сәулетші жобасын әзірлейді, инженер есептейді, ал құрылысшы сол жобаны өмірге әкеледі. Жаздың аптап ыстығы мен қыстың қақаған аязына қарамастан, құрылысшылар ел игілігі үшін аянбай еңбек етеді. Олардың кәсіби шеберлігі мен жауапкершілігінің арқасында жаңа мектептерде балалар білім алып, ауруханаларда адамдар емделіп, спорт кешендерінде жастар шынығып, тұрғын үйлерде қаншама отбасы қоныс тойын тойлап келеді.
Құрылыс тек бетон мен кірпіштен тұратын сала емес, елдің келешегіне салынған инвестиция, ұрпаққа қалатын мұра. Сондықтан құрылысшылардың еңбегі әрдайым құрметке лайық.
Ауданымызда қолға алынған ауқымды жобалар өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін беріп, тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыра түсуде. Алдағы уақытта да жаңа тұрғын үйлердің, білім беру және денсаулық сақтау нысандарының, спорт кешендері мен мәдениет ошақтарының саны артып, ауданның сәулеттік келбеті жаңара беретініне сенім мол.
Лаура БАҚТЫБАЕВА














