АРМАНЫН АСПАНМЕН ҰШТАСТЫРҒАН
Қазақ халқының ғасырлар бойғы арманы мен мақтанышын аспан әлеміне алып шыққан, ұлт тарихында есімі алтын әріптермен өшірілместей болып жазылған дара тұлға – Кеңес одағының батыры, Халық Қаһарманы, авиация генерал-майоры, техника ғылымдарының докторы, профессор Тоқтар Оңғарбайұлы Әубәкіров 80 жасқа толды. Бұл – ел тарихындағы ғылым мен техниканың, ерлік пен елдіктің мерейлі белесі. Тоқтар Әубәкіров – КСРО-ның 72-ші, әлемнің 256-шы ғарышкері және қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкер.
Тоқтар Әубәкіров 1946 жылы Қарағанды облысының Қарқаралы ауданында өмірге келген. Оның өмір жолы жас кезінен-ақ еңбекқорлық пен темірдей тәртіпке негізделді. Еңбек жолын Теміртау құйма-механика зауытында токарь болып бастаған жас жігіт өзінің жауапкершілігімен көзге түсіп, есімі облыстық «Құрмет кітабына» енді.
Арман қуған жас өрен аспан әлемін бағындыру мақсатында білім мен әскери шеберлікті қатар шыңдады. Армавир жоғары әскери авиация училищесін 1969 жылы бітіріп, әскери-әуе күштерінде ұшқыш, эскадрилья командирінің орынбасары қызметтерін атқарды. Сондай-ақ Мәскеу сынақшыұшқыштар мектебін 1976 жылы және Мәскеу авиация институтын 1979 жылы сәтті аяқтады.
А.Микоян атындағы тәжірибелік-конструкторлық бюросында сынақшы-ұшқыш болып жұмыс істеген жылдары Тоқтар Оңғарбайұлы өзін дыбыстан жылдам ұшатын реактивті ұшақтардың теңдессіз шебері ретінде танытты. Ол «МиГ-23», «МиГ-25», «МиГ-29», «МиГ-31» сынды әскери ұшақтардың 50-ден астам жаңа түрі мен модификациясын сынақтан өткізді.
Ұшқыштың авиация тарихындағы бірегей ерліктерін атап айтқан жөн. Солтүстік полюске сапарында КСРО-да алғаш рет «МиГ-31Б» ұшағымен әуеде 2 рет жанармай құйдыру арқылы Жерге қонбай, Солтүстік полюс үстінен ұшу сапарын ерлікпен орындады. Авиатасушы крейсерге қону кезінде Әлемдік авиация тарихында тұңғыш рет реактивті «МиГ-29К» ұшағын «Тбилиси» (қазіргі «Адмирал Кузнецов») авиатасушы крейсерінің тар палубасына дәл қондырып, қайта көтерілді. Осы теңдессіз ерлігі үшін оған Кеңес одағының батыры атағы берілді.
1991 жылдың 2 қазанында Байқоңыр ғарыш айлағынан «Союз ТМ-13» кемесімен көкке көтерілген Тоқтар Әубәкіров қазақ халқының атын әлемге паш етті. Ғарышта болған 7 күн, 22 сағат, 13 минут ішінде «Мир» орбиталық кешенінде халықаралық экипаж құрамында маңызды ғылыми бағдарламаларды жүзеге асырды.
Сонымен қатар Арал теңізі аймағындағы экологиялық апат салдары, тұзды шаң борамаларының пайда болуы мен оның кеңістікке таралуын ғарыштан суретке түсіріп, зерттеді. Биотехнология, металлургия, медицина және Қазақстан аумағының табиғи ресурстарын зерттеу бойынша іргелі жұмыстар жүргізді.
Көріп отырғанымыздай, ғарыш сапары барысында Қазақстан ғалымдарының қатысуымен дайындалған тәжірибелер орындалып, ұлттық ғылымның дамуына жаңа мүмкіндік ашылды. Осы тарихи оқиға қазақ елінің ғарышты игеру дәуіріндегі алғашқы жарқын жетістігі ретінде тарихқа енді.
Осылайша, Тоқтар Әубәкіров ғарышқа тек саяхатшы ретінде емес, отандық ғылымға бағалы деректер жинаған ғалымғарышкер ретінде көтерілді. Тәуелсіздік қарсаңында жүзеге асқан бұл ғарыш сапары халқымыздың рухын көтеріп, жастардың ғылым мен техникаға деген қызығушылығын арттырды. Тоқтар Әубәкіровтің ерлігі қазақ жастарына еңбекқорлықтың, білімге ұмтылудың және Отанға адал қызмет етудің жарқын үлгісі болды.
Ғарыштан аман-есен оралғаннан кейін Батыр тұлға жас тәуелсіз Қазақстанның әскери және ғарыш сапарын қалыптастыруға білек сыбана кірісті. Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 1 орынбасары қызметін атқарып, отандық Қарулы Күштердің дайындығын арттыруға үлес қосты. Қазақстан Республикасы Ұлттық аэроғарыштық агенттігінің бас директоры болып, елімізде ғарыш саласының инфрақұрылымын құруға жетекшілік етті. Парламент Мәжілісінің депутаты ретінде заң шығару, елдің қауіпсіздігі мен халықтың әлеуметтік жағдайын көтеру бағытында белсенді жұмыс атқарды. Парламент Мәжілісінің депутаты қызметін атқарған кезде өзіне бағытталған хат-сұрақтардың ешқайсысын жауапсыз қалдырған жоқ, қалқадірінше көмек беріп, сол істердің шешілуіне біркісідей атсалысты. Оған 2005 жылы өзімнің жазған хатым мен жақын араласатын бірнеше адамның сөзі дәлел.
2018 жылы Алматы қаласындағы өзім жұмыс істейтін қазақ білімінің қарашаңырағы – қазақтың тұңғыш зиялы мектебінде батырмен кездесу ұйымдастырдық. Сол кездесу барысында ғарышкердің қарапайымдылығына, өз ұлтын шексіз сүйетін тұлға екендігіне, оқушылармен жылы қарым-қатынас орнатып, өзіне берілген сыйды гимназия мұражайына тарту еткен көрегендігіне, материалдық құндылықты жеке мүддесіне емес, ел болашағына, тарихына арнаған ой-өрісіне куә болдым.
Бүгінгі таңда Тоқтар Әубәкіровтің 80 жылдық мерейтойын атап өту – өткенді еске алумен қатар, жас ұрпақты білімге, ғылымға, елін сүюге тәрбиелеудің маңызды құралы. Ғарышты бағындырған қазақтың тұңғыш қыранының өмірі мен ерлігі әрдайым ұлт мақтанышы болып қала береді. Тоқтар Оңғарбайұлының өмір жолы – кез келген қиындықты жеңіп, арманның биігіне шаршамай ұмтылудың, туған Отанға шексіз адал болудың айнасы.
Тоқтар Әубәкіров – асқақ арманның, қайсар рухтың және тәуелсіз Қазақстанның биікке самғаған қанаты. Оның есімі ел тарихымен бірге жасай береді, ал ерлігі ұрпаққа мәңгілік өнеге болып қала береді.
Лаура БАҚТЫБАЕВА















