ДАСТАРҚАНДАҒЫ ДӘРУМЕН: ҚАЗАҚТЫҢ ҰЛТТЫҚ ТАҒАМДАРЫ ДЕНСАУЛЫҚҚА ҚАНШАЛЫҚТЫ ПАЙДАЛЫ?

Фастфуд пен жартылай дайын тағамдар күнделікті өміріміздің бір бөлігіне айналған заманда ұлттық асқа деген қызығушылық қайта артып келеді. Оның себебі неде? Мамандардың айтуынша, ата-бабамыз тұтынған табиғи тағамдардың көбі бүгінгі дұрыс тамақтану қағидаларымен үндеседі. Қазіргі қоғамда дұрыс тамақтану мәселесі бұрынғыдан да өзекті бола түсті. Семіздік, қант диабеті, жүрек-қан тамырлары аурулары секілді дерттердің көбеюі адамдарды күнделікті тұтынатын тағамына жауапкершілікпен қарауға мәжбүрлеуде.
Бір қызығы, денсаулыққа пайдалы тағамды алыстан іздеудің қажеті жоқ. Оның көпшілігі ата-бабамыздың ғасырлар бойы қалыптастырған ұлттық ас мәзірінде бар. Қазақ халқының дәстүрлі тағамдары табиғи өнімдерден дайындалған. Көшпелі өмір салтына бейімделген бұл тағамдар адам ағзасына күш-қуат беріп қана қоймай, ұзақ уақыт тоқтық сезімін сақтауға мүмкіндік жасаған. Бүгінде диетологтар мен нутрициологтар табиғи әрі аз өңделген өнімдердің адам денсаулығына пайдалы екенін жиі айтады. Бұл тұрғыдан алғанда қазақтың ұлттық тағамдары қазіргі дұрыс тамақтану қағидаларымен үндеседі.
Ұлттық тағамдардың ішінде ерекше орын алатын сусынның бірі – қымыз. Биенің сүтінен дайындалатын бұл сусын ғасырлар бойы шипалы қасиеті үшін жоғары бағаланған. Қымыздың құрамында ақуыз, кальций, фосфор, В және С дәрумендері, сондай-ақ ас қорыту жүйесіне пайдалы сүтқышқылды бактериялар бар. Мамандар оны табиғи пробиотиктердің қатарына жатқызып, ішек микрофлорасын қалыпқа келтіруге және иммундық жүйені нығайтуға ықпал ететінін айтады. Ертеде өкпе ауруына шалдыққан адамдарды қымызбен емдеу тәжірибесі болғаны да тарихтан белгілі. Кейбір зерттеулерде қымыздың құрамында адам ағзасына пайдалы 20дан астам аминқышқылы мен көптеген микроэлементтер кездесетіні айтылады. Сондықтан ол тек сусын емес, табиғи биологиялық құндылығы жоғары өнім саналады.
Шұбат та тағамдық құндылығы жоғары ұлттық сусындардың бірі. Түйе сүтінен дайындалатын бұл өнім ақуызға, дәрумендер мен минералдарға бай. Кейбір ғылыми зерттеулерде шұбаттың ас қорыту жүйесінің қызметіне оң әсер етіп, ағзаның қорғаныс қабілетін арттыруға көмектесетіні көрсетілген. Сонымен қатар ол ұзақ уақыт тоқтық сезімін береді.
Қазақ дастарқаны етсіз елестемейді. Әсіресе жылқы еті ұлттық асхананың басты ерекшеліктерінің бірі саналады. Оның құрамында жоғары сапалы ақуыз, темір, мырыш және В12 дәрумені мол. Бұл заттар қан түзілуіне, бұлшық еттердің қалыптасуына және жүйке жүйесінің қалыпты жұмысына қажет. Мамандар жылқы етіндегі майдың басқа кейбір ет түрлеріне қарағанда жеңіл қорытылатынын атап өтеді. Дегенмен ет қаншалықты пайдалы болса да, оны мөлшермен тұтыну денсаулықтың басты қағидаларының бірі екенін ұмытпау қажет. Мамандар жылқы етін холестерин мөлшері төмен ет түрлерінің бірі деп бағалайды. Оның құрамындағы темір оңай сіңетіндіктен, қаназдықтың алдын алуға көмектеседі. Сонымен қатар қазы, жал және жая сияқты ұлттық тағамдар да ақуыз бен минералдарға бай. Алайда олардың құрамындағы тұз мөлшері жоғары болғандықтан, қазіргі медицина оларды мөлшермен тұтынуды ұсынады.
Қазақтың ашытылған сүт өнімдері де ерекше назар аударуға тұрарлық. Айран, қатық, сүзбе және құрт – кальций мен ақуыздың бай көзі. Бұл өнімдер сүйек пен тістің беріктігін сақтауға, ас қорыту жүйесінің жұмысын жақсартуға және пайдалы ішек микрофлорасының қалыптасуына ықпал етеді. Әсіресе құрттың тағамдық құндылығы жоғары. Ал ірімшік кальций мен фосфордың молдығымен ерекшеленіп, балалардың дұрыс өсіпжетілуіне және егде жастағы адамдардың сүйек саулығын сақтауға ықпал етеді. Сары май да қазақ дастарқанының ажырамас бөлігі болған. Оның құрамында А, D, Е және К дәрумендері кездеседі. Бұл дәрумендер көздің көру қабілетін жақсартуға, иммундық жүйені нығайтуға және сүйек тінінің қалыптасуына көмектеседі. Дегенмен мамандар сары майды шамадан тыс емес, мөлшермен тұтынуға кеңес береді.
Ұлттық ас мәзірінде кейінгі кезде ұмытылып бара жатқан тағамдардың бірі – тары. Алайда соңғы жылдары оған деген қызығушылық қайта артты. Тарының құрамында тағамдық талшық, магний, темір және В тобының дәрумендері мол. Ол ас қорытуды жақсартып, ұзақ уақыт тоқтық сезімін сақтайды. Сондықтан диетологтар тарыны пайдалы жармалардың қатарына қосады. Тары құрамындағы тағамдық талшықтар ас қорытуды жақсартып қана қоймай, қандағы қант деңгейінің біртіндеп көтерілуіне ықпал етеді. Сондықтан ол дұрыс тамақтану мәзірінде жиі ұсынылады.
Алайда ұлттық тағамдардың бәрін шексіз мөлшерде тұтынуға болады деген түсінік қате. Қазақтың дәстүрлі асханасында майлы және қуатты тағамдар көп болғаны рас. Бұл көшпелі өмір салтына, ауыр еңбек пен қатал климатқа бейімделудің нәтижесі еді. Ал қазіргі кезде адамның күнделікті қозғалысы азайғандықтан, мұндай тағамдарды шамадан тыс тұтыну артық салмақ пен жүрек-қан тамырлары ауруларының қаупін арттыруы мүмкін. Сондықтан мамандар ұлттық тағамдарды көкөніс, жеміс-жидек және дәнді дақылдармен үйлестіріп, мөлшермен пайдалануға кеңес береді.
Бүгінде әлемде табиғи өнімдерге деген сұраныс арта түсуде. Көптеген елдер дәстүрлі тағамдарын дұрыс тамақтанудың бір бөлігі ретінде дәріптеп жүр. Бұл тұрғыдан алғанда қазақтың ұлттық тағамдары да денсаулыққа пайдалы әрі экологиялық таза өнімдердің қатарына жатады. Олар ғасырлар бойы халықтың тұрмыс-тіршілігімен бірге қалыптасып, табиғатпен үндес өмір сүрудің үлгісін көрсетті.
Ұлттық тағам – өткеннің ғана емес, бүгінгі күннің де байлығы. Дәстүрлі ас мәзірін заман талабына сай пайдалану арқылы біз әрі ұлттық құндылықтарымызды сақтаймыз, әрі денсаулығымызды нығайтамыз. Өйткені дұрыс дайындалған, табиғи әрі мөлшермен тұтынылған ұлттық тағам – адам ағзасына қуат беретін ең құнды азықтардың бірі.
Бауыржан ЖҮНІС














