ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ ТҰҒЫРЫ, ЕЛДІКТІҢ ЖҮРЕГІ
Астана күні – Қазақстан халқы үшін ерекше маңызы бар мереке. Бұл күн еліміздің бас қаласының қалыптасу жолын, тәуелсіз Қазақстанның жетістіктерін, елдің дамуы мен өркендеуін айшықтайды. Астана – әкімшілік орталық болуымен қатар, ұлттық бірліктің, мемлекетіміздің қуаты мен болашаққа деген сенімінің символы.
Бүгінгі Астананың негізі 1830 жылы қаланып, алғашында Ақмола деп аталды. Кейін 1961 жылы Целиноград, 1992 жылы қайтадан Ақмола атауы берілді.
Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін елдің саяси, экономикалық және географиялық ерекшеліктерін ескеріп, елорданы көшіру туралы тарихи шешім қабылданды. 1997 жылдың 10 желтоқсанында Қазақстанның астанасы ресми түрде Алматыдан Ақмолаға көшірілді. Ал 1998 жылдың 6 мамырында қалаға Астана атауы беріліп, 10 маусымда жаңа елорданың халықаралық тұсаукесері өтті.
Кейін қала атауы уақытша өзгертілгенімен, 2022 жылы тарихи Астана атауы қайта қайтарылды. Бүгінде Астана – Орталық Азияда орналасқан әлемдік деңгейдегі заманауи мегаполиске айналған қала.
Астананы көшіру тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең батыл стратегиялық шешімнің бірі болды. Бұл қадам елдің барлық өңірлерінің тең дамуына, экономиканың жандануына және жаңа өндірістердің ашылуына үлкен серпін берді.
Елорда қысқа уақыт ішінде ғылымның, білімнің, мәдениеттің, дипломатияның және халықаралық ынтымақтастықтың маңызды орталығына айналды. Мұнда көптеген халықаралық форум, саммиттер мен маңызды келіссөздер өткізіліп келеді.
Астана – заманауи сәулет өнерінің бірегей үлгісі. Қалада ұлттық нақыш пен инновациялық технологиялар үйлесім тапқан. Елорданың басты нысандарының қатарында: «Бәйтерек» монументі – тәуелсіздіктің символы, «Ақорда» – Қазақстан Республикасы Президентінің резиденциясы, «Бейбітшілік және келісім сарайы», «Хан Шатыр» ойын-сауық орталығы, «Тәуелсіздік сарайы», «Әзірет Сұлтан» мешіті, Ұлттық музей, ЭКСПО қалашығы және «Нұр Әлем» сферасы ерекше орын алады. Бұл ғимараттар Қазақстанның заманауи келбетін әлемге танытып келеді.
Бүгінде Астана жастардың білім алып, ғылыммен айналысып, жаңа идеяларын жүзеге асыратын орталыққа айналды. Мұнда көптеген жоғары оқу орындары, ғылыми-зерттеу институттары, мәдениет және спорт мекемелері жұмыс істейді. Жыл сайын мыңдаған жас елордаға келіп, өз болашағын осы қаламен байланыстырады. Сонымен қатар қалада цифрлық технологиялар, инновациялар және жасанды интеллект салалары қарқынды дамуда. Бұл Қазақстанның бәсекеге қабілетті ел ретінде қалыптасуына зор үлес қосуда.
Астана бүгінде халықаралық аренада беделді дипломатиялық орталық ретінде танылды. Қалада халықаралық экономикалық форумдар, бейбітшілік мәселелеріне арналған кездесулер ұйымдастырылып келеді.
2017 жылы өткен халықаралық «ЭКСПО-2017» көрмесі Қазақстанның әлемдік қоғамдастық алдындағы беделін арттырып, елорданың туристік тартымдылығын жаңа деңгейге көтерді.
Уақыт көші алға озған сайын бас қаланың келбеті де өзгере түсуде. Осыдан 2 апта бұрын Астанаға жолым түсті. 20 жыл бұрын Астананың қай бұрышынан келсеңіз де анадайдан менмұндалап тұратын «Бәйтерек» кешенін бүгінде заман талғамына, сұранысына сай салынған ғимараттар басып озған. Бірінен бірі асады. Қала күн санап көркейіп, қанат жаюда. «Бәйтерек» монументін көруге келген халықтың қарасы еш азаймаған. Бірнеше сағаттық кезек түзілгенінің куәсі болдым. Еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін қаланың бас символын көруге ынтызар.
Астана – еліміздің әр түкпіріндегі тұрғындардың «бір көрсем» деген арманына айналған әсем қала. Ол – халқымыздың жасампаз еңбегінің, елдің тұрақты дамуының және жарқын болашаққа ұмтылысының айқын көрінісі. Бас қала күн сайын жаңарып, көркейіп, әлемнің дамыған астаналарымен терезесін теңестіріп келеді.
Астана күні – әрбір қазақстандық үшін туған елге деген мақтаныш сезімін арттыратын, бірлік пен ынтымақты дәріптейтін мереке. Елордамыз әрдайым гүлденіп, Қазақстанның мерейін үстем ете берсін!
Лаура БАҚТЫБАЕВА















