ЦИФРЛАНДЫРУ – ЗАМАН ТАЛАБЫ: АУДАН ЖАСТАРЫНЫҢ ЖАҢА БАҒЫТЫ
Бүгінгі таңда әлем елдері цифрландыру мен жасанды интеллектті (ЖИ) дамытуға ерекше назар аударып отыр. Бұл бағыт тек технологиялық жаңалық қана емес, сонымен қатар экономиканы жаңғыртудың, білім беру сапасын арттырудың және халыққа көрсетілетін қызметтерді жеңілдетудің негізіне айналды. Қазіргі таңда цифрлық технологиялар адамның күнделікті өмірінің ажырамас бөлігі. Төлем жасау, анықтама алу, оқу, жұмыс істеу сияқты көптеген қызметтер онлайн форматқа көшіп, уақытты үнемдеуге және тиімділікті арттыруға мүмкіндік беруде.
Дамыған мемлекеттердің тәжірибесіне сүйенсек, цифрландыру ұлттық дамудың стратегиялық бағыты ретінде қарастырылады. АҚШ, Қытай, Оңтүстік Корея, Эстония сияқты елдерде жасанды интеллект медицина, білім беру, мемлекеттік басқару және қауіпсіздік салаларында кеңінен қолданылуда. Бұл елдерде цифрлық жүйелер арқылы қызмет көрсету сапасы артып, адам факторының қателігі азайған.
Мысалы, Жапонияда роботтар қарттар үйінде көмекші ретінде жұмыс істесе, Дубай қаласы жасанды интеллектті мемлекеттік қызметтердің негізгі бөлігіне айналдыруды жоспарлап отыр. Ал Оңтүстік Кореяда ЖИ технологиясы әр оқушыға жеке оқу бағдарламасын ұсынып, білім беру процесін барынша тиімді етіп отыр. Бұл мысалдар цифрлық технологияның қоғам өміріне терең еніп, жаңа мүмкіндіктер ашып жатқанын көрсетеді.
Осы жаһандық үрдістер аясында Қазақстан да цифрлық даму бағытын қарқынды түрде қолға алуда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы өз Жолдауында биылғы жылды «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» деп жариялап, Үкіметке нақты міндеттер жүктеді. Бүгінде елімізде мемлекеттік қызметтердің басым бөлігі электронды форматқа көшіріліп, eGov жүйесі арқылы халыққа қолжетімді қызмет түрлері кеңейіп келеді. Бұл бастама азаматтардың өмірін жеңілдетіп қана қоймай, мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға да ықпал етуде.
Осы бағытта ауданымызда да нақты әрі жүйелі жұмыстар атқарылуда. Аудан әкімі – Жандос Еркінбекұлының қолдауымен «Руханият орталығынан» облысымызда алғашқы болып IT парк филиалы ашылып, ол жастардың цифрлық білімін арттыратын маңызды орталыққа айналуда. Орталықта жастар бағдарламалау негіздерін меңгеріп, стартап жобалар әзірлеу, цифрлық сауаттылықты арттыру бағытында білім алуда. Сонымен қатар цифрлық кітапхана кабинеті де жұмыс істеп, жастарға заманауи компьютерлер мен интернет арқылы еркін білім алу мүмкіндігі жасалған.
Аталған IT орталық ашылғалы бері аудан жастарының қызығушылығы артып, түрлі оқыту курстарына қатысушылар саны күн санап көбейіп келеді. Жастар жаңа технологияларды меңгеруге ұмтылып, өз болашағын IT саласымен байланыстыруға бет бұруда.
Аудандық Жастар ресурстық орталығының директоры Нұржұман Пірназаров бұл бастаманың маңызына тоқталып өтті:
– Біздің негізгі мақсатымыз – жастарды тек оқыту емес, цифрлық ойлау қабілеті қалыптасқан жаңа буынды тәрбиелеу. IT парк аясында стартап жобалар, түрлі байқаулар мен оқыту курстары ұйымдастырылады. Үздік шыққан жастарға жоғары оқу орындарына грант алу мүмкіндіктері қарастырылуда. Жыл ішінде 300 жас цифрлық сауаттылық курстарынан өтеді деп жоспарлап отырмыз, – дейді ол.
Сонымен қатар алдағы уақытта аудан жастарын халықаралық тәжірибемен таныстыру мақсатында шетелдік оқу сапарларын ұйымдастыру жоспары да бар. Мысалы, цифрлық технологиялар жақсы дамыған елдердің бірі – Өзбекстанның Ташкент қаласына бару көзделіп отыр. Бұл жастардың жаңа тәжірибе жинақтап, өз идеяларын дамытуына мүмкіндік береді.
Алайда ең маңыздысы – ауданымызда цифрлық білімге деген қызығушылықтың күннен-күнге артып келе жатқанында. Жастар заманауи технологияларды меңгеруге ұмтылып, түрлі жобаларға белсенді қатысуда. Бұл – болашаққа жасалған үлкен қадам.
Жасанды интеллект пен цифрландыру – уақыт талабы ғана емес, болашақ дамудың негізгі бағыты. Бұл өзгерістер әлем елдерін жаңа деңгейге көтеріп отыр. Біздің еліміз де бұл көштен қалмай, маңызды бастамаларды жүзеге асыруда. Ауданымызда іске асырылып жатқан IT парк, цифрлық оқыту жобалары және жастарға беріліп отырған мүмкіндіктер – өңірдің дамуына серпін беретін маңызды қадам. Цифрлық білімге ұмтылған жас буын – ауданымыздың ғана емес, еліміздің жарқын болашағының кепілі.
Бауыржан ЖҮНІС

















