САНДЫҚ ТЕХНОЛОГИЯЛАР – САПАЛЫ ДАМУДЫҢ КЕПІЛІ
Бүгінде цифрландыру мен жасанды интеллект технологиялары әлемдік дамудың негізгі қозғаушы күшіне айналды. Ақпараттық технологиялардың қарқынды дамуы қоғам өмірінің барлық саласына еніп, экономиканы жаңғыртуға, мемлекеттік басқаруды жетілдіруге және халықтың тұрмыс сапасын арттыруға кең мүмкіндік беріп отыр.
Әлемде технологиялық бәсеке күн сайын күшейіп келеді. Жаһандық көштен қалып қою – мүмкіндіктерден айырылу деген сөз. Осы орайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан цифрлық державаға айналуы керек» деп нақты міндет қойды. Бұл ой Мемлекет басшысының «Turkistan» газетіне берген сұхбатында айқын көрініс тапты.
Президенттің айтуынша, жасанды интеллект – жаңа дәуірдің негізгі қозғаушы күші. Бұл салада артта қалған елдер экономикалық өсімнен де, интеллектуалдық әлеуеттен де қағылады. Сондықтан Қазақстан алдағы үш жылда толыққанды цифрлық мемлекетке айналуды мақсат етіп отыр.
Биыл еліміз үшін тарихи бетбұрыс кезеңі болмақ. Мемлекет басшысы 2026 жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялады. Бұл бастама мемлекеттік басқару жүйесінен бастап, білім беру, денсаулық сақтау, өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығына дейінгі салаларды қамтып, тың серпін бермек.
Жаңа мүмкіндіктер көзі
Цифрландырудың басты артықшылығы – уақыт пен ресурсты үнемдеу, ашықтық пен тиімділікті арттыру. Электронды қызметтер халық пен мемлекет арасындағы байланысты жеңілдетіп, адами факторды азайтуға жол ашты. Бүгінде көптеген қызмет онлайн форматқа көшіп, тұрғындар үшін қолжетімді бола түсті.
Ал жасанды интеллект – цифрлық трансформацияның жаңа деңгейі. Ол үлкен көлемдегі деректерді талдап, нақты шешім қабылдауға көмектеседі. Медицинада ауруды ерте анықтау, білім саласында жеке оқыту траекториясын құру, өндірісте процестерді оңтайландыру жасанды интеллекттің мүмкіндіктері мұнымен шектелмейді.
Сонымен қатар, жасанды интеллект экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал етеді. Ақылды жүйелер еңбек өнімділігін арттырып, жаңа мамандықтардың пайда болуына жол ашады. Бұл өз кезегінде жастардың IT саласына қызығушылығын арттырып, заманауи кадрлар даярлауға негіз болады.
Цифрландыру заман талабы
Қазақстан цифрлық дәуірге қадам басуда әлдеқашан толағай жетістіктерге жетіп қойған. Біріккен Ұлттар Ұйымының жасаған рейтингіне сүйенсек, электрондық үкіметтің даму индексі бойынша Қазақстан 193 елдің ішінде 24-орында тұр. Бұл – әлемдік сарапшылардың бағалауынша өте жоғары көрсеткіш. Ал онлайн қызметтер индексі бойынша, әлемде 10-орыннан көрінді. Рейтинг мемлекеттердің цифрлық қызметтерін, электрондық үкімет инфрақұрылымын және азаматтарға онлайн қызметтердің көрсетілуін бағалайды.
IMD World Digital Competitiveness Ranking, яғни, цифрлық бәсекеге қабілетті елдердің рейтингісінде еліміз 67 елдің ішінде 34-ші орынды алып тұр. Бұл – 2024-2025 жылдарда жасалған рейтинг. Цифрлық бәсекеге қабілетті үздік бестікке енген мемлекеттер: 1-орында Швейцария, 2-орында АҚШ, 3-орында Сингапур, 4-орында Гонконг, 5-орында Дания тұр.
Әлемдік тәжірибе мемлекеттік қызметтердің цифрлануы жемқорлық деген дертке қойылатын қауқарлы тойтарыс екенін көрсетті. Экономика, медицина, білім мен ғылым, құқық қорғау салаларындағы күрделі проблемалар шешімін тауып жатыр. Нақты деректер сөйлесін. Мәселен, әлем елдеріндегі жемқорлыққа қатысты «Transparensy International» ұйымы жыл сайын жемқорлық жайлаған елдердің рейтингісін жасайды. 2020 жылы Қазақстан 94-орынды алған. Сарапшылардың бағалауынша, бұл – сол жылдардағы ең үздік көрсеткіштердің бірі. 2024 жылы 84-орыннан көрінген. «Transparensy International» ұйымы былтырғы көрсеткішті жариялаған жоқ. Ақпан айында жарияланады деп күтілуде.
2024-2025 жылғы ресми деректерге сүйенсек, Қазақстанда мемлекеттің қызметтердің 90-92 пайызы онлайн режимде қолжетімді. Мұнда eGov порталы және басқа да қосымшаларды мысалға алуға болады. Цифрландыру нәтижесінде халыққа қызмет көрсету орталықтарына келетін азаматтардың саны едәуір азайған. Кез келген құжатты жасату үшін ұзын-сонар кезекте тұрмайсыз. Ақпараттандыру жұмыстары да бір ізге қойылған. Құжатыңыздың тіркелгенін, дайын болғанын SMS хабарламалары арқылы ақпараттандырып отырады. Халыққа қызмет көрсету орталығына баруға мәжбүр болған жағдайдың өзінде eGov қосымшасы арқылы кезекке тұрасыз. Бұл жүйеге жасанды интеллект енгізілген. Жасанды интеллект тізімнен қателеспейді, кезекті сапырмайды. Бұлжымас тәртіппен, жүйемен жұмыс атқарады.
Иә, цифрландыру – уақыт талабы. Мемлекеттік қызметтердің электронды форматқа көшуі, онлайн платформалардың дамуы, деректер базасының бірізденуі – мұның бәрі ашықтықты арттырып, халық пен мемлекет арасындағы байланысты жеңілдетті. Бүгінде көптеген қызметті үйден шықпай-ақ алуға мүмкіндік бар, бұл өз кезегінде уақыт пен ресурсты үнемдеуге жол ашты.
Бұл – жай ғана атаулы жыл емес, ел дамуының жаңа бағытын айқындайтын стратегиялық қадам. Президент атап өткендей, ауқымды цифрлық трансформация мен жасанды интеллект технологияларын кеңінен енгізу экономиканың ғана емес, қоғам өмірінің барлық саласына тың серпін береді.
Қорыта айтқанда, цифрландыру мен жасанды интеллект – уақыт талабы ғана емес, ел болашағының берік негізі. Ақылды технологияларды тиімді пайдалану арқылы біз сапалы даму жолына түсіп, өркениетті мемлекеттер қатарынан көрінуге мүмкіндік аламыз.
Ақнұр САҒЫНТАЙ















