Қазақстан Журналистер Одағының қатары жаңа мүшелермен толықты
Байланыс және ақпарат қызметкерлері күні қарсаңында дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын Қазақстан Журналистер одағына жаңа мүшелерді қабылдау және сала үздіктерін марапаттау рәсімі биыл да жоғары деңгейде өтті. Салтанатты жиында журналистика саласының ардагерлері мен белсенді өкілдері құрметке бөленіп, Одақ қатары жаңа мүшелермен толықты.
Жиында Қазақстан Журналистер одағының төрағасы Қуат Шарабидинов сөз сөйлеп, кәсіби мереке қарсаңында Одақ қатарына қабылданып жатқан жаңа толқынды құттықтады. Ол журналистикадағы буын сабақтастығының маңызын атап өтіп, шығармашылық ортаға қосылған әрбір жаңа мүшеге сәттілік тіледі.
Өз сөзінде Қуат Шарабидинов Қазақстан Журналистер одағының «Алтын медалі» осыдан екі жыл бұрын тағайындалғанын атап өтті. Оның айтуынша, марапат қоғамға адал қызмет етіп, кәсібилігімен және азаматтық ұстанымымен ерекшеленген түрлі саланың үздік өкілдеріне табысталады. Алғашқы жылы марапат денсаулық сақтау саласының үздігіне берілді.

Биылғы «Алтын медаль» Қызылорда қаласы Төтенше жағдайлар басқармасының №4 өрт сөндіру бөлімінің бастығы, ІІІ дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін» медалінің иегері Фархад Миранбекұлы Тажиевке табысталды. Ол 2004 жылы Тасбөгет кентінде болған өрт кезінде бір ересек адам мен үш жасөспірім баланы құтқарып, ерлік танытқан.
Салтанатты жиында Қазақстан Журналистер одағының Құрмет грамотасымен ардагер журналист Төлепберген Бектұрғанұлы, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің баспасөз хатшысы Қамбар Ғалымұлы Бекенов және «Халық» газетінің бас редакторының орынбасары – жауапты хатшысы Рыскелді Сәрсенұлы Жахман марапатталды.
Сонымен қатар Қазақстан Журналистер одағының қатарына Жібек Орынбайқызы Баймұратова, Үмбеталы Абибуллаев, Жанар Қазиқызы Қайназарова, Сәкен Ізбасарұлы Қабылов, Құралай Владимирқызы Жақсылық, Қымбатгүл Молыбекқызы Бердеш, Айнұр Мейрамбайқызы Әлімбаева, Айнұр Молдахметқызы Назарова, Айсұлу Ажанханқызы Алданазарова, Малика Бақытжанқызы Тұрғантай, Төребек Төремұратұлы Төремұратов, Назым Жылқайдарқызы Қараева, Гүлдана Нұртайқызы Жұмадинова және Перизат Шайхсламқызы Захрадин қабылданды.
Салтанатты рәсім соңында марапат иелері мен жаңадан қабылданған мүшелерге Қазақстан журналистикасының дамуына қосар үлестері үшін алғыс айтылып, шығармашылық табыс пен толайым жетістік тілінді.

















