Конституция
» » ЭЛЕКТРИК БОЛУДЫ ТАҢДАҒАН СТУДЕНТ ҚЫЗ

ЭЛЕКТРИК БОЛУДЫ ТАҢДАҒАН СТУДЕНТ ҚЫЗ

Техника мен электр энергиясыз – қазіргі заман қоғамын елестету мүмкін емес. Бүгінде электр қуатынсыз өндіріс те, білім беру де, күнделікті тұрмыс та толық жұмыс істей алмайды. Сол себепті электр жүйелерінің үздіксіз әрі қауіпсіз жұмысын қамтамасыз ететін мамандарға деген сұраныс жыл сайын артып келеді. Дегенмен бұл салаға көбіне ер-азаматтар бейім деген қалыптасқан көзқарас әлі де кездеседі. Соған қарамастан, бұл түсінікті өзгертіп, техникалық мамандықты саналы түрде таңдап жүрген қыздар да аз емес.
Солардың бірі – Қармақшы аграрлы-техникалық колледжінің 1-курс студенті, 2009 жылы дүниеге келген Жұлдызай Әмірова. Ол С.Есқараев атындағы №27 орта мектептің түлегі. Қазіргі таңда электрик мамандығы бойынша білім алып жүрген жас студент бұл саланы кездейсоқ емес, бала кезден қалыптасқан қызығушылығының негізінде таңдаған. Жұлдызайдың айтуынша, техникаға деген әуестік ерте жастан басталған. Үйдегі тұрмыстық құрылғылардың қалай жұмыс істейтіні, жарықтың қалай қосылып-өшетіні, электр құралдарының ішкі құрылымы оны бала кезінен қызықтырып келген.
– Кішкентай кезімнен техникаға, жарыққа және түрлі құрылғылардың қалай жұмыс істейтініне қызығатынмын. Әр заттың ішкі құрылысын түсінуге тырысатын едім. Уақыт өте келе осы қызығушылығым электр жабдықтары саласына алып келді, – дейді студент.
Ол үшін электрик мамандығы – тек сым жалғау немесе жөндеу жұмыстары ғана емес, үлкен жауапкершілік пен терең білімді қажет ететін маңызды сала. Себебі электр жүйесіндегі кез келген ұқыпсыздық үлкен қауіпке әкелуі мүмкін. Үйдегі жарықтан бастап, өндірістегі күрделі жүйелерге дейін бәрі электрге тәуелді. Сондықтан бұл салада қателікке жол жоқ. Өз ісіңді жетік меңгеру өте маңызды.
Жұлдызайдың пікірінше, бұл мамандық оған тек кәсіп емес, сонымен қатар үнемі дамуға мүмкіндік беретін бағыт.
– Бұл сала маған өте қызық. Әр жаңа тақырыпты үйренген сайын өзімді дамытып жатқанымды сезінемін. Болашақта өз қолыммен сапалы жұмыс істеп, адамдарға пайда әкелгім келеді.
Бүгінде өндіріс пен технология дамыған сайын техникалық мамандықтардың маңызы артып келеді. Электрик, механик, инженер сияқты мамандарға сұраныс жоғары. Алайда қоғамда бұл сала әлі де ер адамдарға тән кәсіп ретінде қабылданатыны жасырын емес.
Жұлдызай мұндай көзқараспен келіспейді.
Студенттің пікірінше – қыздардың бұл мамандықта аз болуы көбіне электр саласы тек ер адамдарға арналған деген түсініктен туындайды. Бірақ қазіргі уақытта қыздар да техникалық саланы жақсы меңгеріп, өздерін дәлелдеп жүр. Ең бастысы – қызығушылық, білім және жауапкершілік. Колледжде Жұлдызай теориялық біліммен қатар, тәжірибелік сабақтарға да белсене қатысады. Студенттер электр тізбектерін құрастыру, құрал-жабдықтармен жұмыс істеу, қауіпсіздік ережелерін сақтау сияқты маңызды дағдыларды меңгеруде. Мұндай тәжірибелік сабақтар оның мамандыққа деген қызығушылығын одан әрі арттыра түскен.
– Тәжірибелік сабақтар өте қызықты өтеді. Қолмен жұмыс істеп, нақты құрылғылармен айналысу маған ұнайды. Бұл болашақ мамандығымды тереңірек түсінуге көмектеседі, – дейді болашақ маман иесі.
Өндірістік оқыту шебері Аманкүл Қартаңбаева Жұлдызай туралы оң пікірін былайша білдіреді.
– Жұлдызай – білімге құштар, ізденімпаз әрі жауапкершілігі жоғары студент. Ол оқу барысында өз мамандығына деген қызығушылығын көрсетіп, теориялық білімін тәжірибемен ұштастыруға талпынып келеді. Қоғамдық жұмыстарға белсенді қатысып, қатарластары арасында сыйлы, мәдениетті және ұйымшыл қасиеттерімен ерекшеленеді. Әрдайым жаңа білім мен тәжірибе жинауға ұмтылатын, алға қойған мақсатына табандылықпен жететін жас. Оның еңбекқорлығы, шығармашылық қабілеті және белсенді азаматтық ұстанымы болашақта өз саласының білікті маманы болуына сенім ұялатады. Осындай дарынды, тәрбиелі және талапты жастар еліміздің жарқын болашағының кепілі деп білеміз, – дейді жетекшісі.
Жас студенттің алға қойған мақсаты да айқын. Болашақта өз саласының білікті маманы атанып, тәжірибелі электрик болуды көздейді. Ол тек диплом алуды емес, нақты маман ретінде қоғамға пайда әкелуді мақсат етеді.
Қазіргі таңда техникалық мамандықтарға қызығушылық артуда. Соның ішінде жастардың бұл салаға бет бұруы – ел экономикасы үшін маңызды қадам. Жұлдызай сияқты өз жолын ерте таңдап, мақсат қоя білген жастардың қатары көбейген сайын, білікті мамандар саны да арта түспек.
Ж.Әмірованың таңдауы – қоғамдағы қалыптасқан стереотиптерді бұзып, өз қабілетіне сенудің айқын көрінісі. Оның табандылығы мен білімге деген құштарлығы – тек жеке жетістік емес, техникалық мамандықтарға бет бұрған жастарға үлгі. Еңбек пен білімге сүйенген осындай жастардың арқасында еліміздің болашағы да нық болары сөзсіз. Жұлдызай қарындасымызға алдағы уақытта тек сәттілік тілейміз.
Бауыржан ЖҮНІС

30 маусым 2026 ж. 94 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№49 (10517)

30 маусым 2026 ж.

№48 (10516)

27 маусым 2026 ж.

№47 (10515)

23 маусым 2026 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 3 383
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

ҚЫС КӨРІНІСІ
10 қаңтар 2026 ж. 907

Жаңалықтар мұрағаты

«    Маусым 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930