ТУҒАН ЖЕРДІ ТҮЛЕТУ – ОРТАҚ ИГІЛІК
Еліміздегі атқарылып жатқан жұмыстардың маңыздысы – көгалдандыру. Жасыл желек экологиялық ахуалды жақсартып, ауадағы шаң-тозаңды азайтуға және тұрғындардың денсаулығына оң әсерін тигізетіні белгілі.
Жосалы кентіндегі көше бойына егілген талдардың басым бөлігіне 50 жылдан асқан. Уақыт өте келе дарақтанып өскен ағаштар көшенің көркін төмендетіп қана қоймай, электр желілері мен газ құбырларына да кері әсерін тигізе бастаған. Осыған байланысты көше бойындағы талдарды жасарту және жаңа көшеттер отырғызу жұмыстары қолға алынды.
Аудан әкімінің қолдауымен 2024 жылдан бастап тұзды жерге төзімді ағаш түрлерін отырғызу тәжірибесі енгізілді. Алғашқы кезде бұл бастамаға күмәнмен қарағандар да болды. «Бұған дейін көк шықпаған жерге ағаш өсе ме?» деген пікірлер айтылғанымен, заманауи тәсілдер мен жүйелі жұмыстың нәтижесінде бұл бастама өз тиімділігін көрсетіп отыр.
2024 жылдың сәуір айынан бастап Қорқыт ата, Аманкелді және Тәуекелов көшелеріне үйеңкі, катальпа, бозарша секілді ағаш көшеттері отырғызылды. Жұмыстың нәтижелі болуы өткен жылы Абай көшесі, Жасыл белдеу аумағы мен саябақтарды көгалдандыру жұмыстарын жалғастыруға мүмкіндік берді. Сонымен қатар өткен күзде Ү.Томанов көшесінің бойындағы топырақ өңделіп, егілген көшеттерді малдан қорғау мақсатында арнайы ағаш қоршаулар орнатылды.
Осы жылдың сәуір айында Рысқұлов, Томанов көшелері мен саябақ аумақтарына қосымша көшеттер егілді. Егілген ағаштардың шығымын арттыру үшін тыңайтқыш беріліп, жүйелі суару жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуде. Қолда бар мүмкіндіктерді тиімді пайдалану мақсатында тамшылатып суару әдісі де қолданылуда. Жүргізілген жүйелі жұмыстардың нәтижесінде 2024-2026 жылдар аралығында егілген 10 мыңға жуық көшеттің 90 пайызы көктеп, өсіп келеді. Бұл – кентті жасыл желекке айналдыру бағытындағы нақты жетістік.
Алайда көгалдандыру жұмыстары тек ағаш отырғызумен шектелмейді. Оның ең күрделі тұсы – егілген көшеттерді күтіп-баптау және суару. Қазіргі таңда аудан аумағында көшелерге ғана емес, ауыл сыртындағы алқаптарға да тал-дарақтар егілуде. Осыған байланысты суару жұмыстарын толық әрі уақытылы жүргізу үлкен қиындық тудыруда. Себебі барлық көшетке бірдей көңіл бөлу мен уақытылы суару – аса үлкен жауапкершілік пен жүйелі еңбекті талап етеді. Осы мәселе жөнінде Жосалы кенті әкімшілігінің жетекші маманы Ерлан Аралбайұлы өз пікірін білдірді.
– Жұмыс барысында қиындықтар туындап жатады. Әрбір талға дер кезінде күтім жасау, оны бақылауда ұстау оңай іс емес. Бұл жерде сабырлық пен шыдамдылық қажет. Көгалдандыру – бір күндік жұмыс емес, ол ұзақ уақытты талап ететін үдеріс. Барлығына бірдей көңіл бөлу үшін тұрақты еңбек пен жүйелі бақылау керек, – дейді ол.
Сонымен қатар маман көшеттердің сақталуына кедергі келтіретін тағы бір маңызды мәселені атап өтті. Ол – егілген жас ағаштарға мал мен үй жануарларының зиян келтіруі.
Көркейту жұмыстарының табысты болуы тек – мемлекеттік мекемелер қызметкерлеріне ғана емес, жергілікті тұрғындардың да жауапкершілігіне тікелей байланысты. Егілген әрбір ағаш – ортақ игілік.
Қорытындылай келе, кентті көгалдандыру – бір сәттік науқан емес, жүйелі түрде атқарылатын ұзақ мерзімді еңбек. Бұл бағыттағы әрбір атқарылған жұмыс – табиғатты қорғауға, елді мекеннің экологиялық ахуалын жақсартуға және келешек ұрпаққа жасыл орта қалдыруға бағытталған маңызды қадам. Жасыл желегі жайқалған Жосалы – тек бүгіннің емес, ертеңнің де жарқын бейнесі. Әрбір егілген көшет – болашақ ұрпақтың тынысы, табиғатқа деген жауапкершіліктің белгісі.
Табиғатты аялау – өз болашағымызды қорғау. Сондықтан ауданымыздың жасыл баққа айналуы туған жерін сүйетін әрбір жанның ортақ ісі.
Бауыржан ЖҮНІС















