БІРЛІК – ЕЛДІҢ ӘЛ-АУҚАТЫН АРТТЫРУДЫҢ БАСТЫ КЕПІЛІ
Өздеріңіздің қолдауларыңызбен өткен жылдың 19 мамыры күнгі сайлау қорытындысымен Жосалы кентінің әкімі лауазымына сайланған болатынмын.
Сайлауалды бағдарламамда көрсетілгендей, мақсат-міндеттерді жүзеге асыруда туған жеріме адал қызмет етуді, Мемлекет басшысының саясатын жергілікті жерде іске асыруды, облыс, аудан әкімдерінің қолдауымен Жосалы кентін заман талабына сай көгалдандыру, абаттандыру, елдің әлеуметтік-экономикалық ахуалын жақсартуды мұрат тұттым. Себебі, тұрғындардың жайлы өмір сүруін қамтамасыз ету – бұл мемлекет пен жергілікті басқару органдарының басты бағыттарының бірінен саналады.
Алғаш осы лауазымға сайланған кездегі қолға алған шаруамның бірі – елді мекенді көгалдандыру болды. Оның да өзіндік себебі бар еді, көшелерге егілген талдардың алды 50 жылдан асқан, дарақтанып өскен талдар көшенің сәнін кетіріп, екінші жағынан электр желілері мен газ құбырларына кері әсерін тигізіп тұрған-ды. Сонымен қатар көгалдандыру – елді мекеннің экожүйесін жаңғыртып, ауадағы шаңтозаңды басып, адамдардың денсаулығына пайдасын тигізетін маңызды жұмыс.
Осы бағытта кент көшелеріне, оның ішінде ағаш құтаймай келе жатқан тұзды жерлерге төзімді талдарды егу тәжірибесін енгіздім. Бастапқы кезде бұл тірлікке күмәнді көзқараспен қараушылардың болғаны жасырын емес. «Осыған дейін көк шықпаған жерге не әурешілік, еріккеннің ермегі» дегендер де болды. Бірақ күмән бұлты сейіліп, идеямыз шындыққа айналды. Қазір ХХІ ғасыр – ғылым мен техниканың, мол мүмкіндіктер ғасыры деп бекерге айтылмаса керек.
Жан-жақты зерделей отырып, 2024 жылдың сәуір айынан бастап Қорқыт ата, Аманкелді, Тәуекелов көшелеріне клень, катальпа, туя сияқты талдардың көшетін отырғыздық. Бастамамыз нәтижелі болған соң, осы жылы Абай көшесі мен Жасыл белдеу аумағын, саябақтарды көгалдандыру қолға алынды.
Егілген көшеттердің шығымын жақсарту мақсатында уақытылы тыңайтқыш беріліп, жүйелі түрде суарылды. Қолда бар мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып, тамшылатып суару әдісі де қолданылды. Нәтижесінде егілген көшеттердің 90 пайызы көктеді.
Қазір Ү.Томанов көшесі бойының топырағын өңдеп, жергілікті жерде өсіп жүрген қара тал мен клень талдарының күзгі көшеттерін отырғызып, малдың аузынан қорғау үшін ағаш шартақпен қоршалып жатыр.
Бұл бастама жыл сайын кезең-кезеңімен басқа көшелерге де жасалатын болады.
«Ауыл – ел бесігі» жобасы – ауылдық елді мекендерді дамытуға бағытталған мемлекеттік жоба. Мақсаты – ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыру, әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды жақсарту, елді мекендердің келбетін көркейту.
Қазіргі таңда Жосалы кентінде тұрғындар қоныстанған 128 көше бар. Оның ішінде 97 көшесі асфальтталған (76 пайыз), 20 көшесі қиыршық тасты (16 пайыз), 11 көшесі топырақты (8 пайыз).
«Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында және аудан әкімінің қолдауымен жыл сайын көшелеріміз жөнделіп, нәтижесінде жақсы жағдайдағы жолдың үлесі артып келеді.
Мәселен, 2024 жылы 6 көшеміз (С.Ысқақов, Ү.Томанов, С.Кшенов, Ж.Әділова, Меңей батыр, Тоғанас батыр) асфальтталса, 2025 жылы 4 көшемізге (Келмембет батыр, Н.Нақыпов, Алтынасар, М.Шыңғысов) жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Оның ішінде Алтынасар, М.Шыңғысов көшелері халық игілігіне пайдалануға берілді.
Бұған қосымша Қабылан батыр, К.Қаракөзов, Ә.Әлиасқаров, Береке көшелерін күрделі жөндеуге, Сырлытам, Тәуелсіздік, Ақмаржан, Сырдария көшелерін орташа жөндеуге, 20 көшеге қиыршық тас жолын салуға жоба-сметалық құжат әзірленіп, ұсынылды. Егер осы ұсынылған жобалар бойынша тиісті қаржы бөлінсе жақсы жағдайдағы жолдың үлесін 90 пайызға дейін көтеріп, топырақты жолды мүлдем болдырмауды жоспарлап отырмыз.
Тұрғындардың қауіпсіз әрі жайлы өмір сүруін қамтамасыз ететін маңызды инфрақұрылымның бірі – көшенің түнгі жарығы.
Қазіргі таңда Жосалы кентінде тұрғындар қоныстанған 128 көшенің 110 көшесінде түнгі жарық бар. Бұл негізгі көшелердің 86 пайызын құрайды.
Сонымен қатар, 9 көшенің 544 дана жарық бағаналары декоративті жарықпен безендіріліп, кенттің түнгі келбетіне ерекше жарықпен сән беріп тұр.
2024 жылдан бастап қуыс әрі тұйық, қысқа 19 көшені жарықтандыру мақсатында 167 дана бағана мен қажетті тауарларын сатып алып, С.Есқараев, Молдахмет жырау, І.Мүсірбаев көшесінің Жалағаш трассасына шығатын жолы, Сейітжан ақын тұйығы, Алтынасар, Е.Сексенбаев, А.Боханов, Сырлытам, Балқы Базар, Иманәлі, Жосалы, Энгельс, Ғарыш, Ә.Жангелдин, Ынтымақ, Ә.Молдағұлова, М.Әуезов тұйығы, Наурыз (Мерси қуысы) көшелеріне демеушілікпен түнгі жарық бағаналарын орнату жұмыстарын жасадық. Нәтижесінде қаржы мен уақытты үнемдей отырып, сапалы жұмыс жасалды.
Бұған қосымша Т.Ізтілеуов, Келмембет батыр, Тоғанас батыр, Меңей батыр, Мәдірайым ишан, Қ.Қазантаев, Қабылан батыр тұйығы, Н.Нақыпов, І.Тұрмағамбетов, Қалқай ишан, С.Кшенов көшелерін жарықтандыруға жоба-сметалық құжат әзірленіп, тиісті бюджетке ұсыныс өткізілді. Егер ұсынылған жобамыз қолдау тапса, Жосалы кенті 100 пайыз түнгі жарықпен қамтылатын болады.
Сонымен қатар, Ардагерлер саябағына «Г» формада 64 дана бағана орнатылып, декоративті лентамен жарықтандырылды.
Абаттандыру дегеніміз – елді мекен көшелерін, қоғамдық орындарды көркейтіп, тұрғындарға қолайлы, қауіпсіз және әдемі жағдай жасауға бағытталған жұмыстардың жиынтығы. Соңғы екі жылда осы мақсатта аудан әкімі Жандос Еркінбекұлының қолдауымен Жосалы кентінде қарқынды жұмыстар жүріп жатыр десем, артық айтқаным емес.
2024 жылы Қ.Жолдыбаев, Т.Рысқұлов көшесінің дарияға дейінгі бөлігі мен кенттің шығыс бетін аяқсумен қамтамасыз етіп отырған ең үлкен Шығыс каналының жағасына жаяу жүргінші жолы салынып, жол бойына саябақ орындықтары мен қоқыс жәшіктері, жарық шамдар орнатылған болатын. Абай көшесі мен І.Мүсірбаев көшелерінің бойына шағын саябақтар салынса, елді мекенге кіреберіс аймаққа Жосалы кентінің паспорты әзірленіп, қойылды. 2025 жылы Н.Байзақтегі көшесіне де жаяу жүргінші жолы салынды.
Шығыс каналының бойы адам өмірі қауіпсіздігі үшін темір шартақпен қоршалып, әрленді.
Бұл салынған жолдар мектепке баратын оқушылар мен аудандық емханаға келушілер үшін қолайлы әрі қауіпсіз қозғалысты қамтамасыз етті. Сонымен қатар, аудан әкімінің қолдауымен Т.Рысқұлов көшесіне жаяу жүргіншілер жолы салынды. Нәтижесінде көше бойына және осы көшемен байланысатын өтпе жолдар, оның ішінде тұрғындар көп жүретін «Марал» сән салоны, «Достық» ет дүкені, «Мағжан» кафесі, «Адина», «Орда», «Зұлхарнай», «Салтанат», «Бөпемай», «Технодом», сияқты ірі сауда орындарына баратын жолдарды қамти отырып, заман талабына сай жаяу жүргіншілер жолы, сауда нысандары алдына көлік тоқтайтын тұрақтар қоса жасалды.
Бұл – кенттің сәулеттік келбетін ашып қана қоймай, тұрғындардың жайлы өмір сүруіне, қауіпсіздігіне ықпал ететін маңызды жоба болды.
Кенттің шығыс бетінде теміржол өткелі мен Жалағаш трассасына дейін созылып жатқан М.Шоқай, Ү.Томанов көшелеріне, №105 мектеп-лицей айналасындағы Е.Қойшыбаев, Х.Жомартов көшелеріне де жаяу жүргінші жолдары салынуда. Сонымен қатар, тұрғындарға жайлылық сыйлайтын, кенттің сәулеттік келбетіне ерекше сән беретін Т.Рысқұлов тұйығына жаяу жүргінші жолын салу, Е.Сексенбаев көшесі бойына демалыс орнын салу сияқты жобаларымыз басталуда.
Құрылысы аяқталмаған жобалар жыл соңына дейін пайдалануға берілетін болады.
Ал балалар ойын алаңы және футбол алаңдары – тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізуіне, саламатты өмір салтын ұстануына мүмкіндік беретін спорттық нысандар.
2024 жылы Д.Мырзағалиева және Ә.Жаназаров көшелеріне балалар және футбол алаңдары салынып, пайдалануға берілген болатын. Бұл бастама 2025 жылы да жалғасын тауып, І.Мүсірбаев пен М.Құдабаев көшелерінен дәл осындай ойын алаңдары салынды. Бұған қосымша тұрғындардың өтінішіне сәйкес, С.Кшенов көшесінен де ойын алаңының құрылысы басталып жатыр. Алдыңғы жылдары салынған ойын алаңдарының сынған, бүлінген заттарына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, балалардың қауіпсіз ойнауына мүмкіндік жасалды.
Жалпы қазіргі таңда Жосалы кентінің 15 жерінде балалар және футбол алаңдары жұмыс істеп тұр.
Мұндай алаңдар елді мекендердің абаттандыру деңгейін арттырып қана қоймай, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартады. Денешынықтыру және спорт саласына жасалған осындай қамқорлықтың нәтижесінде күнделікті дене жаттығуларын жасап, ертемен серуенге шығатын адамдар саны артып келеді.
Дегенмен, елді мекен келбетінің сәнді болуы – тікелей тазалыққа байланысты екені белгілі.
Осы бағыттағы жұмыстарымызды жүйелі жүргізіп, күнделікті көшелер мен саябақтардың тазалығын қамтамасыз етіп келеміз.
2025 жылдың 10 айы көлемінде ұйымдастырылған сенбіліктер мен жұмысшылардың күшімен 10 000 метр саябақтар мен скверлердің темір шарбақтарын, 500 дана жарықтандыру бағаналарын түрлі-түсте сырлап, 5000 ағаш түптері, 100 шақырым бордюр әктелді, 100 шақырым автомобиль жолына жолақтар сызылып, 32 шақырым аяқсу, арықтары тазартылды, көше бойына шыққан жабайы шөптер шабылып, 4252,40 текше метр қоқыс полигонға шығарылды.
Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Таза Қазақстан» экологиялық фестивалінде «Тазалық әр адамнан, әр үйден, әрбір көше мен әр қаладан басталуы керек. Өйткені «Таза Қазақстан», бұл – бір күндік науқан емес. Бұл – біздің өмір салтымыз» деген болатын. Сондықтан тазалық жұмыстары жыл көлемінде жүйелі жалғасын таба береді.
Елді мекенді көркейту, көгалдандыру үшін аяқсудың маңыздылығы зор. Бүгінгі таңда Жосалы кентінде тұрғындар қоныстанған 128 көшенің 86 көшесі аяқсу арығымен қамтылған.
Жалпы кентте 74 шақырым аяқсу арықтары бар. Оның ішінде 32 шақырымы негізгі, 42 шақырымы көшеаралық арықтар.
Аяқсу бес бағытта – Шығыс, Амангелді, Рысқұлов, Мұратбаев, Батыс каналдары арқылы беріледі. Барлық каналдар электрлі насоспен қамтылған.
Биыл 25 сәуірден 15 қыркүйек аралығында аяқсу берілді.
Судың кедергісіз жүруін қамтамасыз ету мақсатында көктемде 11,8 метр арықтар мен су өткізетін трубалардың іші тазартылып, тұрғындардың өтінішімен І.Мүсірбаев, М.Құдабаев, Жамбыл, Т.Рысқұлов, Т.Көмекбаев көшелеріне 320 метр аяқсу арығы қазылды.
Дегенмен, тұрғындардың басым көпшілігі үйлерінің тұсынан арық қаздыртуға келіспей жатады. Себебі, бір көшенің бойында орналасқан тұрғындардың 70-80 пайызы үйіргелік жерлерін пайдаланбайды екен.
Жалпы бюджет қалыптаспай, елді мекеннің санитарлық тазалығын, абаттануын, көркеюін қамтамасыз ету мүмкін емес. Ал бюджет салық және бюджетке төленетін басқа төлем көздерінен қалыптасады.
Осы ретте, салық түсімдерін ұлғайту, инвестиция тарту, салыққа берешектерді өндірту жұмыстары нәтижесінде 2025 жыл басында 174,7 млн теңгеге жоспарланған 4-ші деңгейлі бюджетіміз 10 айдың қорытындысымен 250 млн теңгеге дейін артты.
Қадірлі жерлестер!
Сіздердің жылына бір рет төлейтін салықтарыңыз Жосалы кентін көгалдандыруға, абаттандыруға, түнгі жарықпен қамтамасыз етуге, саябақтарды күтіп ұстауға жұмсалып отыр.
Елдің дамуына айрықша әсер етіп тұрған кәсіпкерлік саласы – табыс табу арқылы отбасының әл-ауқатын көтереді және жергілікті бюджетті толықтыруға үлкен үлес қосады.
Қазіргі таңда ел экономикасының маңызды тетігі саналатын осы саланы дамытуға мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетіліп келеді.
Бүгінде Жосалы кентінде 1403 тұлға кәсіпкер болып тіркелген. Оның ішінде жұмыс жасап тұрған кәсіпкерлер саны 1345 бірлікті құрайды. Бұл тіркелген кәсіпкерлік субьектілерінің 95,8 пайызын құрайды.
2025 жылдың 10 айында қаржы ұйымдары тарапынан 31 жобаға 758 млн 400 мың теңге несие қаражаты, 33 жобаға 51 млн 902 мың теңгенің қайтарымсыз гранты берілді.
2025 жылға жоспарланған 10 цехтың 9-ы ашылды.
Жалпы қазір 35 шағын өндірістік цех жұмыс жасап тұр.
Тиімді әрі нәтижелі атқарылған кез келген жұмыстың бағаланар өз деңгейі болады. Облыс, аудан әкімдерінің қолдауымен және Сіздердің сенімдеріңіздің арқасында 2024 жылы Жосалы кенті «Үлгілі аудан орталығы» номинациясын жеңіп алды.
Бұл Сіздермен бірлесе атқарған жұмыстардың жемісі деп білемін.
Құрметті жерлестер!
Мен өзім кент әкімі болып сайланған уақыттан бастап атқарылған негізгі жұмыстарға тоқталдым.
Алдағы уақытта да Жосалы кентінің инфрақұрылымын дамыту, аудан орталығын көркейту, көгалдандыру және абаттандыру бағытындағы жұмыстарды заман талабына сай жандандырып, жүйелі түрде жүзеге асыратын боламыз.
Әрбір атқарылған іске Сіздердің қолдауларыңыз бен сенімдеріңіз бізге зор күш-қуат береді.
Сондықтан жергілікті билік пен халықтың бірлігі кез келген қиындықты еңсеріп, туған жеріміздің қарқынды дамуына жол ашады.
Еліміз аман, жұртымыз тыныш, бейбітшілік заман болсын!
Алмасхан ӘРІПХАНҰЛЫ ДОСМҰРАТОВ,
Жосалы кентінің әкімі














