ҒЫЛЫМ ЖОЛЫНДАҒЫ ҒҰМЫР
Студентпіз. Алтын ұя мектебімізбен қоштасып, өміріміздің келесі баспалдағы, ғасырға жуық тарихы бар іргелі де ілгері оқу ордасы – Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетіне оқуға қабылданғанымызға көп бола қойған жоқ. Алаштың айбозы Әбіш Кекілбаев атындағы абажадай кең дәрісхана. Лекторды күтіп отырмыз. Сағат тілі 8:30-ды көрсете бере, дәрісхананың есігі ашылды. Күнделікті дәріс беретін ағайымыз келді деп ойладық. Болжамымыз расталмады, дүдәмәліміз дұрысқа шықпады. Әйел оқытушы екен. Бәріміз бейтаныс ұстазға көз алмай қарап отырмыз. Ұзын бойлы, киімі кіріштей ұстаз өзін Алмауытова Әсия Базарбайқызы деп таныстырды. Лектордың іссапарға кеткенін, уақытша дәрісті өзі жүргізетінін айтты да, сабақты бастап кетті.
Отыз минут өтсе де, ың-шыңсыз дәрісті бастап, бізді ұршықша иіріп, игере әкеткен, жүзге жуық студенттің алдында қысылмай-қымтырылмай, кідірместен-мүдірместен сөйлеп тұрған ұстазға бәріміз де қайран қалып, көз аудармастан қараймыз. Жайдары жүзінен нұр шашылып, күлімдеген көзінен сәуле тарап, алыстағы ата-анасын, жырақтағы жақындарын сағынған біздің тоңған жанымызды жылытатындай. Биязы болмыс, қарапайым қалып иесінің аузынан түскен әр сөзін санамызға сіңіріп алайық дегендей бар ыждағат-ынтамызбен тыңдап отырмыз. Қоңырау уақытының таяп қалғанын сезсек те, қаққан қазықша қозғалар емеспіз. Ұстаз пейілді болса, шәкірт зейінді болмай ма, парасат-пайымының жоғары, білімбілігінің көп екендігі бір көргеннен-ақ байқалатын ұстазымыздың дәрісі қызықтыра түсуде. Жаңа ақпарат естіген сайын іштей дәрістің аяқталмауын тілеп, «алтын шыққан жерді белден қазып» апайымыздан мол мағлұмат, көп кеңес алып алмақ ниеттеміз.
Қоңырау соғылды. Дәріс те аяқталды. Бәріміз ұстазбен қоштасу үшін партадан түрегелдік. Құлықсыз күйде. Лекторға қос көзіміз жәудіреп қимай қарайтындаймыз. Жүрегін мейірімге мекен еткен жан біздің қимайтынымызды сезгендей, арғы оқу жылында бірнеше пәннен өзі дәріс жүргізетінін айтып, жылы қоштасты.
Кейін келе ауданға келген соң, Ә.Алмауытованың қармақшылық екенін естідім. Өн бойымды мақтаныш сезімі кернеп, туған өлкемнің топырағынан осындай ұлағатты ұстаздың түлеп-ұшқанына бек қуандым.
Әсия Базарбайқызы 1973 жылы 6 ақпанда ауданға қарасты Ақтөбе ауылында дүниеге келген. 1979 жылы Қармақшы ауданындағы №109 орта мектептің табалдырығын аттап, аталмыш оқу ордасын 1989 жылы бітіріп шығады. Содан соң қазір өзі қызмет атқаратын Қызылорда қаласындағы Қорқыт ата атындағы педагогикалық институтта 1990-1994 жылдары «қазақ тілі мен әдебиетіне қосымша араб тілі» мамандығы бойынша кәсіби біліктілік алу мақсатында білімін толықтырады.
1994 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің Шығыс тілдері кафедрасына оқытушы болып қабылданған соң аға оқытушы, факультет деканының орынбасары, 2006-2010 жылдары кафедраның меңгерушісі қызметін атқарады.
1998-2003 жылдар аралығында А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында ғылыми ізденуші болып, 2004 жылы филология ғылымдарының докторы, профессор Ж.Манкееваның ғылыми жетекшілігімен институттың Диссертациялық кеңесінде «Қазақ тіліндегі киім атауларының этнолингвистикалық табиғаты» тақырыбында кандидаттық диссертациясын қорғайды.
2010-2013 жылдар аралығында Алматы қаласындағы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті Қазақ филологиясы кафедрасының аға оқытушысы болып, шәкірт шыңдайды да, өскен өңір, түлеген өлкесіне қайта оралады.
2013 жылдан бері Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті «Қазақ тілі мен әдебиеті және журналистика» кафедрасының аға оқытушысы, 2021 жылдың қыркүйегінен 2025 жылдың қыркүйегіне дейін «Қазақ тілі мен әдебиеті және журналистика» білім беру бағдарламасының жетекшісі қызметін атқарып келген ол – бүгінде аталған білім беру бағдарламасының қауымдастырылған профессоры.
Ғалымның ғылыми ізденістері қазақ тілінің лексикологиясы, лексикографиясы, этнолингвистика және лингвомәдениеттану салаларымен тығыз байланысты. Оның зерттеулері ұлттық құндылықтарды тіл арқылы танып-білуге бағытталғанымен ерекшеленеді.Осы күнге дейін 2 монография, 1 оқу құралы, 50-ден аса ғылыми мақаласы отандық және шетелдік басылымдарда жарық көрген.
Мерейлі маман ел жолындағы ерен еңбегі, тіл үшін жасаған қажырлы қызметі үшін 2019 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің «Қорқыт ата атындағы алтын медалімен», «Үздік түлек», 2020 жылы «Үздік оқытушы» медальдарымен және 2023 жылы ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің Алғыс хатымен, өткен жылы министрліктің Құрмет грамотасымен марапатталған.
Асқар тау әкең мен аяулы анаңның тәлімтәрбиесі өмірдің бұралаң да бұлдыр, қиын да қиырман-қиырман жолдарында жолбағдар болып, талай сыннан алып өтеді. Содан болар «Баланың бас ұстазы – ата-ана» дейді дана қазақ.
Әсия Базарбайқызы да өнегелі отбасы, берекелі шаңырақта өмір есігін ашып, әке тәлімін алып, ана өнегесін көрген.
Әкесі – «Халық ағарту ісінің үздігі» төсбелгісі мен КСРО Оқу министрлігі, ғылым және оқу орындары Жоғары кәсіподағының Құрмет грамотасының иегері Базарбай Алмауытов. Ол – өмірін ұстаздыққа арнаған жан. №29 мектепте мұғалім, №109 мектепте мектеп директорының орынбасары қызметтерін атқарса, №107, №109 орта мектептің директоры болған. Ал 1987-1996 жылдар аралығында №109 мектепте биология пәнінің мұғалімі қызметін абыроймен атқарып, зейнеттік демалысқа шыққан.
Әкесі Б.Алмауытовпен шаңырақ көтеріп, жанұя жүгін көтерісіп, ғұмыр мұнарасын қаласқан анасы Ақкеніш Алмауытова да – ұлағатты ұстаз.
«Ақырын жүріп анық бас,
Еңбегің кетпес далаға.
Ұстаздық еткен жалықпас,
Үйретуден балаға» деген Абай сөзін санаға түйген ол педагогикалық училищені бітіргеннен бастап, 1995 жылы еңбек демалысына шыққанға дейін 40 жылға жуық уақыт бойы бастауыш сынып мұғалімі болды.
Мұғалімдікке мамандық ретінде емес, миссия ретінде қараған ерлі-зайыпты ел баласын өздерінің үш ұл, төрт қызынан кем көрмей, тәрбиелеп, үлкен өмір жолына аттандырады.
Әсия Базарбайқызының бауырлары да – дүниенің кетігіне кірпіш болып қалана білген іскер жандар. Ағасы Ғали – жеке кәсіпкер, інілерінің бірі Сәбит – мұнай өндіру компанияларының топ менеджері, мұнай компаниясы директорының бас кеңесшісі болса, екінші інісі Дәурен – «Торғай- Петролеум» компаниясында бас маман. Сіңлілері – Зәуре – жоғары білімді эколог, өндірістік оқыту шебері, Әлия – журналист, кіші сіңлісі Әйгерім – Алматы қаласында дәрігер.
Бүгінде Әсия Базарбайқызы – жолдасы Қыдырбай Медетовпен Айғаным есімді қыз тәрбиелеп отырған ардақты ана.
Қасиеттің құндағы, киенің көмбесі болған ауданымыздың топырағынан түлеп ұшқан түлек – ғылымға адал қызмет етіп келе жатқан тұлға. Оның еңбегі – тек бір адамның жетістігі емес, тұтас қазақ тіл білімінің дамуына қосылған үлкен үлес.
Қармақшы қарлығаштары – аудан абыройын арттырған рухы бекем, жаны берік жандар. Солардың қатарында жүрген ұлағатты ұстаздың өнегеге толы өмір жолы – ізденіс пен еңбектің, білім мен ғылымға деген адалдықтың жарқын үлгісі. Ал еңбекпен өрілген өмір мен ғылым жолындағы ғұмырдың иесі қашан да құрметке лайықты.
Ердәулет НҰРЛАНҰЛЫ













