Конституция
» » ҰБТ-ДАН 134 БАЛЛ ЖИНАДЫ

ҰБТ-ДАН 134 БАЛЛ ЖИНАДЫ

Алтын ұясынан қанат қағып, арманын ақиқатқа айналдыруды талап тұтқан жас түлек үшін ҰБТ – маңызды сынақ. Осындай жауапты кезеңде жоғары нәтиже көрсету үлкен дайындық пен төзімділікті қажет етеді. ЖОО-на түсуге ниеттенген әр түлек тапсыруы тиіс сынақтан сүрінбей өткендердің бірі – Байқоңыр қаласындағы №273 орта мектептің 11-сынып оқушысы Назым Елубаева.
Тестілеуден 134 балл жинаған ол болашақта педагогика бағытын таңдап, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болуды армандап отыр.
– Мектепте белсенді оқушылардың қатарында болдым. Сабақ үлгерімім де әрдайым жақсы деңгейде болды. Әсіресе қазақ тілі мен әдебиеті пәніне деген қызығушылығым ерте қалыптасты. Болашақ мамандығымды да осы саламен байланыстыра алдым. Мектеп жылдарында түрлі пәндік олимпиадаларға қатысып, жүлделі орындарды иелендім. Осы жетістіктерімнің негізін қалаған қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Гүлмира Раманқұловаға алғысым шексіз.
Бұл жаңалықты мектебім ерекше қуанышпен қабылдады. Ұстаздарым, сыныптастарым мен ата-анам құттықтап, қуанышымды бөлісті. Алтын ұяма жақсы жаңалық сыйлай алғаныма өзімді бақытты сезіндім. Мектебімнен әлі талай дарынды түлек түлеп ұшып, биік белестерді бағындыра берсе екен деп тілеймін. Ал өзім бір жетістікпен тоқтап қалмай, алдағы уақытта да жаңа белестерді бағындырып, мектебімнің мерейін, елімнің абыройын үстем етуге күш саламын, – дейді жас түлек.
Назымның бұл жетістігі – тек өзінің ғана емес, оны білім нәрімен сусындатқан ұстаздарының, үнемі қолдау көрсеткен ата-анасының да ортақ қуанышы, сонымен қатар үздіксіз ізденістің нәтижесі ғана емес, ардақты ата-ана мен ұлағатты ұстаз еңбегінің өтеуіндей. Үміттерін ақтап, сенімдеріне селкеу түсірмеген шәкірттеріне мектеп мұғалімдері де дән риза.
– Көпшілік жастар техникалық немесе экономикалық бағыттағы мамандықтарды таңдап жатқан заманда Назым ана тілі мен ұлттық әдебиетті таңдап, оны жоғары деңгейде қорғап шықты. Әдебиет пәнінен жоғары балл алу үшін тек ереже жаттау жеткіліксіз. Оған жүзден астам шығарманың мазмұнын терең ұғу, кейіпкерлердің ішкі әлемін сезіну, сөз қадірін түсінетін таным мен интуиция қажет.
Назымның 134 ұпайы – қазақ сөз өнерінің құдіретін және оны заманауи жастардың да жоғары деңгейде меңгере алатынын дәлелдеген нақты айғақ.
Бұл нәтиженің артында ұйқысыз түндер, жүйелі дайындық пен үлкен тәртіп тұр. Келесі жылдары ҰБТ тапсыратындарға Назымның жолы – үлкен мектеп, – дейді сынып жетекшісі Жаңагүл Махамбетиярқызы.
Иә, ақылдыға алынбайтын асу, білімдіге бағынбайтын белес жоқ. Ел ертеңі, мемлекет болашағы да жалынды жастың қолында. Білім бәйгесінде озаттар арасынан орын алған Назымды айтулы жетістігімен құттықтай отырып, алдағы оқу жолында толағай табыстар, биік белестер мен жарқын болашақ тілейміз. Жолың болсын, жас түлек!
Ердәулет НҰРЛАНҰЛЫ
13 маусым 2026 ж. 278 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№50 (10518)

04 шілде 2026 ж.

№49 (10517)

30 маусым 2026 ж.

№48 (10516)

27 маусым 2026 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 3 410
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Мәдениет

ОРДАЛЫ ЖЫРДЫҢ ОРАҒЫ

ОРДАЛЫ ЖЫРДЫҢ ОРАҒЫ

21 маусым 2026 ж.

Суреттер сөйлейдi

ҚЫС КӨРІНІСІ
10 қаңтар 2026 ж. 923

Жаңалықтар мұрағаты

«    Шілде 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031