» » ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІДЕГІ ӘДЕПСІЗДІК: ӘЛЕККЕ САЛҒАН ӘДЕТ

ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІДЕГІ ӘДЕПСІЗДІК: ӘЛЕККЕ САЛҒАН ӘДЕТ

XXI ғасыр ақпараттық технологиялардың ғасыры ретінде тарихта қалары сөзсіз. Бүгінде гаджеттер мен әлеуметтік желілер адамзаттың күнделікті өмірінің ажырамас бөлігіне айналды. Алаулап атқан таңнан рауандап батқан кешке дейінгі уақыттың едәуір бөлігі смартфонға үңілумен өтеді. Жас та, жасамыс та әлеуметтік желілер арқылы білім алады, пікір алмасады, кәсіп жүргізеді. Бір қарағанда, мұның бәрі қоғамның дамуына оң әсер ететін үрдіс сияқты көрінеді. Алайда технологиялық мүмкіндіктердің артуымен қатар, жаңа әлеуметтік мәселелер де пайда болуда. Солардың бірі – әлеуметтік желілердегі әдепсіздік пен мәдениетсіз қарым-қатынастың кең таралуы.
Виртуалды кеңістіктегі мәдениет мәселесі
Соңғы жылдары әлеуметтік желілерде біреуді қорлау, кемсіту, мазақ ету, жеке өміріне қол сұғу, жалған ақпарат тарату, кибербуллинг секілді келеңсіз әрекеттер жиілеп кетті. Бұрын қоғамдық ортада айтылмайтын сөздер бүгінде парақшалардағы пікір қалдыру бөлімдерінде емін-еркін жазылады. Адамның көбі бір-бірін танымаса да, ауыр сөздер айтып, ар-намысқа тиетін пікір білдіруден, тілдеуден тартынбайтын болып алды. Бұл құбылыс қоғамдағы қарым-қатынас мәдениетінің жаңа сын-қатерлерге тап болғанын көрсетеді.
Әдепсіздіктің тамыры қайда жатыр?
Әлеуметтік желіні аша қалсаңыз, жат қылық көрсеткен жас пен ерсі әрекет жасаған егденің бейнероликтерінен көз сүрінеді. Күйінесіз. Жабығасыз. Торығасыз. Ұяда не көрсе, ұшқанда соны ілетін ұл-қыздан ұялмайтын атаананың, «бауыр еті – баласын» ойлап берекесі қашатын әке-шешені сыйламайтын жастың көбеюі жанға батады. Десе де, амал нешік? «Қазаншының өз еркі, қайдан құлақ шығарса» дегендей, әркімнің парақша жүргізу бағыты өз еркінде екенін ойлайсыз да, іштей тынасыз. Мәдениетсіздіктің соңы бұл емес. Тізе берсеңіз, есебі жоқ мәдениетсіздіктің түрі жетіп жатыр. Бір-бірін тілдеуге құмар, жүндеуге әуес жандардың жазбапікірлері де жетерлік. Түрткі не, себеп қайсы дейсіз ғой?! Әлеуметтік желідегі әдепсіздіктің басты себептерінің бірі – жауапкершіліктің төмендеуі. Психологтердің пікірінше, адам бетпе-бет сөйлескен кезде өзінің сөзін, қимылын және әрекетін көбірек бақылап, бір елі аузына екі елі қақпақ қояды. Өйткені қарсы тараптың эмоциясын көріп, оның реакциясын сезінеді. Ал әлеуметтік желіде мұндай тікелей байланыс жоқ. Экранның ар жағындағы адамды көрмегендіктен, кейбір қолданушылар өздерін еркін сезінеді де, жөнсіз әңгіме, мәнсіз сөзге көшеді келіп...
Тағы бір себеп – эмоцияны басқару мәдениетінің жеткіліксіздігі. Әлеуметтік желіде қандай да бір жаңалық немесе пікір оқыған адам ашуға беріліп, ойланбастан жауап жазып жатады. Кейін сол пікірінің соңы мен салдары қандай болатынын ойға алмайды. Нәтижесінде пікірталас мәдениеті жойылып, сөз жарысы жеке басқа шабуылға ұласады. Сонымен қатар қоғамдағы жалпы мәдени ахуал да ғаламтор кеңістігіне әсер етеді. Өйткені әлеуметтік желі – қоғамның айнасы. Дөңгеленген тіршілікте келісуді керісуден кейін қойып, даттауды жақтаудан артық санайтындардың дарақылығы мен дөрекілігі, олардың әлеуметтік желілеріндегі парақшаларында да, яғни, виртуалды ортада да байқалады.
Кибербуллинг – жасырын қауіп
Әлеуметтік желідегі әдепсіздіктің ең қауіпті түрлерінің бірі – кибербуллинг. Бұл – ғаламтор арқылы адамды қорлау, қудалау, мазақ ету немесе психологиялық қысым көрсету әрекеті. Әсіресе жасөспірімдер арасында кибербуллинг үлкен мәселеге айналып отыр. Кейбір оқушылар өз қатарластарын әлеуметтік желіде келемеждеп, сырт келбетін, киімін немесе жеке ерекшеліктерін мазақ етеді. Мұндай әрекеттер бастапқыда әзіл сияқты көрінгенімен, «әзілдің арты — зіл» дегендей, салдары өте ауыр болуы мүмкін. Психологтардың айтуынша, кибербуллингке ұшыраған адамның өзін-өзі бағалауы төмендеп, күйзеліске түседі. Кибербуллингтің кесірінен әлеуметтік ортадан оқшауланып, тұйықталып кететіндер де жоқ емес. Бұл құбылыс адамның психикалық денсаулығына біраз зиян келтіреді. Кей-кейде қоқан-лоқының бұл түрінің соңы қайғылы оқиғаларға да әкеп соғуда. Кейкейде дейміз-ау, көбіне... Желігі басылмағандардың желідегі жел сөзі көп кісінің көңілін құлазытады, тіпті, өмірін қияды десек, жалған емес.
Желдей ескен жалған сөз
Әдепсіздіктің тағы бір көрінісі – жалған ақпарат тарату. Қазіргі таңда әлеуметтік желілерде тексерілмеген ақпараттар өте жылдам таралады. Кейбір адамдар ақпараттың шынайылығына көз жеткізбей-ақ, бөліседі, өзгелерге жібереді. Бұл мәселе саяси және мемлекеттік мәселелер мен халықаралық қатынастарға келгенде, сонымен қатар, төтенше жағдайлар кезінде өте қауіпті. Апат кезінде жалған жарияланымдар мен мәлімдемелер жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақша қаптап кететіні өтірік емес. Жалған ақпарат жарға жықпай қоймайды, қоғамда үрей туғызып, адамдардың дұрыс шешім қабылдауына кедергі келтіреді. Ұлтаралық және ұлтішілік даудың отын қоздырып, ақыры араздыққа әкеп соғып жүрген ақпараттың да көбейгенін жоққа шығара алмаймыз. Сонымен қатар әлеуметтік желіде сахна жұлдыздары мен белгілі бір тұлғалар туралы дәлелсіз айыптаулар мен өсек-аяңдардың таралуы да тез. Өнер иелері мен көпке сыйлы жандардың атына кір, беделіне нұқсан келтіріп, қоғамға теріс әсерін тигізетін жарияланымдар желі-желіні аралап жүр. Ақпараттық технологиялар дамыған сайын жалған ақпараттың формалары да күрделене түсуде. Жасанды интеллект көмегімен жасалған бейнелер мен дыбыстардың пайда болуы да бұл мәселені одан әрі ушықтырады. Мысалы өткен жылы жасанды интеллектінің көмегімен өмірден өткен тарихи тұлғаларды «тірілтіп», билеткен бейнероликтер көпшіліктің ызасын тудырып, дауға айналды. Сондықтан әрбір азаматтың медиасауаттылық деңгейін арттыру маңызды.
Пікір еркіндігі мен жауапкершілік
Соңғы жылдары пікір жазу мәдениетінің төмендеуі де қоғамды алаңдатып отыр. Кез келген жаңалықтың немесе жазбаның астындағы пікірлерге көз жүгіртсек, сын айту мен қорлаудың аражігін ажырата алмайтын адамдардың көбейгенін байқаймыз. Сынды мәдениетті түрде жеткізудің орнына, жеке басқа тиісу, кемсіту, ауыр сөздер қолдану жиілеген. «Сын түзелмей, мін түзелмейтінін» ескерсек, бұл сөздер сынды түзетпей араздықты меңдетеді, қоғамдағы өзара сыйластықтың әлсіреуіне ықпал етеді.
Көп жағдайда әлеуметтік желідегі дөрекі пікір иелері сөз бостандығын алға тартып ақталады. Расында, демократиялық қоғамда әр адамның өз ойын білдіруге құқығы бар. Бірақ пікір еркіндігі мен жауапсыздықты шатастыруға болмайды. Сөз бостандығы басқа адамның ар-намысына тиюге, қорлауға немесе жалған ақпарат таратуға құқық бермейді. Кез келген құқық белгілі бір жауапкершілікпен қатар жүреді. Сондықтан әлеуметтік желідегі мәдениетті қарым-қатынас – қоғам дамуының маңызды көрсеткіштерінің бірі. Өркениетті елдерде пікірталас мәдениетіне ерекше көңіл бөлінеді. Адамдар қарсы пікірмен келіспесе де, өз ойын дәлелдер арқылы жеткізуге тырысады. Ал жеке басқа шабуыл жасау әлсіз аргументтің белгісі ретінде қабылданады.
Статистика сөйлесін...
2024 жылғы деректерге сүйенсек, қазақстандық жастардың 66,2 пайызы бос уақытын әлеуметтік желілерде өткізетінін айтқан. Екі жылдан бері бұл көрсеткіштің көбеймесе, азаймағаны айқын да аян ғой. Ең құнды ресурсын смартфонға жұмсаған жастардың көптігі жалған ақпарат пен келеке-керіс сөздің молдығының да айғағы емес пе?! Қазір нәпақанәсіп іздеп, әлеуметтік желіні екі қолға бір күрек, кәсіп санаған қазақстандықтардың да қатары қалың. Олардың әлеуметтік желідегі парақшалары да көп. Өздерін көпшілікке блогер деп таныстыратындардың көбі босқа уақыт ұрлайтын контент ұсынбайды десек те, пайдасыз бейнематериал, түйінсіз жазба жариялап жүргендердің бар екендігі жалған емес. Медиа мамандары блогерлердің 87 пайызының бейнематериалдарында балағат сөз араласып жүргенін айтып, дабыл қағуда. Ал блогерлердің айтуынша, танымал болып, табысқа кенелудің төте жолы – блог арасында екінің бірінің айтуға ауызы бармайтын сөзді қолдану. Ұлттың жайынан құлқынның қамын биік қойған осындайларды көріп, көңілің селдей бұзылады кейде. Блогер атанған желідегі желіккендерге жауап жазып, жұртшылықтың бір-бірімен айтысып, тартысып, тозған бөздей тігісінен ыдырайтыны тағы бар. 2026 жылы болашақтың мамандықтарына қатысты жүргізілген сауалнамаға жүгінсек, 14-18 жастағы жастардың 56,5 пайызы блогер болуды арман еткен көрінеді. Арман ақиқатқа ұласса, келешекте сапасыз контенттің қаптайтынын түсіне беріңіз. Ғалымдардың зерттеулеріне зер салсақ, жастар арасында осы жылы көп қолданылған қосымшалардың көшін бастап Tik Tok, екінші орында WhatsApp тұр. Үштіктің соңын Instagram мен YouTube түйіндеген. Қай қосымшаны ашсаңыз да, көруге тұрарлық бейнематериал мен оқуға тұрарлық ақпараттың аздығына ішіңіз ашиды. Статистика көрсеткендей, бүгінгі жастардың басым бөлігі әлеуметтік желілерде белсенді. Олар жаңалықты да, білімді де ғаламтордан алады, ермекті де ғаламтордан табады. Сондықтан жастардың цифрлық мәдениетін қалыптастыру – маңызды міндеттердің бірі. Мектептерде медиасауаттылық сабақтарын көбейту, интернет қауіпсіздігі туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізу, желідегі этика қағидаларын үйрету қажет. Сонымен қатар ата-аналар да балалардың виртуалды өміріне бейжай қарамауы тиіс. Әрине, балалардың ғаламторды пайдалануына тыйым салу күрделі мәселенің оңтайлы шешімі емес. Ең тиімді жол – оларды саналы пайдалануға үйрету. Өйткені цифрлық технологиялар болашақтың ажырамас бөлігі болып қала береді.
Әдепті адам – қауіпсіз қоғамның негізі
Әлеуметтік желінің ықпалы артқаннан кейін жаңа қауіптер де пайда болды. Әдепсіздік, кибербуллинг, жалған ақпарат және жауапсыз пікірлер қоғам үшін өзекті мәселеге айналып отыр. Әрине, битке өкпелеп тонымызды отқа тастағанымыз абзал болмас. Әлеуметтік желі – заманның ең үлкен жетістіктерінің бірі. Ол ақпаратқа қолжетімділікті арттырып, адамдар арасындағы байланысты нығайтатыны тағы бар. Қосымшалардың әсерінен туындаған мәселені шешу үшін мемлекет, білім беру ұйымдары, ата-аналар және қоғам мүшелері бірлесіп әрекет етуі қажет. Әрекет етіп те жатыр. Ең бастысы – әр адам мәселені шешуді өзінен бастауы керек. Өйткені мәдениетті қоғам мәдениетті азаматтардан құралады. Виртуалды кеңістіктегі әрбір сөзіміз бен әрекетіміз біздің азаматтық ұстанымымыздың көрінісі екенін ұмытпаған жөн. Әлеуметтік желідегі мәдениетсіздік тек ғаламторға қатысты мәселе емес. Бұл – қоғамдағы жалпы адамгершілік құндылықтардың көрсеткіші. Егер адамдар бір-біріне құрметпен қарап, «он саусақтың бірдей емес екенін», яғни пікір алуандығын ұға білсе, виртуалды кеңістік те қауіпсіз әрі пайдалы ортаға айналады. Әрбір қолданушы әлеуметтік желіде жазған сөзінің салмағын түсінуі керек. Кейде бір ғана пікір немесе бір ғана жазба адамның тағдырына әсер етуі мүмкін. Сондықтан сөз мәдениеті мен жауапкершілік әрқашан қатар жүруі тиіс.
Тобықтай түйін
Қас пен көздің арасында хабар алысуға арналған желі адамзаттың досына ғана емес, қасына, яғни жауына да айналып бара жатқандай. Жалған жазба жариялағандардың жазықты саналып, жаза арқалап, «жаздым, жаңылдым» деп көпшіліктен кешірім сұрап, артынша «ауру қалса да, әдет қалмайды» дегендей, баяғы әуеніне қайта басқанын көріп те жүрміз. Сөздің табын тарықпай тауып сөйлейтін ділмар даналардың, байырғы бабалардың бүгінгі ұрпағы судыр сөз, бөстекі әңгіме айтуға дағдыланып барады. Әттеген-ай дейсіз ғой осындайда! Әдепсіздікке әдеттенгендерге дауа бар ма осы? Сіз не дейсіз, ағайын?!
Ердәулет ОРЫНБАСАР
08 маусым 2026 ж. 129 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№42 (10510)

06 маусым 2026 ж.

№41 (10509)

02 маусым 2026 ж.

№40 (10508)

30 мамыр 2026 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 3 264
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

ҚЫС КӨРІНІСІ
10 қаңтар 2026 ж. 801

Жаңалықтар мұрағаты

«    Маусым 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930