ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІ АДАМДЫ ЖАЛҒЫЗ ҚАЛДЫРА МА?
Қазіргі заманда әлеуметтік желі адам өмірінің ажырамас бөлігіне айналды. Таңертең көзімізді ашқаннан бастап, кешке ұйықтағанға дейін телефонға үңілу – үйреншікті әдет. Бір қарағанда, әлеуметтік желілер адамдарды жақындастырып, қарым-қатынасты жеңілдеткендей көрінеді. Алайда «көптің арасында жалғыз қалу» деген ұғым дәл бүгінгі қоғамға тән сипатқа айналып бара жатқандай. Ендеше, әлеуметтік желі адамды шынымен жалғыз қалдыра ма?
Ең алдымен, әлеуметтік желінің негізгі мақсаты – адамдарды байланыстыру. Алыстағы туыстармен сөйлесу, достармен хабарласу, жаңа таныстық табу бұрын-соңды болмаған деңгейде жеңілдеді. Әлеуметтік желі арқылы жақсы жаңалықтармен бөлісу, білім алу, тәжірибе алмасу мүмкіндігі артты. Бұл – оның оң тұсы. Бірақ кез келген нәрсенің екі жағы болатыны белгілі. Әлеуметтік желінің ең үлкен мәселелерінің бірі – шынайы қарым-қатынастың азаюы. Адамдар бетпе-бет сөйлескеннен гөрі, экран арқылы тілдесуді жөн көреді. Соның салдарынан эмоция, жылулық, шынайылық жоғала бастайды.
Әлеуметтік желіде жүз көріскенше, өмірде бір көріскен мың есе артық. Тірі қарым-қатынастың орнын ешқандай чат немесе лайк баса алмайды. Уақыт өте келе адам виртуалды әлемге үйреніп, шынайы ортадан алыстайды. Тағы бір маңызды мәселе – әлеуметтік желідегі жалған өмір. Көпшілік өз өмірінің тек әдемі сәттерін ғана көрсетеді: жетістік, қуаныш, саяхат. Оны көрген адам өзін басқалармен салыстыра бастайды. «Өзгенің бақыты – өз көзіңе көрінбейтін ауыр еңбек» екенін ескермей, өз өмірін кем сезінуі мүмкін. Бұл өз кезегінде адамның ішкі күйзелісіне, жалғыздық сезіміне алып келеді. Сырттай бәрі жақсы көрінгенімен, іштей адам өзін түсінетін жан таппай қиналуы мүмкін. Сонымен қатар, әлеуметтік желіге тәуелділік те жалғыздықты күшейтеді. Адам бос уақытын түгелдей телефонға арнап, айналасындағы адамдармен қарым-қатынасын шектейді. Отбасымен әңгімелесу, достармен кездесу азаяды. Жақындармен байланыс әлсіресе, адамның рухани тірегі де азаяды.
Нәтижесінде ол өзін жалғыз сезіне бастайды. Дегенмен, әлеуметтік желіні толықтай кінәлау да дұрыс емес. Барлығы оны қалай қолданатынымызға байланысты. Егер адам әлеуметтік желіні тек құрал ретінде пайдаланып, шынайы өмірдегі қарым-қатынасты бірінші орынға қойса, онда ол жалғыздыққа емес, керісінше дамуға жол ашады. Ал егер бүкіл өмірін виртуалды әлемге байлап қойса, онда жалғыздықтың тұзағына түсуі әбден мүмкін.
Қорытындылай келе, әлеуметтік желі адамды тікелей жалғыз қалдырмайды, бірақ оған апаратын жолды жеңілдетуі мүмкін. «Артық істің арты – өкініш» демекші, бәрі шектен шықпауы керек. Ең маңыздысы – тепетеңдік. Шынайы өмір мен виртуалды әлемнің арасын ажырата білу – бүгінгі адамның басты міндеті. Адамға ең керегі – тірі сөз, шынайы эмоция, жан жылуы. Сол кезде ғана біз жалғыздықтан емес, шынайы бақыттан өз орнымызды таба аламыз.
Тұрғанай РУСЛАНҚЫЗЫ,
№107 орта мектептің оқушысы
















