» » БИІКТЕР БІЛІМДІГЕ БАҒЫНАДЫ

БИІКТЕР БІЛІМДІГЕ БАҒЫНАДЫ

Бүгінде зерделі де зейінді, талапты да талантты жастардың қарасы қалың. Білім бәйгесінде дарынымен дараланып, тапқырлығымен танылған сондай жастардың бірі – Қайсар Жансеріков. Ол – аудан орталығындағы № 250 мектеп-лицейінің оқушысы.
Болашақтың кілті білімді жастың қолында екенін ұғынған ол ізденуден тайынған емес. Тынымсыз еңбегінің арқасында дарынды бала ауыл мектептері оқушыларына арналған олимпиаданың аудандық, облыстық кезеңдерінен сүрінбей өтіп, республикалық кезеңде бірінші орын алып, үздіктер қатарынан көрінді. Алғыр жас мұнымен тоқтап қалмай, жалпы білім беретін пәндер бойынша 9-11 сынып оқушыларына арналған республикалық олимпиаданың шешуші кезеңіне биология пәні бойынша қатысып, қола жүлдені қанжығасына байлап, «Ең үздік ауыл оқушысы» номинациясының иегері атанды. Зияткерлік сайыстардағы осындай жетістіктері үшін Қ.Жансеріков аудан әкімі Жандос Еркінбектің, аймақ басшысы Мұрат Нәлқожаұлының Алғыс хаттарымен марапатталған.
– Дарынды оқушыларға қолдау көрсету – еліміздің жарқын болашағына салынған ең құнды инвестиция. Біздің облысымыз әрдайым білім мен ғылымға ұмтылған, талпынысы жоғары жастарға ерекше көңіл бөліп келеді. Дарынды оқушыларға көрсетілетін қамқорлық пен қолдау бізге жаңа белестерді бағындыруға шабыт береді,– дейді дарынды жас.
Республикалық додаларда қатарлас қарсыластарынан қара үзіп шығып, облыс қоржынына олжа салып, аудан абыройын, мектеп мерейін асқақтатқан Қайсар бүгінде 11-сыныпты аяқтап, педагогикалық мамандыққа ЖОО-на мемлекеттік грантқа түсуге талаптанып отыр.
– Баламның бағын оздырып, жұлдызын жаққан ұстаздарына – Т.Көмекбаев атындағы №250 мектеплицейінің ұжымына алғысым шексіз. Перзентіңнің талпынысы мен еңбегінің бағаланып, ел сенім артқан жастардың қатарынан орын алуы – ана үшін сөзбен айтып жеткізе алмайтын мақтаныш, – дейді анасы Жазира Сәукеева.
Білім додасында қаймықпай, қайсарлық танытатын Қайсардың жетістіктерге жетуіне ұстазы – биология пәнінің мұғалімі Айнұр Буркулованың еңбегі ерен.
Қайсардай талапты жастар барда Егемен Қазақстанның ертеңі жарқын боларына сенім кәміл. Ұядан ұлы арманға қанат қаққан жалынды жастың қадамына құт, адымына жақсылық біткей!
Ердәулет ОРЫНБАСАР
06 маусым 2026 ж. 84 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№42 (10510)

06 маусым 2026 ж.

№41 (10509)

02 маусым 2026 ж.

№40 (10508)

30 мамыр 2026 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 3 249
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

ҚЫС КӨРІНІСІ
10 қаңтар 2026 ж. 793

Жаңалықтар мұрағаты

«    Маусым 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930