ТҰРҒЫНДАРҒА ҚОЛАЙЛЫ ОРТА ҚАЛЫПТАСТЫРУ – БАСТЫ МІНДЕТ
Қармақшы ауданы әкімі Жандос Еркінбек Жосалы кентіндегі бірқатар нысандарды аралап, тұрғындардың әлеуметтік мәселелерін зерделеді.
Алдымен аудан басшысы «Сұлтан» және «Ұлар» сауда орындарына барып, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағаларын бақылады. Кәсіпкерлермен кездесуде:
«Ел де, жер де ата-бабамыздан қалған аманат. Туған жеріміздің тұрғындарына жанашырлық танытып, сапалы қызмет көрсету – баршамызға ортақ міндет. Сондықтан халық тұтынатын азық-түлік бағасын тұрақты бақылауда ұстап, тұрғындардың мүддесіне жауапкершілікпен қарау қажет», – деп халықты сапалы әрі қолжетімді өніммен қамтамасыз ету қажет екенін айтты.
Сондай-ақ Тайшық би көшесіндегі жаяу жүргіншілер жолының жай-күйі бақыланып, абаттандыру және күтіп ұстау жұмыстарының сапасына ерекше назар аударылды.
Мұнан соң аудан басшысы жақында оқыс оқиға орын алған тұрғын үй иелерімен кездесіп, отбасының қазіргі жағдайын білді. Бүгінгі таңда зардап шеккен отбасыға уақытша баспана ұсынылып, қолданыстағы заңнама аясында қажетті әлеуметтік көмек көрсетіліп жатыр. Жандос Еркінбек отбасы мүшелеріне қолдау көрсетіп, көмек қажет болғанда жауапты сала басшыларына тиісті жұмыстарды тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды.
Аралау барысында Нұржігіт Нақыпов көшесінің бойындағы жаңадан салынатын тұрғын үйлерге бөлінген жер учаскелері де назардан тыс қалмады. Жауапты мамандар құрылыс жоспарлары бойынша ақпарат беріп, алдағы жұмыстардың барысын баяндады.
Жалпы Жандос Еркінбек халықтың тұрмыс сапасын арттырып, қолайлы орта қалыптастыру - ең басты бағыт екенін үнемі айтып келеді. Сондықтан барлық жұмыстардың жүйелі әрі сапалы жүзеге асырылуы тұрақты бақылауда болатынын ескертті.
Қармақшы ауданы әкімінің баспасөз қызметі

















