ЕЛУ АЛТЫ ЖЫЛДАН КЕЙІНГІ ҚАУЫШУ
«Тау мен тау кездеспейді, адам мен адам кездеседі» дейді дана халқымыз. Кейде өмірде адам сенгісіз оқиғалар болып жатады. Бір қарағанда кинодағы сюжет секілді көрінетін сондай тағдырлы оқиғалардың бірі Жосалы кентінің тұрғыны Маржанкүл Бақбергенованың отбасында орын алған. Бір әулеттің апалы-сіңілілері елу алты жылдан кейін қайта қауышып, сағынышқа толы сәтті бастан өткерген.
Оқиға – уақыт пен тағдырдың да алдында үзілмеген үміттің, аналық жүректің, бауырлық байланыстың тарихын баяндайды. Біз айтқалы отырған оқиғаның негізгі кейіпкері – Рая. Маржанкүл апамыз әңгімесін әріден бастап былай деді...
– Біз бір әкеден тараған бес ұл, бес қыз барлығы он ағайынбыз. Бірақ ұлдардың алдыңғы екеуі кішкентайында шетінеп кеткен. Ал енді Рая – менің алдымдағы апам. Әкем Шамшат жолбойында қызмет істегеннен кейін Жамбыл облысы Мойынқұм ауданында теміржол салынатын болып он шақты отбасыны сонда жіберген екен. Мен өзім Шығанақта туғанмын. Анам Нағипаның айтуынша Рая ол кезде бір жарым жаста болған екен. Содан олардың Қимағанбет пен Дәулет есімді ерлі-зайыпты көршілері болып, жақсы араласқан. Әкем болса да қызметтегі адам ғой, ал анам балаларға қарауға үлгермей Раяны сол көршісіне жіберіп отырған екен. Алайда Дәулет апа құрсақ көтере алмағандықтан, балалары болмапты. Азанда туған апамды алып кеткеннен кешке үйге әкеліп тастап отырған. Тіпті Қимағанбет, шешем Әлімнің Төртқара руынан болғандықтан рулас екенбіз деп өзіне жақын қарындас тұтқан. Сөз арасында «Шамшат, құдайға шүкір ұрпақсыз емессіңдер, мына Раяны біз бауырымызға басайық» деп айтқан да екен. Содан бір күні кішкентай Раяны кешке үйге әкелмей қойыпты. Ата-анам алаңдап азанда алармыз деп ертесіне таңертең үйлеріне барса, көршілері бір түнде белгісіз жаққа көшіп кетіпті, – деді ол өткенге көз тастап.
Шамшат пен Нағипа біраз уақыт бойы қыздарын жанжақтан сұрастырып, біреулерден әлгі көршісінің Ақсүйек деген аудан орталығында қызды жетектеп жүргендерінен хабар алады. Дереу мекен-жай бойынша іздеп барса қайдан біліп қойғаны белгісіз, ол жерден де қашып үлгерген екен. Осылай бірнеше жыл бойы әр жерге көшіп, ізін суытып отырған. 1962 жылы Шамшат отбасымен Жосалыға көшіп келеді. Ол кезде Маржанкүл бес жаста болыпты. Кейін мектепке барып білім алып, жетінші сынып оқып жүргенде анасы Нағипа шақырып алып, «қызым, сенің сауатың бар жаза білесің. Апаңды іздеп жан-жаққа хат жазайық» деп пошта арқылы Ақтөбе облысындағы Шалқар ауданына хат жібереді. Хатқа «Жалаңқожаева Раяны іздейміз» деп ата-анасының аты-жөнін жазып, тиісті мекен-жайға жолдаған. Осылай хатты үзбей жіберіп отырады. Алайда еш жауап келмейді.
1975 жылы Маржанкүл мектепті бітіріп, Қызылорда қаласындағы Қорқыт ата университетіне оқуға түседі. Жатақханада Жанат есімді Шалқардың қызымен танысып, өзінің туған апасын сұрастырады. Содан ол жақтан да іздестіру жүріп әйтеуір Раяның бар екені, бірақ отбасылы болғаны жөнінде хабар алады. Тағы да хат жазады, бірақ жауап болмайды. Кейін 1983 жылы Маржанкүл тұрмыс құрып, отбасылы болады. Бірақ анасының қызынан күдер үзбегенінен Раяға іздестіру жалғаса береді.
2013 жылы Маржанкүл №105 мектепте мұғалім болып жүргенде сол кездегі мектеп директоры Гүлжахан Мұнарбаеваны жолдасы Мейрамбек Ермұратов жұмыстан алып кетіп жүреді. Бір күні жолда аяғын ақсаңдай басқан бір әйелді күннің ыстығына қалдырмайын деп Мейрамбек ағамыз алып кетуге тоқтайды. Әлгі әйелдің есімі – Роза. Ол ағамыздың жақсы ісіне риза болып, жол үстіндегі әңгімеде Мейрамбектің Шалқардың тумасы екенін біледі. Осы кезде Роза №105 мектепте Маржанкүл есімді мұғалім апасы Раяны елу алты жылдан бері іздеп жүргенін және оның Шалқарда тұратынан айтып қалады. Мұны естіген Мейрамбек Раяны танып, сыныптасы болғанын жеткізеді.
– Маған Мейрамбек аға хабарласып әлгі жағдай бойынша түстен кейін жолыққысы келетінін айтты. Сол кезде екі сурет алып барамын, суреттің ішінен апаңды танысаң, мен саған телефон нөмірін беремін деді. Мен қуанып анама айттым. Сөйтіп, түстен кейін ол кісімен жолығып, суретті көргенімде өмірі Раяны көрмеген мен оны бірден таныдым. Ол басқа бауырларыма ұқсап тұр. Мейрамбек аға бірінші Раяға хабарласып рұқсатын алып алайын, ол келіссе сөйлестіремін деді. Кешке қайта хабарласып, Рая сөйлесуге қарсы емес екенін жеткізді. Енді анама келіп онымен қалай сөз бастап сөйлесемін, «ол неге тастап кеттіңдер» десе не деймін дедім. Сонда анам, «Рая қызым олай демейді, мен білемін. Сен оның туу туралы куәлігіндегі мәліметті сұрашы. Егер мен айтқандай дәлме-дәл келсе, Құдай өзі-ақ сендерді жақындастырады» деді. Телефонды қолыма алып нөмірін теруге жүрексіндім. Дегенмен бастаған ісімді аяғына дейін жеткізуге бел шешіп хабарластым. Раямен сөйлестім, болған жайды жеткізе отырып анам айтқан туу туралы куәліктегі мәліметті сұрадым. Тура солай болып шықты. Осылайша туған ата-анаң Шамшат пен Нағипа және туған сіңілің мен Маржанкүл деп таныстырдым. Ол еш ренжіместен бұл жағдайдан хабары жоқ екенін айтты. Сөйтіп, Мейрамбек ағамыздың арқасында туған апамды елу алты жылдан кейін таптық, – деді қуанышын жүзінен білдірген Маржанкүл апамыз.
Иә, арада елу алты жыл өткенде туған бауырлар осылайша қайта қауышқан. Кейін Рая туған бауырларымен, ағайын-туыстарымен араласып, үзілген байланыс қайта жалғанады. Оқиғаны тыңдап ананың үміті ешқашан өшпейтінін сезіндік. Ал Раяны бауырына басып өсірген Қимағанбет пен Дәулеттің әрекеті әлі күнге дейін жұмбақ күйінде қалып отыр. Олар не себепті қызды алып кеткені, неліктен туған отбасымен байланыстырмағаны белгісіз.
Дегенмен, қанша уақыт өтсе де, қан байланысының үзілмейтініне бұл оқиға анық дәлел болып отыр. Иә, тағдыр кейде адамды алыстатады. Бірақ жүректегі сағыныш пен үміт жоғалмаса, бір күні қайта табыстырады.
Е.НАЗАР

















