ӨНЕР АРҚЫЛЫ СЫЙЛАНҒАН ҮМІТ
Жақсылық жасау – жүректің ісі. Ал өнер арқылы біреуге үміт сыйлау – ерекше мейірімнің белгісі. Жуырда Дүр Оңғар ауылдық клуб үйінің ұйымдастыруымен балаларды оңалту орталығында ерекше мерекелік концерт өтті. Шараның басты мақсаты – денсаулығына байланысты қиын кезеңді бастан өткеріп жатқан бүлдіршіндерге рухани қолдау көрсету, олардың жүрегіне қуаныш сыйлап, өмірге деген сенімін арттыру болды.
Концерт барысында балалар мен олардың атааналарына «Сіздер жалғыз емессіздер» деген сезімді жеткізу көзделді. Өнердің күші арқылы бала жүрегіне жылулық ұялатып, олардың жүздеріне күлкі сыйлау ұйымдастырушылардың негізгі мұратына айналды. Әсем ән мен мың бұралған би бүлдіршіндерге көтеріңкі көңіл күй сыйлап, ұмытылмас жарқын сәттерге толы әсер қалдырды.
Шараға Дүр Оңғар ауылдық клуб үйінің көркемдік жетекшілері мен директоры қатысып, жүрекке жетер әуезді әндер орындады. Сонымен қатар DM би үйірмесінің талантты оқушылары би билеп, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Балалардың шат күлкісі мен шынайы қуанышы концерттің басты жетістігі болды.
Іс-шара соңында балаларды оңалту орталығының директоры атынан Алғыс хат табысталып, мәдениет үйі қызметкерлерінің еңбегіне ерекше ризашылық білдірілді.
– Орталығымызға Дүр Оңғар ауылдық клуб үйі өнерпаздары арнайы келіп, балаларымызға көтеріңкі көңіл күй мен ерекше әсер сыйлады. Әсем ән мен жарасымды би арқылы бүлдіршіндердің жүздеріне қуаныш ұялатып, жүректеріне шаттық сыйлаған өнер иелеріне шынайы алғысымызды білдіреміз. Сіздердің мейірімге толы өнерлеріңіз балалар үшін ұмытылмас сәт, мерекелік көңіл күй сыйлады. Осындай игі істеріңізге шығармашылық табыс, еңбектеріңізге толағай жетістіктер тілейміз, – дейді арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету балалар орталығының әлеуметтік ісі жөніндегі орынбасары Ермұхамед Тәуірбаев.
Ал клуб үйінің хореографы Аймереке Арыстанбекқызы бұл концерттің маңыздылығына ерекше тоқталды.
– Біз ұжым болып денсаулығы сыр беріп, қиын сәтті бастан өткеріп жатқан балақайларға рухани қолдау көрсету мақсатында мерекелік концерт ұйымдастырдық. Өнердің емдік қасиеті бар екені ақиқат. Бұл іс-шара балаларға позитивті эмоциялар сыйлап, олардың тезірек сауығып кетуіне мотивация берді деп сенеміз. Балалардың ерік-жігері мен өмірге деген құштарлығы бізге үлкен сабақ болды. Бүгінгі концерт жай ән мен би ғана емес, бұл кішкентай жүректердің үлкен күресіне қолдау көрсету еді. Біз олардың жүзінен шаршауды емес, болашаққа деген үмітті көрдік. Әрбір шапалақ, әрбір күлкі бізге күш берді, – дейді ол.
Бұл кеш тек концерт қана емес, мейірім мен адамгершіліктің, жанашырлық пен қамқорлықтың көрінісіне айналғаны анық. Өнер арқылы балаларға қуаныш сыйлаған жандардың игі ісі көпшілікке үлгі. Осындай қайырымдылық пен ізгілікке толы шаралар мейірімділіктің құнын арттырып, бала жүрегіне сенім мен үміт ұялата беретіні сөзсіз.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ

















