СОҢҒЫ ҚОҢЫРАУ: ЖАУАПКЕРШІЛІК ПЕН ҚАУІПСІЗДІК ҚАТАҢ БАҚЫЛАУДА
Биыл өңірде 320 мектепте 189 288 оқушы оқу жылын аяқтауда. Оның ішінде 977 оқушы «Алтын белгіге», 1 141 түлек «Үздік аттестатқа» үміткер. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен баспасөз конференциясында белгілі болды. Онда Қызылорда облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Асхат Қанатов және Полиция департаменті Қоғамдық қауіпсіздік басқармасы басшысының міндетін атқарушы Рауан Алдешов мектеп бітіру шаралары мен жазғы демалыс кезіндегі қауіпсіздік мәселелерін баяндады.
Асхат Қанатұлының айтуынша, ұлттық бірыңғай тестілеудің негізгі кезеңі 10 мамыр мен 10 шілде аралығында Қызылорда қаласы, Арал, Қазалы және Жаңақорған аудандарындағы тестілеу орталықтарында өтеді. Оған 11-сыныптағы 10 317 түлектің 9 250-і қатысады.
«Басқарма тарапынан арнайы бұйрық шығарылып, мектептерде артық шығынға жол бермеу, ата-аналарға салмақ салмау мақсатында арнайы түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Мейрамханаларда кеш өткізуге, кортеж ұйымдастыруға, мұғалімдерге сыйлық ұйымдастыруға тыйым салынды», – деді спикер.
Сонымен қатар 25 мамыр күні барлық мектептерде «Білімім - Отаныма» атты бірыңғай сынып сағаттары өтеді. Ал мектеп бітірушілерге аттестат тапсыру рәсімі 18 маусымға жоспарланған.
Жиында ҰБТ форматының өзгеріссіз қалғаны айтылды. Тестілеуде талапкерлер үш міндетті және екі бейіндік пәннен сынақ тапсырады. Жалпы 120 сұрақ беріліп, ең жоғары көрсеткіш 140 баллды құрайды. Ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға қосымша уақыт қарастырылған.
Полиция департаментінің өкілі Рауан Қырымұлы соңғы қоңырау кезінде қоғамдық қауіпсіздік күшейтілетінін жеткізді.
«25 мамыр күні облыс көлемінде қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін 492 қызметкер мен 111 қызметтік автокөлік жұмылдырылады. Заңсыз автокортеждерге, жол ережесін бұзуға, қоғамдық тыныштықты бұзуға жол берілмейді», – деді ол.
Спикер ата-аналарды балалардың қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлуге шақырды. Оның айтуынша, кәмелетке толмаған жасөспірімдердің түнгі уақытта заңды өкілінсіз жүруі, алкоголь қолдануы және қоғамдық тәртіпті бұзуы әкімшілік жауапкершілікке әкеледі.
Мамандар жазғы демалыс кезеңінде балалар қауіпсіздігі басты назарда болатынын айтып, қоғамды жауапкершілікке үндеді.
Өңірлік Коммуникациялар Қызметі

















