«ЖАС ЖОЛ ИНСПЕКТОРЫ» АУДАНДЫҚ БАЙҚАУ
«Заң мен тәртіп – қауіпсіз балалық шақ кепілі» 14 мамыр күні білім алушылардың құқықтық сауаттылығын арттыру, жол қозғалысы ережелерін насихаттау және қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру мақсатында «Жас жол инспекторы» байқауы өткізілді. Аталған іс-шара оқушылардың білімін шыңдап қана қоймай, олардың жауапкершілігін арттыруға, тәртіпке баулуға және жол-көлік оқиғаларының алдын алуға бағытталды.
Байқауға қатысқан жас инспекторлар бірнеше кезең бойынша өзара бақ сынап, теориялық білімдері мен тәжірибелік дағдыларын көрсетті.
«Жол жүрісі қағидасының білгірлері» кезеңінде қатысушылар жол қозғалысы ережелері бойынша сұрақтарға жауап беріп, жол белгілерін ажырату мен түрлі жағдаяттарда дұрыс шешім қабылдау қабілеттерін дәлелдеді.
«Үгіт-насихат» байқауында командалар жол қауіпсіздігін сақтау тақырыбында сахналық қойылымдар ұсынып, көрермендерге тәртіптің маңызын әсерлі түрде жеткізді. Оқушылардың шығармашылығы мен сахна мәдениеті ерекше бағаланды.
«Жас реттеуші» кезеңінде қатысушылар жол қозғалысын реттеушінің қимылдарын нақты әрі сауатты орындап, өздерінің шапшаңдықтары мен ептіліктерін көрсетті.
«Эрудит» турнирінде командалар логикалық және танымдық сұрақтарға жауап беріп, тапқырлықтары мен білім деңгейлерін байқатты.
«Жас санитар» байқауында алғашқы медициналық көмек көрсету тәсілдері көрсетіліп, түрлі төтенше жағдайларда дұрыс әрекет ету жолдары түсіндірілді.
Велосипедті мәнерлеп жүргізу кезеңінде қатысушылар арнайы кедергілерден өтіп, велосипедті қауіпсіз әрі шебер басқару дағдыларын көрсетті.
Байқау барысында оқушылар ұйымшылдық, белсенділік және жоғары дайындық деңгейін танытты. Әр команда жол қозғалысы ережелерін сақтаудың адам өмірі мен денсаулығы үшін аса маңызды екенін көрсете білді.
«Жас жол инспекторы» байқауының жеңімпазы №277 мектеп-лицейінің «Жас жол инспекторлары" тобы облыстық кезеңге жолдама алды
Осындай мазмұнды шаралар өскелең ұрпақтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, заң мен тәртіпті құрметтеуге, сондай-ақ азаматтық жауапкершілікті қалыптастыруға үлкен ықпал етеді.
















