ЖАС КӨШБАСШЫ
Раида Мұхамбетқалиқызы – мектеп өміріне белсене араласып, қоғамдық жұмыстарда алдыңғы қатардан көрініп жүрген үлгілі оқушы. Ол С.Есқараев атындағы №27 орта мектеп парламентінің президенті.
Наурыз айында ұйымдастырылған «Оқушылардың өзінөзі басқару көшбасшыларының республикалық форумының» аудандық кезеңіне қатысып, үздік нәтижесімен облыстық кезеңге жолдама алған болатын. Онда Раида өзінің жоғары деңгейдегі ұйымдастырушылық қабілетімен, көшбасшылық қасиеттерімен ерекшеленіп, республикалық форумға қатысу мүмкіндігіне ие болды. Облыс намысын қорғау үшін әр ауданнан іріктелген үздік оқушылар бір командаға біріктірілді. Ал бұл кезеңнің жауапкершілігі де, талабы да жоғары еді. Себебі форумға еліміздің түкпір-түкпірінен келген дарынды, белсенді жас көшбасшылар жиналды.
Аталған маңызды жиын жуырда Астана қаласында өтті. Бас қала төрінде өткен форумда қатысушылар бірнеше бағыт бойынша өз жобаларын қорғап, тәжірибе алмасты. Раида «Дыбыстың күші: Өзіңді шыңға жетелейтін жол» тақырыбындағы шебер-сыныпқа қатысып, белсенділігімен көзге түсті. Ол форум қатысушысы ретінде арнайы сертификат пен смарт-сағатпен марапатталды.
Форум қорытындысы бойынша «Балалар мен жасөспірімдер қозғалысы принципіндегі интерактивті алаңға» қатысып, 100 оқушының ішінен үздік 25 қатысушының қатарына енді. Бұл – оның табандылығы мен көшбасшылық әлеуетінің айқын дәлелі.
– Форумнан алған әсерім өте зор. Білім аламын деген әрбір жасқа еліміз үлкен қолдау көрсетіп келеді. Бас қаламызда әр өңірден келген жас көшбасшылармен танысып, өзара пікір алмастық. Ұйымдастырушылар қаланың көрікті жерлерін аралатып, жақсы көңіл-күй сыйлады. Осындай мүмкіндік сыйлаған мектебіме, тәлімтәрбие беріп жүрген ұстаздарыма рақмет айтқым келеді, – дейді жас көшбасшы Раида Мұхамбетқалиқызы.
Ж.НАКУБАЕВА,
жетекшісі, аға тәлімгер
















