ТҮЛЕКТЕР ТОЙЫ: ҚУАНЫШТЫҢ ҚҰНЫ ҚАНША?
Алдымызда мектеп бітіруші түлектерге үлкен жауапкершілік жүктейтін, өмір атты кемеге қадам басатын мамыр, маусым айлары келе жатыр. Демек, боямасыз оқушы кезеңнен өзіндік шешім қабылдауға, маман атануға бет бұрған жастың саны көбеймек. Сан демекші, түлектер санының көбейгені жақсы әрине. Бірақ, сапа біздің басты назарымызда болуы тиіс. Бұдан бөлек, «Мектеп бітіру кешінің құны қанша?» деген сұрақ жылма-жыл көтерілетін тақырыптың бірі. Шынын айту керек, бұл мәселе жыл сайын қозғалып, жыл сайын сөз болады. Сонда да түйіні әлі тарқамай тұр. Қолдарына аттестаттарын алған жеткіншектер әлбетте бітіру кешін ұйымдастырады. Қазіргі уақытта шәкірттердің басты уайымы – алдағы тестілеу болғанымен, бітіру кешіне деген әзірлік оқу жылы аяқталмай жатып-ақ пысықталып қойылғаны бесенеден белгілі. Өмірдің жаңа бір кезеңіне аяқ басқан түлектердің қуанышымен бөліскен орынды да шығар. Бірақ оны ұлан-асыр тойға айналдырудың жөні бар ма? Саралап көрсек.
Кеш өткізуге тыйым жоқ
Барлық ата-ана бауыр еті баласының жақсы өмір сүруін қалайтыны сөзсіз. Сондықтан ата-аналар балаларының арман-тілегін орындауға бар күш-жігерін жұмсайды. Ата-аналардың перзенті үшін барын салатын сәттерінің бірі – мектеп бітіру салтанаты. Олар алтын ұямен қоштасу сәті, мектеп бітіру кеші ұл-қызының жадында ерекше сақталуы үшін тағы да барын салады. Түлектерге қуаныш сыйлайтын бұл мереке ата-аналарды әбден қажытатыны сөзсіз. Соған қарамастан, ешбір атаананың мектеп бітіру кешін ұйымдастырудан бас тартар түрі байқалмайды.
Мектеп бітіру кешін думанды мерекеге айналдыру бүгінде дәстүрге айналып үлгерген. Әсіресе, қала мектептерінде бұл думанға ерекше назар аударады. Ата-аналар бітіру кешіне күні бұрын әзірлік жасап, ұл-қыздарының өзгелерден ерекшеленіп, жарқырап жүруі үшін қалтасындағы қаржысын аямайды. Одан бөлек үлкен мейрамхана жалдап, тіпті, қала ішін аралау үшін қымбат көліктер жалдау да сәнге айналған. Қымбат көйлек, мейрамхана, лимузин… Осының бәрі жыл өткен сайын мектеп бітірушілер арасында бәсекелестік тудырғандай. Қыздар қауымы өзара сәнді көйлектерімен, шаш үлгілерімен жарысса, ұлдар жағы қыдыруға жалдаған көліктерінің ерекше болғанын құп көреді.
Ал бітіру кештерін дүркіретіп тойлауға елімізде үкімет тарапынан тыйым сала алмайтын көрінеді. Министрлік бітіру кешінің ата-аналарды шығынға батыратынын қаламағанымен, бұл мәселеге араласа алмайды. Мектептерде ақша жинауға түпкілікті тыйым салынғандығын жақсы білеміз. Әлеуметтік желіде де мектеп басшыларының үндеуі ретінде де жиі хабарланып жатыр. Бірақ ата-аналар комитеті мектептен тыс жерде салтанатты кеш ұйымдастыруға шешім қабылдаса, оған тыйым салуға министрліктің де құзыры жүрмейді екен. Себебі бұл кеш мектептен аттестат алып кеткеннен кейін тойланады.
Бір жылдары Шымкент қаласының әкімі көлік шеруін өткізуге тыйым салды. Алайда елімізде мектеп бітіру кешін атап өтуге тыйым салатын заң жобасы жоқ. Мұндай заңның біздің қоғамға қаншалықты қажет екенін нақты айта алмағанымызбен, бұл тақырып шешілмейтін түйінге айналғандай болып отыр. Әрине, мұндай мерекені ұйымдастыру ата-аналар мен түлектердің өз еркінде. Десек те, ата-аналардың даңғазалыққа жол бермегені жөн секілді.
Ата-аналардың қалтасына салмақ түсіргеннен бөлек, мектеп бітіру кештерінде көлік шеруін жасайтын түлектердің жол үстінде қауіппен бетпебет келетіні тағы бар. Үлкен өмірге енді ғана аяқ басқалы отырған балалардың бір-бірімен жарысып жүріп, апатқа ұшырамасына кім кепіл?! Бір-бірімен жарысқан жас қыз-жігіттердің жол ережесін өрескел бұзып, қауіпсіздікті сақтамауы секілді жағдайлар да талай кездескен. Тіпті көлік шеруі кезіндегі апат салдарынан жан тапсырғандар да бар. Жапон халқы бітіру кешін үлкен тойға айналдыруға мүлдем рұқсат бермейді. Жапонияда алтын ұямен қоштасу кешінде түлектерге мектеп формасын кию міндеттеледі, яғни, ата-аналар қыздарына сәнді көйлек әперіп әуре болмайды. Бітіру кешінде мектеп директоры құттықтау сөз сөйлеп, куәліктерін тапсырады. Кеш осымен тәмам. Сәнді киініп, мейрамханада той тойлауға рұқсат жоқ. Қырғызстанда да мектеп бітіру кешін түнде атап өтуге тыйым салынған. Ал қазақстандық түлектер түнгі уақыт түгілі, таңды қарсы алмайынша, үйлеріне қайтпайды. Таңды қарсы алу да – бүгінгі күні түлектер үшін дәстүрге айналып үлгерген жайт.
Сәнді көйлек, қымбат мейрамхана…
Түлектердің кешін тойлау бір бөлек әңгіме. Ал сол кешке мектеп бітірушілердің қалай әзірленетіні және қанша қаржы жұмсайтыны тағы бір мәселе. Біреу тоңып, біреу тойып секірген түлектер кеші. Әсіресе, көйлектерінің сәнімен жарысқан қыздар көп. Ал ата-ана «мақтанатын кеште» «ұятқа қалмауға» барынша тырысады. Барын береді, болмаса қарыз алады. Тіпті кейбірі несиеге жүгінеді. Осы арқылы барды шашатын, мағынасы жоқ тойшылдықты дәріптеу арқылы несиеге той жасайтын, жалған ұяттың жетегінде жүретін балаларды тәрбиелеп жатқанын ескеріп жатқан ата-ана көп емес. Сонымен, дүркіреп өтетін мектеп бітіру кеші үшін ата-ана баласына қанша қаражат жұмсайды?
Негізінен бұл мерекеге әзірлік жасау қыздары бар ата-аналар үшін қиындау. Өйткені бұл кешке дайындалатын қыздардың шығыны көп. Ең әуелі, ата-аналар мейрамханадағы орын үшін ақы төлейді. Ал бүгінгі таңда үлкен қалалардағы мейрамханада той тойлау үшін әр адам басына кемінде 15-30 мың теңге, аудандарда 8-10 мың теңгені құрайды. Ата-ана өздерін қоса есептегенде 2-3 адам үшін ақы төлеуі тиіс. Одан кейін көлік шеруі үшін жалға алынатын «Лимузин» бар. Оның жалдау ақысы да 100-150 мың теңгені құрайды. Бұл да ата-аналар қалтасынан шығатын қаражат. Оған ұстаздарға берілетін сыйлықтар мен гүлдер, бейнетүсірілім мен фотограф қызметін, асаба жалдау шығынын қосыңыз. Одан кейінгі кезекте түлектердің киімдері тұр. Ұл балалардың костюм-шалбары мен аяқ киімі үшін орта есеппен 50-100 мың теңге жұмсалады. Ал қыздардың бітіру кешіне киетін сәнді көйлектері қомақты қаржыны қажет етеді. Бітіру кештеріне арналған сәнді көйлектердің бағасы да сан алуан. 20 мыңнан басталған көйлектер бағасы 200 мың теңгеге дейін жетеді. Көйлектен бөлек, аяқкиім, әшекей бұйымдарға 50-60 мың теңге қаражат қажет. Шаш үлгісі, бет әрлеу сынды процестер үшін де 15-20 мың теңге жұмсалады. Міне, ата-аналар бір күндік қызық үшін кемінде 100-150 мың теңге шығындайды. Біреулер үшін бұл қаржының құны жоқ шығар. Кейбір отбасылар үшін 100-150 мың теңге жанұяға келетін бір айлық табысты құрайды. Тіпті, мұндай қаржы кейбіреулердің қолына түсе бермеуі де мүмкін. Ал осыншама қаражатты бір күнде желге ұшыру ысырап емес деуге негіз бар ма? Бір жағынан алып қарағанда, бұл өмірде бірақ рет болатын мектеп бітіру кеші. Бірақ мұның көптеген отбасы үшін қаржылық қиындықтар туғызатынын естен шығармаған абзал.
– Тарыдай болып кіріп, таудай болып шыққан баламыздың мектепті аяқтауы мерейімізді өсіретін бақытты сәт. Осындай бақытты сәтте, олардың қауіпсіздігін есте сақтай отырып, мектеп бітіру кешін өткізуді, ұстаздарына құрмет көрсетуді әркез қолдаймыз. Әрине, бұл кешті өткізуде қаламен жарысып жатқанымыз жоқ. Бірақ қымбат сыйлықтар беріп, дабыра жасау орынсыз деп білемін. Мен үшін ұлымның алдағы сынағынан сәтті өтіп, өзі қалаған мамандығына оқуға түскені қажет. Сондықтан, ата-ана ретінде мектеп табалдырығын аяқтаған баламның қуанышты кезі үшін әртүрлі шараларына қолдау білдіремін, – дейді бітіруші түлектің анасы.
Пікірлер сөйлесін
Шынында да, мектеп бітіру кешін өткізудің форматы көп. Тек әр мектеп өзіне ыңғайлы форматты таңдайды. Ешкімнің де түлектер мен олардың атааналарын «мектеп бітіру кешін сәнді көйлек киіп, қымбат мейрамханада өткізіңдер, қымбат көлікке мініңдер» деп қыстауға хақысы жоқ. Мектеп бітіру қуанышын тойлаймын десе де, тойламаймын десе де олардың өз еркінде екендігі рас. Әрине, шамасы келген ата-ана баласының қуанышында барын берсін. Ал әлеуметтік жағдайы төмен, көпбалалы отбасындағы балалар қайтпек? Осы ретте психолог мамандар мектеп бітіру кештеріне ақша жинау жасөспірімдер арасында өзіне-өзі қол салуды көбейтетіндігін растайды. Ата-анасына масыл болмайын деп, өздерін өлімге қиятындарға тосқауыл қою үшін не істеу керек? Мамандардың сөзінше, суицидке баратындардың көбі мектеп бітіру кешіне 50-60 мың теңге жұмсамақ түгілі, күнделікті тамағын әзер тауып отырған отбасының балалары екен. Сондай-ақ бітіру кеші үшін отбасылық жанжалдардың да орын алатыны жасырын емес.
– Меніңше, бұл мәселені көпшіліктің талқысына салып, әңгімеге айналдыратындар – ата-аналардың өздері. Өйткені әрбір ата-ана баласының жаңа өмірге қадам басқан қуанышына куә болғысы, атап өткісі келеді. Жағдайы жақсы ата-ана баласынан ештеңені аямайды, әрине. Олар баласына сәнді көйлекті де сатып алып беріп, қымбат «Лимузинді» де жалдауға әзір. Бірақ барлық ата-ананың жағдайы бірдей емес қой. Осыдан барып ата-аналардың пікірі екіге жарылып, араларында алауыздық пайда болады. Жағдайы жоқ ата-ананың бірі қарызданып-қауғаланып, бітіру кешіне сұраған ақшаны қосатын болса, бірі ашық түрде қарсы шығады, тиісті жерге арыз жазып, шағымданады. Қалай десек те, министрлік арнайы шешім шығарып, мектеп бітіру кешін бір ізге түсіргені жөн, – дейді психолог Әмина Кетебаева.
Психологтің айтуынша, қазір ересектермен қатар, балалардың да құндылығы өзгеріп жатыр.
– Бүгінде рухани, адами қасиеттерге емес, материалдық байлыққа ұмтыламыз. Ол қазіргі балалардың бойынан байқалады. Кімнің көйлегі ең әдемі, ең қымбат деген бәсеке бар. Психологиясы қалыптаспаған, ата-анасынан, жақындары мен ұстаздарынан қолдау таппаған, әрдайым көтермелеп, мақтап отырмаған бала бұл жасандылықты дұрыс көреді. Ал қаржы жағынан немесе басқа себептермен мектеппен қоштасу кешіне бармай қалсаң, өкінудің қажеті жоқ. Дәл қазір маңызды болып тұрған осы кеш, ондағы достарың 5 жылдан кейін ешқандай маңызға ие болмайды. Сондықтан пәлендей өкініш жоқ. Үлкен шығынсыз-ақ болашақ өмірге керемет қадам басуға болады, – дейді психолог.
Сондай-ақ мамандар мұндай қымбат кештерден баланың санасында «Өмірде барлығы керемет, әдемі, дайын күйде болу керек» деген ой қалыптасатынын айтады. Соның салдарынан бала күйзеліске түскенде одан шығатын жол таба алмай қалуы мүмкін. Сондықтан да бала жауапкершілікті сезіне білгені дұрыс. Мақаланы жазу барысында түлектердің де пікірін тыңдап көрдік. Олар бұл мерекені 11 жылғы мектеп өмірінің ең кереметі деп санайды. Сондықтан барлығының пікірі бір арнада.
– Мен өмірімдегі ең бір жарқын сәтімнен бас тартқым келмейді. Сондай бір салтанатты етіп өткізбесек те, қимас сәттің жадымда мәңгі қалғанын қалаймын. Ертеңгі күнгі менің әдемі естеліктерім болмақ. Қуанышты сәттер есте қалуы тиіс деп есептеймін, – дейді өзінің есімін атамауды өтінген мектеп түлегі.
Ал ұзақ жыл ұстаздық қызмет еткен ұстаздың бұл турасында айтары бөлек. Ол түлектер мектеп бітіруді тек даңғаза тойлау деп емес, жауапкершілікпен, саналы түрде алға қадам басудың алғашқысы деп білсе екен дейді.
– Негізі мектеп бітіру кешін жасауға рұқсат жоқ. Жыл аяғында ата-аналарға білім ұйымы тарапынан ескертпелер жасалып, түсіндірме жұмыстары жүргізіледі. Өз тәжірибемнен түйгенім, көп жағдайда ата-аналар бұл күнді тойлауға асығатын секілді. Мектептен аттестат алғаннан кейін ата-аналар бұл кешті ұйымдастырады. Себебі жауапкершілік мектепте емес, толықтай өздерінде. Ал мен бұл кешті тойлауға қарсымын. Мәселен, мектепті бірнеше жыл бұрын бітірген түлектер арнайы келіп, сый құрметін көрсетіп жатады. Ол жарасымды. Әрі білім алған мектепке, өскен елге, аяулы ұстазға деген құрмет. Ол уақытта әрбірі өмірден өз орнын сайлап алады. Табысты да өздері табады. Сондықтан қалай тойлаймын, қалай құрметтеймін десе де өз еркі. Осылай өздері жұмыс істеген кезде дүркіретіп тойласа, мархабат. Ал оған дейін ата-ана мектеп бітіріп, үлкен өмірге қанат қаққан баласының ақ тілеуін тілеп отырса жақсы болар еді, – дейді ардагер ұстаз Алтынша Кенжеева.
Қалай десек те, мектеп бітіру кештерін өткізу әлі де жөнге қойылмаған іс. Ең өкініштісі, балаларды мектеп қабырғасынан шықпай жатып, бір-бірімен киіміне, сәніне қарай бәсекелесуге тәрбиелейтін сыңайлымыз.
Өзге елдегі жай қалай?
Мектеп бітіру мерекесі – мектеп бітіріп жатқан балалардың да, олардың ата-аналарының да өміріндегі ең бір есте қаларлық оқиғалардың бірі. Алайда әр елде әрқалай аталып өтіледі. Базбіреулер таң атқанша дүрілдетіп тұрып тойлайды, енді біреулер үшін «Соңғы қоңырау» – бұл мектептегі оқу бағдарламасының және тіпті бітіру емтиханының үлкен бір бөлігі. Қалай болғанда да, түлектер үшін жаздың алғашқы айы мектепті бітіру қамымен жүретін жайдары мезгілді білдіреді. Сценарийлер әзірленіп, мектеп бітіру салтанатына киілетін көйлектер алынады, кешегі оқушылар мектептегі ең жақын достарына мәңгі дос болып қалуға серттесіп жатады.
Әрбір елде мектеп бітірудің өзіндік ерекше дәстүрлері бар. Бұл ресми де бейресми дәстүрлерге қатысты. Әр елдің өзінің ешкімде жоқ немесе кейде күлкілі болып көрінетін әдетсалттары мен бітіру кешінде киетін костюмдерінің арнайы аксессуарлары бар. Біз дүние жүзіндегі мектеп бітірушілердің салт-дәстүрлерін мұқият зерделеп шықтық, енді солардың ең ерекшелеріне тоқталсақ.
Қытайда көпсатылы білім беру жүйесі болғанымен, жоғары мектеп деп аталып кеткен сатыны аяқтау негізгі мектеп бітіру болып саналады. Оқушылардың барлық туыстары мен достары шақырылатын бітіру емтиханы мерекелеудің ресми бөлімін құрайды. Одан соң оқушыларға мектеп бітіргені жөніндегі құжаттар табыс етіледі. Ресми түрде марапаттау салтанатына оқушылар мантия мен академиялық қалпақ киіп барады. Ал бітіру кешінде бозбалалар костюм, бойжеткендер некеқияр көйлегін киіп жүреді.
Скандинавия елдерінде түлектерді «өмір теңізіне» әрқайсысына сәйкесті теңізшінің қалпағын кигізіп жібереді. Кешегі оқушылар өз мектебінің алдынан шерулетіп өтіп, сыныптастар міндетті түрде ән салады. Осыдан кейін түлектердің ата-аналары әрқайсысына ерекше «бой жету» аттестатын – балалық шағындағы ең ұялтып-қызартатын суреттерін тарту етеді. Жақын туыстары мен достары оларға әртүрлі сыйлықтарды табыстайды, оларды міндетті түрде мойындарына іліп алуы керек. Сосын барып түлектер бүкіл қала келіп көретін жалпы қалалық шеруге қатысады.
Күншығыс елі түлектерін бәрінен бұрын ұшырады. Жапонияда оқу жылы көктемде басталатындықтан, мектепті бітіру уақыты – наурыз айы. Бітіру шарасы ресми түрде өтеді және ол бітіру емтиханының құрамына кіреді. Жапондар өздерінің мәдени дәстүрлерін мақтан тұтады, сондықтан бәрі өте салтанатты жағдайда өтеді. Түлектер ән шырқап, халықтық билер билеп, ерекше хореографиялық шеру жасайды. Жігіттерге іскерлік костюм, ал қыздарға тек кимоно киюге болады.
Ал аргентиналық оқушылар олардың атааналары ешқандай әуреге түспейді. Себебі бұл елде мақтану, сәнді де салтанатты мектеп бітіру көйлектері мен костюмдерін кию ерсі саналады. Соңғы қоңырау соға салып, кешегі оқушылар бірбіріне шәрбат, шырын және кетчуп шашады. Шикі жұмыртқа, тәтті нандар және басқа тағамдар тонна-тоннасымен ағып жатады. Обал. Бәрі біткен соң, шаршаған, бірақ риза көңілді түлектер сол күйінде қала көшелерін аралауға шығады.
Жапониядағы сияқты филиппиндіктердің де салтанатты шаралары көктемде өтеді. Ондағы мектептегі соңғы мерекенің ресми және еркін бөлімі бар. Ресми бөлігінде оқушыларға дипломдар және тропикалық климат пен мектептің аяқталғанын білдіретін арнайы медальдар – леялар табысталады. Салтанатты іс-шара аяқтала салысымен түлектер мен олардың жақын туыстары мерекені өз отбасында атап өту үшін үйді-үйлеріне тарайды.
Германияда бітіру салтанаты әрқалай өте береді. Ресми бөлігінде түлектер академиялық киім және төртбұрышты шляпа киеді. Ал салтанатты мерекеден соң тойлау түрі әралуан. Әр мектеп «соңғы қоңырауды» өзінше атап өтеді. Кейбіреулер сән-салтанатты бітіру балын өткізіп, сыныптастар таң шапағын қарсы алуға кетеді. Басқа мектепте арнайы сахналық киімдер киетін кеш дайындайды.
Консервативті Ұлыбритания мектеп бітіру мерекелерін жақтырмайды. Олар жоғары оқу орнын бітіргендерге ғана атап өтуге кеңшілік жасайды. Жоғары мектепті бітірудің ресми бөлігі ғана бар, ол аяқталған соң түлектер көңіл көтеріп, қыдыру үшін қаланы аралап кетеді. Кейбір көңіл жарастырған қыз-жігіттер немесе жақсы достар ата-аналарынан жырақта болу және университеттерге түсер алдында демалып сергу үшін Еуропа елдеріне бір аптаға сапарға шығып қайтуы мүмкін.
Ал америкалықтар ерекше жағдайларды тойлау тұрғысында бізге жақындау. Оған барын салып және алдын ала дайындалады. Мектеп бітіру кеші елдегі ұлттық мерекенің бірі іспеттес. Мектеп бітіру салтанатының ресми және бейресми (бітіру балы) бөліктерімен арнайы комитеттер айналысады. Олардың тәртіптемелері (регламент) үтірнүктесіне дейін жазулы. Балға тек өз жұбыңмен ғана баруға болады, оның үстіне бөгде қызбен немесе жігітпен билеуге болмайды. Ал түлектер балдың патшасы немесе патшайымы атағын алуды Оксфордқа оқуға түсуден көбірек армандайды.
Израильдік мектеп бітіру салтанаты да ерекше өтеді. Оған үлкендерден гөрі балалар көбірек дайындалады. Көбінесе оқушылар өздерінің атааналарына арнап мектеп бітіру сахналық көрінісін әзірлейді. Мұндай іс-шарада театрландырылған қойылым, концерт, мюзикл көрсетіледі. Бұлар мектеп театрларында немесе теңіз жағасында өтеді. Айта кетерлігі, мектеп бітірген соң бәрі, қыздар да, израильдік әскерде қызмет етуге міндетті. Жақсы дәстүр. Себебі одан ешкім бас тартпайды.
Оңтүстік Кореяда мектеп бітіру шарасы таңертең, күн шыға сала басталады. Түске дейін мектепті бітіргенін куәландыратын құжаттар табысталатын ресми бөлігі аяқталады. Мұның бәрі оқушылардың туысқандары мен отбасыларының жақын араласатын дос-жарандарының көзінше болады. Мектептің әнұраны шырқалады, оқушылардың мұғалімдері мен ата-аналарына құрмет көрсетіледі. Бір қызығы, соңғы қоңырау соғылған кезде түлектер бір-бірін шикі жұмыртқамен атқылап, ұнға аунатады.
Мінекей, барлығы болмаса да, біршама елдегі мектеп бітіру салтанатын саралап шықтық. Байқағанымыздай, бұл күнді ата-ана да, бітіруші түлек те ерекше сезіммен күтеді. Әдемі естелігі мол осындай сәтті ерекше етіп өткізген де жөн сияқты. Алайда «қалта жарысқа» жол бермеуді де ойға алған абзал.
Түйін Мектеп түлектерінің ең қуанышты әрі қимас сәті – соңғы қоңырау салтанаты мен мектеп бітіру кеші. Бұл – оқушылардың өмірге қадам басатын ең жауапты кезеңі. Жар құлағы жастыққа тимей жұмыс істеп жүрген әр ата-ана баласы үшін бәріне дайын. Десе де, мақтанға салынып арзан күлкі мен бос ысырапшылдыққа бой бермегеніміз абзал. Мектеп бітіру – мереке емес, ол мақсат қою мен жауапкершілік салтанаты. Алайда бұл сәтті қалай өткіземін десе де, ата-ана мен бітірушінің өз еркі. Ал сіз қалай ойлайсыз, көзі қарақты
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ













