» » ТАРИХЫН ТАНЫҒАН ТАМЫРЫН ТАБАДЫ

ТАРИХЫН ТАНЫҒАН ТАМЫРЫН ТАБАДЫ

Тарих – өткеннің шежіресі, музей – сол шежірені жинақтаушы жәдігерлерді сақтаушы, келер ұрпаққа жеткізуші орын. Кеше мен бүгінді сабақтастырған музей қызметкерлерінің еңбегі айрықша екені белгілі. Олар төл мерекелеріне, яғни халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындарды қорғау күніне толымды табыстармен келіп отыр.
Мерекені атап өту мақсатында бейсенбіде аудандық «Руханият» орталығында орналасқан аудандық тарихиөлкетану музейінде облыстық тарихи-өлкетану музейі мен «Отырар» мемлекеттік археологиялық музей-қорығының бірлесе ұйымдастыруымен «Музей TOUR: экспонаттар экспедициясы» кешенді жобасы аясында «Отырар» мемлекеттік археологиялық музей-қорығының «Отырар алқабының қалалық мәдениеті және тарихи-мәдени мұрасы» тақырыбында жылжымалы көрменің ашылу рәсімі өтті.
Рәсімнің ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Диас Молдабаев, зиялы қауым өкілдері, тарихшылар мен өлкетанушылар, студенттер, музей мамандары қатысты.
Отырар алқабының сан ғасырлық қалалық мәдениеті мен тарихи-мәдени мұрасын кеңінен таныстыру, ұлттық құндылықтарды дәріптеу мақсатында ұйымдастырылған іс-шараны аудандық тарихи-өлкетану музейінің қызметкері Баршагүл Сахиева экспозицияларды таныстырып, көрме қонақтарына экскурсия жүргізді. Атап айтқанда, «Қала құрылысы мен сәулеті мәдениеті» (өрнекті, сырлы қыштар), «Құмыралар – тұрмыстың негізі», «Саптыаяқ – жеке пайдалану мәдениеті», «Дастарқан мәдениеті», «Қақпақтар – ұқыптылық пен сақтау мәдениеті», «Жарық пен кешкі өмір», «Балалар және отбасы мәдениеті», «Монша мен тазалық», «Шыны өндірісі», «Қорғаныс және соғыс», «Сауда және ақша айналымы» және «Зергерлік өнер» тақырыбынан тұратын 12 ветринаның тарихы жайында мәліметтер берілді.
Тарихқа шегініс жасар болсақ, Сырдария мен Арыс өзендерінің бойында орналасқан Отырар алқабы көне заманнан бері отырықшы мәдениет пен қалалық өркениеттің ірі орталығы ретінде қалыптасқан. Бұл өңір әлемге әйгілі Әбу Насыр әл Фарабидің туған жері, Арыстанбаб мәңгілік тыныс тапқан қасиетті мекен ретінде белгілі. Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан Отырар ортағасырлық Шығыстың ірі саяси, мәдени және сауда-саттық орталығы болды. Археологиялық зерттеулер нәтижесінде Отырар алқабында дамыған қалалық мәдениет болғаны дәлелденіп, бүгінде мұнда 200-ден аса тарих және мәдениет ескерткіші есепке алынған.
Музей қонақтары Отырар алқабындағы қалалық өмір, тұрмыс, егіншілік, қолөнер, сауда-саттық, тағы басқа да ақпаратқа қанық болып, ризашылықтарын білдірді. Тарихтың тереңіне бойлап, танымымды кеңейтемін дейтін жандардың аталған экспонаттарды 5 мамырға дейін тамашалай алуға мүмкіндіктері бар.
Мерекеге арналған келесі іс-шара – «Ескерткіштерді қорғау – ортақ міндет» атты дөңгелек үстел отырысына ұласты. Оны аудандық Жыраулар үйінің директоры, жыршы-термеші Айгерім Бостанқызы жүргізіп, отырыстың мән-маңызына түсінік бере кетті.

– Ескерткіштер – ұлттың жады, байлығы және тарихтың тірі куәсі. «Өткенін құрметтеген елдің болашағы баянды» демекші, әрбір тарихи орын мен мәдени мұра – біздің ортақ қазынамыз. Тарихи-мәдени мұраны сақтау ұлттың рухани негізін нығайтатын, өткені мен болашағын сабақтастыратын аса құнды дүние, – деді ол өз сөзінде.

Мәдени-рухани шарада К.Рүстембеков атындағы жыраулар үйінің маманы Гүлфайруз Кенжебекқызы, аудандық тарихи-өлкетану музейінің қызметкері Әзірбек Ілиясбекұлы тақырып аясында баяндамалар жасап, қатысушылардың тарихи танымын, рухани мұраға деген жанашырлық көкжиегін кеңейте түсті.
Басқосуға аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі басшысының міндетін атқарушы Еркінбек Ерсұлтанов, Жыраулар үйінің директоры Айгерім Ешбаева, аудандық «Қармақшы таңы» газетінің бас редакторы Сәрсенкүл Жаудатбекқызы, аудандық тарихи-өлкетану музейінің меңгерушісі Тимур Леденов, аудандық агро-колледж оқытушысы Нұрлыбек Ілиясбекұлы, Т.Көмекбаев атындағы №250 мектеп-лицейінің пән мұғалімі Дәулет Базарбаев және басқалары қатысып, ұсыныс-пікірлерімен бөлісті.
Халқымызда «Тарихын таныған – тамырын табады» деген даналық бар. Сол себепті, ескерткіштерді қорғау – тек мамандардың ғана емес, баршаның ортақ міндеті. Олар үнсіз тұрса да, ғасырлар сырын сақтап, бізге өткеннен сыр шертеді. Мәдениет – ұлт мәйегі екенін ескерсек, осы бағыттағы әрбір бастама ел болашағына жасалған игі қадам. Қоғам болып ұлттық құндылықтарымызды сақтау және болашақ ұрпаққа аманат ету – үлкен жауапкершілік. Әрбір жанның еліне сүйіспеншілігі, қамқорлығы ұлттың мәдени мұрасына деген қамқорлығымен өлшенбек.
Сөз соңында қоса кетеріміз, жергілікті тарихымыз бен мәдениетімізді тани түсуде аудан айнасы бетінен «Қармақшының қасиетті орындары» атты арнайы айдар ашылып, мақалалар жариялануда.
Сәрсенкүл ЖАУДАТБЕК



20 сәуір 2026 ж. 114 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№29 (10497)

21 сәуір 2026 ж.

№28 (10496)

18 сәуір 2026 ж.

№27 (10495)

14 сәуір 2026 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 2 935
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

ҚЫС КӨРІНІСІ
10 қаңтар 2026 ж. 573

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
27282930