» » ЖАҢА ТЕХНОЛОГИЯ – АНА ТІЛІНІҢ ЖАҢА ТЫНЫСЫ

ЖАҢА ТЕХНОЛОГИЯ – АНА ТІЛІНІҢ ЖАҢА ТЫНЫСЫ

Қазіргі жаһандану дәуірінде технологияның қарқынды дамуы адам өмірінің барлық саласына өзгеріс әкелуде. Соның ішінде жасанды интеллект – уақыт талабы мен өркениет көшінің басты қозғаушы күшіне айналып отыр. Осы орайда ұлттық тіліміздің цифрлық кеңістіктегі орнын нығайту, оны жаңа технологиялармен ұштастыру – бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі.
Осы бағытта Халықаралық «Қазақ тілі қоғамы» қоғамдық бірлестігі аудандық филиалының ұйымдастыруымен «Тіл – ұлттың тамыры: Жасанды интеллект – қазақ тілінде сөйлету» тақырыбында мазмұнды да маңызды дөңгелек үстел отырысы өтті. Ісшараға аудандық филиалдың алқа мүшелері, ардагерлер, бастауыш ұйым өкілдері, мәдениет, кітапхана және білім саласының мамандары, тіл жанашырлары, жастар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысып, өзара пікір алмасты.
Жиынның басты мақсаты – жасанды интеллект мүмкіндіктерін таныстыру, оның қазақ тілін дамытудағы рөлін талқылау және ЖИ құралдарын тиімді пайдаланудың жолдарын көрсету болды. Сонымен қатар, жаңа технологияларды ұлттық мүддеге бейімдеу арқылы ана тіліміздің қолдану аясын кеңейту мәселесі кеңінен сөз етілді.
Дөңгелек үстел барысында аудандық «Оқушылар үйінің» «Робототехника» үйірмесінің қосымша білім беру педагогі, программист Нұрлыбек Малаев жасанды интеллекттің даму бағыттары мен болашағы туралы көрсетіп, қазақ тілінде бағдарламалау мен цифрлық өнімдер жасаудың маңыздылығына тоқталды.
Ал №27 мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Шара Нақыпова жасанды интеллектті оқу процесінде тиімді қолдану жолдарын таныстырды. Оның айтуынша, ЖИ құралдары оқушылардың қызығушылығын арттырып қана қоймай, білім сапасын да жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді. Әсіресе, тіл үйретуде интерактивті платформалардың маңызы зор екені айтылды.
Кітап оқуға деген қызығушылықты арттыру мәселесі де назардан тыс қалмады. Бұл тақырыпта аудандық кітапхананың кітапханашы-библиографы Кенжегүл Қошманова жасанды интеллект арқылы оқырман тартудың жаңа әдістерін ұсынды. Ол цифрлық кітаптар, аудиокітаптар және ұсыныс жүйелері арқылы жастардың кітапқа деген қызығушылығын оятуға болатынын атап өтті.
Ал №21 «Тоғжан» бөбекжай-бақшасының музыка жетекшісі Бекзат Махмудова жасанды интеллектті мектепке дейінгі білім беру жүйесінде қолдану тәжірибесімен бөлісті. Ол балалардың шығармашылық қабілетін дамытуда жаңа технологиялардың мүмкіндігі зор екенін көрсетті.
Іс-шара барысында ұсынылған бағдарламалар мен жобалар экран арқылы көрсетіліп, қатысушыларға кеңінен түсіндірілді. Бұл өз кезегінде ЖИ-дің нақты қолдану аясын көзбен көруге мүмкіндік берді.
Жиында аудандық Жастар ресурстық орталығының директоры Нұржұман Пірназаров пен аудандық кітапхананың директоры Гүлшара Қаниева сөз алып, жасанды интеллект туралы өз пікірлерін білдірді. Олар қазақ тілінің цифрлық кеңістіктегі орнын нығайту, қазақ тілінде сапалы контент қалыптастыру және жастарды осы бағытта белсенді болуға шақыру мәселелерін көтерді.
Сондай-ақ аудандық «Қармақшы таңы» газеті бас редакторының орынбасары Ерсін Сәдуұлы, алқа мүшелері Әбдірахман Құлдүйсенов, Шегебай Құндақбайұлы, Жосалы кентінің ардагерлер кеңесінің төрағасы Ерболат Ұзақбаев және аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Кенжебек Таңбаев та өз ойларымен бөлісті. Олар жасанды интеллекттің қоғамға тигізер пайдасымен қатар, оның кейбір қауіптері де бар екенін атап өтті. Мәселен, таяқтың екі ұшы бар дегендей, бүгінде әлем елдері ЖИ-дің игілігін көріп отырғанымен, оның кері әсерлері де жоқ емес. Осыған байланысты қатысушылар жасанды интеллектті дұрыс бағытта пайдалану, оның тек пайдалы тұстарын жүзеге асыру қажеттігін алға тартты.
Жиын соңында іс-шараға белсенді қатысып, өз бағдарламаларын таныстырған тіл жанашырларына аудандық филиалдың Алғыс хаты табысталды.
Жасанды интеллект – болашақтың кілті, заман дамуының заңды көрінісі. Бүгінде ол адам өмірінің барлық саласына еніп келеді. Сондықтан әрбір ұлт осы үдерісті өз мүддесіне сай пайдалана білуі тиіс. Қазақ тілінің дамуы да өз қолымызда. Жаңа технологияларды тиімді қолдана отырып, ана тіліміздің өрісін кеңейту – баршамыздың ортақ міндетіміз.
Ерсін ӘБЛӘКИЕВ
05 сәуір 2026 ж. 95 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№25 (10492)

07 сәуір 2026 ж.

№24 (10491)

04 сәуір 2026 ж.

№23 (10490)

31 наурыз 2026 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 2 805
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

ҚЫС КӨРІНІСІ
10 қаңтар 2026 ж. 505

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
27282930