ЖАСТАРҒА ЖАҢА МҮМКІНДІК
Жасанды интеллект – әлемдегі жаңа төңкеріс алып келетін сала. Оның қамтымаған секторы жоқ. Осыдан он жыл бұрын адам күшін қажет ететін жұмыстарға бүгінде робот күші жегілді. Расымен технология дамыған заманда жасанды интеллектті жоққа шығару, оның мүмкіндігін пайдаланбау қателік болар еді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың былтырғы Жолдауы – заман талабына сай қабылданған маңызды құжат. «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан» атты Жолдау – еліміздің технологиялық болашағына бағытталған нақты әрі жүйелі стратегиялық бағдар. Мемлекет басшысы өз сөзінде ел алдында тұрған өзекті мәселелерді айқын атап өтіп, оларды шешудің заманауи жолдарын ұсынды. Әсіресе жасанды интеллект, цифрлық қауіпсіздік, ІТ мамандарын даярлау сынды салаларға баса мән берілуі – Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігін арттыру жолындағы батыл шешім.
Осы ретте Қазақстан Орталық Азияда алғаш болып «Жасанды интеллект туралы» заң қабылдады. Құжатта жасанды интеллект адамның орнын алмастырмайтыны, тек оның мүмкіндігін кеңейтетін көмекші құрал екені нақты айқындалды. Сонымен қатар технологияны қолданудағы жауапкершілік пен құқықтық реттеу тетіктері белгіленді.
Бұл қадамдардың заңды жалғасы ретінде 2026 жыл «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» деп жарияланды. Президент Жолдауында цифрлық трансформация ел дамуының негізгі тіректерінің бірі ретінде атап өтіліп, ЖИ ұлттық бәсекеге қабілеттілікті арттыратын стратегиялық құрал ретінде айқындалды. Осылайша Қазақстан цифрлық технологияларды уақытша үрдіс емес, ел болашағын айқындайтын ұзақмерзімді таңдау деп қарастырып отыр.
Осыған орай аудандық қоғамдық даму бөлімінің басшысы Н.Шәпи мен IT Park орталығындағы «GRANT master» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры А.Қуанышбаев жасанды интеллектті дамыту бағытындағы өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Аталған меморандумның басты мақсаты – аудан жастарының цифрлық сауаттылығын арттыру, заманауи технологияларды, соның ішінде жасанды интеллект құралдарын меңгеруіне жағдай жасау. Осы мақсатта «Руханият» орталығында жастарды цифрландыру және жасанды интеллект дағдыларына үйретуге арналған арнайы кабинет ашу жоспарлануда.
Жоба аясында жастарға арналған оқыту курстары, тәжірибелік сабақтар және жаңа IT-бастамаларды қолдау көзделіп отыр. Бұл өз кезегінде аудан жастарының бәсекеге қабілеттілігін арттырып, цифрлық экономика талаптарына бейімделуіне мүмкіндік береді. Жасанды интеллект саласын меңгеруге ниет білдірген жастар аудандық жастар ресурстық орталығына хабарласып, ұсыныс білдіре алады.
«ҚТ» ақпарат
















