БАЛА ҚИЯЛЫНЫҢ ҚАНАТЫ
2 сәуір – Балаларға арналған халықаралық кітап күні. Бұл мереке 1956 жылдан бастап Халықаралық балалар мен жасөспірімдер әдебиеті кеңесінің (IBBY) бастамасымен жыл сайын дат жазушысы Ганс Христиан Андерсеннің туған күніне орай атап өтіледі. Бұл күн – баланың рухани дамуына жол ашатын кітаптың маңызын насихаттауға, жас ұрпақтың кітапқа деген қызығушылығын арттыруға арналған ерекше мереке.
Әлем әдебиетінде өшпес із қалдырған Андерсен – балаларға ғана емес, ересектерге де ой салатын терең мазмұнды ертегілердің авторы. Оның «Түймеқыз», «Патшаның жаңа көйлегі», «Жабайы аққулар», «Ұшатын сандық», «Қар ханшайымы» сияқты шығармалары бүгінгі күнге дейін өз құндылығын жойған жоқ. Бұл туындыларда адалдық, мейірімділік, шынайылық пен адамгершілік секілді асыл қасиеттер кеңінен көрініс табады.
Кітап – білімнің қайнар көзі, ақыл-ойдың азығы. Әсіресе бала жастан кітап оқуға дағдыланған ұрпақтың ой-өрісі кең, тіл байлығы мол, дүниетанымы терең болып қалыптасады. Қазіргі цифрлық дәуірде балалардың гаджетке тәуелділігі артып отырғаны жасырын емес. Осындай кезеңде кітаптың қадірін түсіндіру – ата-ана мен ұстаздардың басты міндеттерінің бірі.
Бүгінде кітап дүкендерінің сөрелерінде балаларға арналған кітаптардың түр-түрі толып тұр. Терең ойлы мағынасымен де, қызылды-жасылды бояулармен өрнектелген әсерлі суреттерімен де кәрі-жасты қызықтырмай қоймайтындай. Қай елдің болсын сырлы сұлу аңыздары мен қиял-ғажайып ертегілері де, маржандай тізілген өлең-жырлары да, тілді қырық бұрар жаңылпаштары мен жер жаһандағыны жасырған жұмбақтары да, ақынжазушылардың тілдің майын тамыза айтқан әдемі де, әсерлі сөздері де, халықтың мәнді де мағыналы мақал-мәтелдері де, алты құрлықтың алуан түрлі кереметі де осы кітаптарда өрнектелген. Сөрелерден балаңыз оқитын, бояйтын, жазатынсызатын, тіпті өздері сөйлеп, ән айтып беретін кітаптарды да таба аласыз. Сол себепті балаға ерте бастан кітаптың құндылығын түсіндіру маңызды.
Кітап оқу арқылы бала қиял әлеміне сапар шегеді, жаңа кейіпкерлермен танысады, өмірдің түрлі қырын таниды. Ертегілер баланың тілін дамытып қана қоймай, оның ішкі жан дүниесін байытады, жақсы мен жаманды ажыратуға үйретеді. Сондықтан да әрбір ата-ана баласының қолына ерте жастан кітап ұстатып, бірге оқып, талқылауға уақыт бөлгені жөн.
Кітап – рухани байлыққа бастайтын жол. Ол баланың ең сенімді досы, ақылшысы әрі бағытбағдар берушісі. Болашақтың жарқын болуы – бүгінгі оқырман баланың қолындағы кітаппен тікелей байланысты. Сондықтан кітап оқуды насихаттау – әрқайсымыздың ортақ міндетіміз.
Кітап адамды ойлануға, ізденуге, өзін және қоршаған әлемді тануға жетелейді. Кітап оқыған бала сөз қадірін түсінеді, ойын анық жеткізе алады, қиялы ұшқыр, дүниетанымы кең болып қалыптасады. Кітап – үнсіз ұстаз. Ол ешқашан жалықтырмайды, қайта әр оқыған сайын жаңа ой, жаңа әсер сыйлайды. Сондықтан кітапты тек білім алу құралы емес, адамның өмірлік серігі, рухани досы деп бағалауымыз керек.
А.АХМЕТ

















