БАЛАЛАРДЫ КІТАП ОҚУҒА ШАҚЫРДЫ
Кітап – нәзік те, тұнық әлем. Кітап – білімнің түпсіз терең бастауы. Ұлтымыздың мерейі мен деңгейі, қоғам мен мемлекетіміздің өркенін өсіруде қыруар пайда келтіретін осынау рухани қазына – кітап.
Халықаралық балалар кітабы күні жыл сайын 2 сәуірде атап өтіледі. Бұл күн әлемге әйгілі дат жазушысы Ганс Кристиан Андерсеннің туған күніне орайластырылған. Мерекенің басты мақсаты – балаларды кітап оқуға баулу, әдебиетке деген қызығушылықтарын арттыру және балалар әдебиетін насихаттау. Бұл күнді 1967 жылы Халықаралық балалар және жасөспірімдер кітаптары кеңесі (IBBY) белгілеген. Әр жылы бір ел бұл шараны ұйымдастыру міндетін алады, сол ел арнайы ұран мен плакат дайындайды. Осылайша балаларды әдебиет арқылы шабыттандыруға, олардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға ықпал етеді.
Сәрсенбі күні Төретам кенті кітапханасында даталы күнге орай «Кітап – сарқылмас, рухани қазына» атты ертеңгілік өтті. Мақсаты – оқушыларды кітап оқуға шақыра отырып көркем әдебиеттерді насихаттау, кітаптың шығу тарихын түсіндіру. Ертеңгілік барысында кент кітапханашысы Айгүл Ермахан балалар әдебиеттерінен жасалған «Ертегілер елінде» және «Балаларға базарлық» атты 2 бөлімді кітап көрмесін оқушыларға таныстырды. Сондай-ақ «Тұмар» би тобы тамаша биімен көрерменін тамсандырса, кітап, білім туралы тақпақ айтқан оқушылар да тыңдаушысын сүйсінтті.
Иә, кітап – білімнің кілті, қиялдың қанаты. Оқу арқылы біз жаңа әлемдерді танимыз, ой-өрісімізді кеңейтеміз және өмірге деген көзқарасымызды қалыптастырамыз. Ең бастысы, кітап оқуды әдетке айналдыру керек. Рухани байлықты сақтап қалатын, оны ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп отыратын кітапты оқудан жалықпайық!
Қымбат БЕРДЕШ,
Төретам кенті