АЙМАҚТЫҢ ӨРКЕНДЕУІ – НАҚТЫ ІСТЕР НӘТИЖЕСІ
Сыр өңірінде соңғы жылдары жүзеге асырылып жатқан ірі жобалар аймақтың қарқынды дамуының айқын дәлеліне айналып отыр. Әсіресе әлеуметтік, мәдени және инфрақұрылымдық нысандардың бой көтеруі – Сыр елінің жаңа келбетін қалыптастыруға бағытталған жүйелі жұмыстың нәтижесі.
Жуырда аудан ардагерлерінен құралған делегация облыс орталығындағы бірқатар маңызды нысанды аралап, олардың жұмысымен танысты. Сапар барысында қонақтар ең алдымен 2023 жылы облыстың 85 жылдық мерейтойы аясында ашылған «Отбасы орталығына» табан тіреді. Облыстық бюджеттен 1,6 млрд теңге бөлінген бұл кешен – жастарға отбасын жоспарлау, әлеуметтікпсихологиялық қолдау көрсету, неке қию рәсімдерін өткізу секілді қызметтерді бір жерге тоғыстырған заманауи орталық. Ардагерлер мұндай бастаманың қоғамдағы отбасы институтын нығайтудағы маңызы зор екенін атап өтті.
Келесі нысан – «Достық үйі». Құны 3,7 млрд теңгеден асатын бұл ғимарат этносаралық келісім мен қоғамдық тұрақтылықты нығайтуға бағытталған. Заманауи талаптарға сай салынып жатқан орталық түрлі этномәдени бірлестіктердің басын қосатын маңызды алаңға айналмақ.
Сапар аясында делегация 2024 жылы пайдалануға берілген Қорқыт ата әуежайының жаңа терминалымен де танысты. Жоба құны 20,9 млрд теңгені құрайтын бұл нысан сағатына 250 жолаушыға қызмет көрсету мүмкіндігіне ие. Жаңа терминалда ішкі және халықаралық рейстерге барлық жағдай жасалған. Бұл – өңірдің көлік-логистикалық әлеуетін арттырып, туризм мен экономиканың дамуына серпін беретін маңызды қадам.
Ардагерлер ерекше қызығушылық танытқан орындның бірі «Сыр жұлдыздары» академиясы болды. Құны шамамен 11 млрд теңгені құрайтын бұл кешен балалар мен жасөспірімдердің шығармашылық және ғылыми қабілеттерін дамытуға арналған. Мұнда робототехника, өнер, спорт және ІТ бағыттары бойынша үйірмелер жұмыс істейді. Заманауи білім мен тәрбие ұштасқан орталық – болашақ ұрпақтың сапалы дамуына бағытталған тың жоба.
Сапар барысында делегация «Анаға тағзым» орталығына да ат басын бұрды. 2023 жылы пайдалануға берілген бұл нысан ұлттық құндылықтарды дәріптеп, аналардың қоғамдағы рөлін арттыруға бағытталған. Орталықта түрлі мәдени ісшаралар, кездесулер мен тағылымды жобалар жүзеге асырылуда.
Білім саласындағы жаңашылдықтар да назардан тыс қалмады. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынған жаңа мектептің материалдықтехникалық базасы заманауи талаптарға толық сай. Оқушылар үшін барлық жағдай жасалған білім ордасы – сапалы білім берудің жарқын үлгісі.
Сонымен қатар делегация өңірдегі ірі спорт нысанның бірі – 11 мың орындық «Қайсар аренамен» танысты. Құны 26,5 млрд теңге болатын бұл кешен халықаралық стандарттарға сай, бұқаралық спортты дамытуға кең мүмкіндік бермек.
Сапар аясында жаңадан ашылған «Құзыреттілік орталығы» мен облыстық тарихи-өлкетану музейінің жаңа ғимараты да назарға ұсынылды. Заманауи музейде өңір тарихын танытатын мыңдаған жәдігер сақталып, интерактивті технологиялар кеңінен қолданылған. Бұл – өткен мен бүгінді жалғайтын маңызды мәдени кеңістік.
Жалпы ардагерлер өңірде атқарылып жатқан жұмыстарға жоғары баға беріп, мұндай игі бастамалар аудан көлемінде де жалғасын табуы тиіс екенін жеткізді. Сыр өңіріндегі серпінді жобалар – ел болашағына салынған инвестиция, ал олардың тиімді жүзеге асуы – халық игілігіне қызмет ететін басты фактор.
Ерсін ӘБЛӘКИЕВ

















