ШАҢЫРАҚ – ҰЛТТЫҢ ТҰҒЫРЫ, ОТБАСЫНЫҢ ТҰМАРЫ
Қазақ мәдениетінде шаңырақтың қадір-қасиеті айрықша. Халқымыз үшін шаңырақ – жай ғана киіз үйдің бір бөлшегі емес, ол тұтас бір өмір философиясының, ұлттық болмыстың, рухани сабақтастықтың терең символы. Сондықтан да ата-бабаларымыз жас жұбайлардың отау құрып, шаңырақ көтеруіне ерекше мән беріп, оны үлкен өмірге бастар қасиетті қадам ретінде бағалаған.
Қазақ ұғымында «шаңырақ» сөзі тек тұрмыстық мағынамен шектелмейді. Ол – бірліктің, ынтымақтың, тәуелсіздіктің, ұрпақ жалғастығының белгісі. Көшпенділер дүниетанымында әрбір заттың астарында терең мән жатқан. Сол секілді шаңырақ та киелі деңгейге көтеріліп, халықтың тұрмыстіршілігімен, таным-түсінігімен біте қайнасып кеткен. Киіз үйдің шаңырағы іргені бекітіп, уықтарды біріктіріп қана қоймай, үй ішіне жарық пен жылу түсіретін, тіршіліктің тынысын сездіретін қасиетті нышан.
Осы тұрғыдан алғанда, шаңырақ – көк аспанның күмбезіндей кеңдікті, еркіндікті аңғартса, бір жағынан әр отбасының дербестігі мен тәуелсіздігінің белгісі ретінде қабылданған. Жас отаудың құрылуын «шаңырақ көтерді» деп дәріптеуінің өзі – соның айғағы. Демек, шаңырақ – қауіпсіздік пен тұрақтылықтың кепілі, атадан балаға жалғасқан өмірдің алтын көпірі.
Осы орайда «Наурызнама» онкүндігі аясында ауданымызда шаңырақ күніне орай «Шаңырақ – отбасы берекесі» тақырыбында тағылымды әрі мазмұнды мерекелік іс-шара ұйымдастырылды. Ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған бұл жиын ел ішінде ерекше ықыласпен қабылданды.
Шара барысында жаңа өмірге қадам басқан жас отбасы Ақниет Бағдат пен Альбина Оразымбетоваға салтанатты түрде неке куәлігі табысталды. Үлкендер жағы жаңа өмірге қадам басқан қос жасқа ақжарма тілегін арнап, ақ батасын берді. Бұл сәт – тек екі жастың ғана емес, қос әулеттің қуанышына айналып, жиналған жұрттың жүрегіне жылулық сыйлады.
Мерекелік кешке аудан әкімі Жандос Еркінбек қатысып, тұрғындарды Наурыз мейрамымен және шаңырақ күнімен құттықтап, жүрекжарды лебізін білдірді.
– Қазақ халқы үшін шаңырақ – тек отбасының ғана емес, бүкіл ұлттың тұтастығын айқындайтын қасиетті ұғым. Ол – ата-бабадан аманат болып жеткен рухани құндылықтарымыздың алтын арқауы, ұрпақтар сабақтастығының символы. Әрбір көтерілген шаңырақ – елдің ертеңіне қаланған сенімді қадам, жарқын болашақтың бастауы.
Біз үшін әр отбасының татулығы мен бірлігі – қоғам тұрақтылығының басты кепілі. Өйткені берекелі отбасы – берік мемлекеттің іргетасы. Сондықтан да ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп, отбасылық тәрбие мен ынтымақты нығайту – баршамызға ортақ міндет.
Бүгінгі шара – сол игі бастамалардың жарқын көрінісі. Әсіресе, жаңа өмірге қадам басып, шаңырақ көтеріп отырған жас жұбайларға айтар тілегім – шаңырақтарыңыз биік, керегелеріңіз кең, босағаларыңыз берік болсын! Өмір жолдарыңыз түсіністік пен татулыққа толы болып, ұрпақтарыңыз елге қызмет ететін абыройлы азаматтар болсын! – деді аудан әкімі.
Шара аясында ұзақ жылдар бойы бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп келе жатқан өнегелі отбасылар – Аралбек Әлімшеұлы мен Марияш Қасқабайқызы, Асылбек Ержанұлы мен Торшагүл Әбжанқызы арнайы марапатталып, оларға зор құрмет көрсетілді. Бұл – отбасылық құндылықтарды ұлықтаудың, үлкенге құрмет көрсетудің жарқын үлгісі болды.
Кеш соңында өнерпаздар ән мен жырдан шашу шашып, көрермендерге ерекше көңіл-күй сыйлады. Әуелеген ән мен күмбірлеген күй мерекенің шырайын кіргізіп, көпшіліктің жүрегіне қуаныш ұялатты.
Ақнұр САҒЫНТАЙ
















