» » КӨКТЕММЕН КЕЛГЕН КӨРІСУ ДӘСТҮРІ

КӨКТЕММЕН КЕЛГЕН КӨРІСУ ДӘСТҮРІ

Көктем кереметін бойына жия келетін наурыз айын асыға күтетініміз рас. Себебі бұл ай – мерекеге толы берекелі ай. Соңғы жылдары Наурыз мерекесін ерекше етіп өткізудеміз. Оған себеп – Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Ұлыстың ұлы күні Наурыз мейрамын тойлаудың жаңа тұжырымдамасы. Биыл үшінші рет 14-23 наурыз аралығында халықтық мерекені тойлаймыз. Жеке-жеке аталып өтілетін әр күннің мәнмағынасы қазақ халқының, Қазақстан қоғамының мәдениеті мен дәстүр-салтын, әдет-ғұрпы мен қоғамдық құндылықтарын айшықтайды.
«Наурызнама» онкүндігінің алғашқысы 14 наурыз – «Көрісу күні – Амал мерекесі». Амал мейрамында «амал кірді», «амал келді» деп қуанамыз. Шығыс елдеріндегі күн (шәмси) күнтізбесі бойынша, наурыздың басталуы – хамал (амал) айының 1 жұлдызы есептеледі. Ежелден келе жатқан дәстүр бойынша, халық бұл күні қыстан аманесен шыққанына, көктемге аяқ басып, туыс-туған, көрші-көлеммен жүздескеніне қуанып, қол алысып, төс қағысады. Бір-біріне деген араздық, өкпе-ренішті ұмытып, амандық тілейді.
Ертеде қазақ бұл күнді «Наурыз» демей, «Амал» деп атаған. Амал мерекесі немесе Көрісу дәстүрі – еліміздің батыс өңірлерінде ежелден сақталып, жыл сайын аталып өтілетін. Биыл үшінші рет «Наурызнама» онкүндігіне орай еліміздің барлық аймағында тойлануда.
Бірі білсе, бірі біле бермейтін атаулы мерекенің түп қазығы қай кезеңде қағылған? Нендей мәні бар? Бұл тақырыпқа үңілуді жөн көрген себебіміз – Амал мерекесі бұл күндері жалпыхалықтық мерекеге айналды. Бұл мерекені «Көрісу» немесе «Амал» мерекесі деп атайды. Таң атысымен «Көрісу» мерекесін асыға күткен әрбір отбасы дастарқанын қазақтың құрт, бауырсақ, ірімшік, сарымай, уыз сынды ұлттық тағамдарымен көмкеріп, наурызкөжесін дайындап, табалдырығын аттаған әр қонағын жылы жүзбен қарсы алады. Оларға ерекше ілтипат көрсетіп, төріне шығарып, ас ұсынады. Дәл осы күні әр адам өзінен жасы үлкен кісілердің шаңырағына кіріп, амандасып, көріседі. Барған үйіне «Бір жасыңызбен!» деп еніп, жаңа жылға аман-есен аяқ басқан жора-жолдас, туған-туысқандарын құттықтайды. Бір-біріне деген өкпе-реніштері болса кешіріп, амандық-саулық тілеседі. Сондай-ақ әр отбасы көршілерімен көріседі. Бұл күні әр адам міндетті түрде үш үйдің есігін ашуы керек, яғни түске дейін үш үйге кіріп, көрісіп үлгеруі тиіс деген ырым да бар. Үй-үйді қыдырып жүргенде кішкентай балаларға аналары шағын дорба ұстатып қояды. Балақай қай үйге көрісуге кірсе, сол үйдің дастарқанынан ауыз тиіп, бауырсақ, тәттілерден салып алады. Бұл жоралғы «жыл бойы балаларымыз тоқ жүрсін, дастарқанымыз аралас болсын, қарым-қатынасымызға сызат түспесін» деген ниеттен туған екен.
Аңғарғанымыздай, «Амал» мерекесі мен Наурыз мейрамы – екі бөлек қуаныш, бірақ ұйытар игі ісі бір. Алғашқысы, байырғы бабалар иланып, көне аңыз айғақтаған жаңа жыл болса, екіншісі күн мен түн теңескен, жер жібіген киелі шақ. Түптеп келгенде бірлік пен татулықты ту еткен «Амал» мерекесі қазақ халқының бауырмалдық салтының бір көрінісі екені анық. Амандық сұраудан бастау алатын, шығу төркіні тереңде жатқан айтулы күн Алаш баласына етене жақын. Бұл – мерекенің бастауы ғана. Алдағы уақытта 23 наурызға дейін Наурызнама онкүндігіне сәйкес түрлі бағыттағы ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылатын болады. Амалдан-амалға аман жетейік, оқырман!
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
14 наурыз 2026 ж. 42 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№19 (10486)

14 наурыз 2026 ж.

№18 (10485)

07 наурыз 2026 ж.

№17 (10484)

03 наурыз 2026 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 2 617
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

ҚЫС КӨРІНІСІ
10 қаңтар 2026 ж. 404

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031