» » КӨҢІЛ МЕН КӨКТЕМ МЕРЕКЕСІ

КӨҢІЛ МЕН КӨКТЕМ МЕРЕКЕСІ

Жер көбесі сөгіліп, көктемнің келер сәтін көпшілік күтетіні анық. Себебі көктем – мерекеге толы берекелі мезгіл. Алғыс айту күнімен бастап, аналар күнін атап өтіп, әз Наурызды тойлауға қадам бастық. Былтыр Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамын 14-23 наурыз аралығында халықтық мерекені тойлауға арналған «Наурызнама» онкүндігі жарияланған болатын. Биыл да осы үрдісті жалғап, кеше Амал күнін қарсы алдық.
«Наурызнама» онкүндігінің алғашқысы 14 наурыз – «Көрісу күні – Амал мерекесі». Амал мейрамында «амал кірді», «амал келді» деп қуанамыз. Шығыс елдеріндегі күн (шәмси) күнтізбесі бойынша, наурыздың басталуы – хамал (амал) айының 1 жұлдызы есептеледі. Ежелден келе жатқан дәстүр бойынша халық бұл күні қыстан аман-есен шыққанына, көктемге аяқ басып, туған-туыс, көрші-қолаңмен жүздескеніне қуанып, қол алысып, төс қағысады. Бір-біріне деген араздық, өкпе-ренішті ұмытып, амандық тілейді.
Наурыз парсыша «Жаңа күн». Ертеде қазақ бұл күнді «Наурыз» демей, «Амал» деп атаған. Амал мерекесі немесе Көрісу дәстүрі – еліміздің батыс өңірлерінде ежелден сақталып, жыл сайын аталып өтілетін. Ал былтырдан бері бұл күн Наурызнама онкүндігіне орай еліміздің барлық аймағында тойлануда.
Біздің аудан да мерекені лайықты түрде атап өтті. «Руханият орталығының» алаңы мерекеге орай безендіріліп, «Көрісу күніне» арналған жиын өтті. Қыстың соңғы тоқсаны шығып, жылылық лебін алып келетін мерекеде жиылған жұрт бір-біріне ыстық ықыластарын білдірді. Қазақы үлгіде киінген көпшілікке қарасаңыз көз тояды. Келіншектер қауымы бауырсақ, наурыз көже пісіріп, мерекенің көркін қыздырды. Қыстан аман шығып, бір-бірімен қауышқан көпшіліктің көңілі көтеріңкі. Бір-бірін мерекемен құттықтап, мәре-сәре болды.
Тағылымды іс-шараның алғы сөзі аудан әкімінің орынбасары Самат Смағұловқа берілді.
– Баршаңызды бүгінгі Амал мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Көрісу күнінің басты мақсаты – жасына жас қосып, жаңа жылға аман жеткен үлкендерге құрмет көрсету. Аудандағы әрбір ісіміздің тілекшісі, ақылшысы болып жүрген қарттарымызға алғысымыз шексіз. Біздің міндет – сіздер салған сара жолды жалғау, ел игілігі жолында қызмет ету. Ауданымызда жыл өткен сайын жаңа жобалар, үлкен бастамалар қолға алынуда. «Наурызнама» онкүндігіне сай игі іс-шаралар жалғасын табатын болады. Еліміз тыныш, жұртымыз аман болсын! Ауданымыз өркендеп, дами берсін! – деді Самат Қыдырбекұлы.
Жиынға жиналған жұрттың басым көпшілігі, жиын көркін қыздырған – қазыналы қарттар. Осы ретте аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Асқар Мереков мерекемен құттықтап, Амал мейрамының мән-мағынасы мен тарихына, оның құндылықтарына айрықша тоқталып өтті.
– Қазақта «Өлмеген құлға келді жаз» деген әдемі тәмсіл бар. Жаратқанның берген өмірінің арқасында жаңа жылды көріп жатырмыз. Бұл бізге берілген үлкен сый. Былтырдан бері 10 күн тойланып келе жатқан Наурыз бұл бірліктің мерекесі. Егер елде бірлік болса, ел өркендейді. Ертеректе аталарымыз осы мерекені ең жақсы мейрамның бірі ретінде жоғары дәрежеде тойлаған. Кейін Кеңес уақытында қыспаққа ұшырап, ұлттық тәлім-тәрбие, ұлттық мейрамдарымыздың көбі ұмытылып кеткен-ді. Тәуелсіздік алып, елімізге егемендік орнаған соң Амал мерекесі тойланып жатыр. Ертеректе жол болмаған, атты көлік еткен уақытта ағайын бір-бірімен қар көбесі сөгіліп, күн жылынған осындай кезеңде «Қыстан аман шықтың ба?», «Мал-жаның аман ба?» деп көрісетін болған. Қыстың қытымыр аязынан түгел шыққан туысқанын жаңа жасымен құттықтап, ізгі лебіздерін білдірген. Түп төркіні осылай бастау алған Амал мерекесі баршаңызға құтты болсын! Басыңызға бас, жасыңызға жас қосылсын, – деді аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Асқар Мереков.
Ақсақалдың ақ батасын алған көпшілікке ақ дастарқаннан ыстық бауырсақ пен басқа да қазақтың ұлттық тағамдары ұсынылып, айналада ән мен жыр тербеліп, көрікті алаң көңілге шаттық ұялатты. Күннің ызғарын көңілдің жылуы алмастырған, мерекенің лебін, көктемнің самалын сездірген тамаша іс-шара болды.
Амандық сұраудан бастау алатын, шығу төркіні тереңде жатқан айтулы күн Алаш баласына етене жақын. Бұл – мерекенің бастауы ғана. Алдағы уақытта 23 наурызға дейін Наурызнама онкүндігіне сәйкес түрлі бағыттағы ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылатын болады. Амалдан амалға аман жетейік, оқырман!
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
15 наурыз 2025 ж. 53 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№19 (10387)

15 наурыз 2025 ж.

№18 (10386)

08 наурыз 2025 ж.

№17 (10385)

04 наурыз 2025 ж.

Хабарландыру

Хабарландыру

Хабарландыру

21 қаңтар 2025 ж.
Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 495
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930
31