Өмір – жұмбақ
Артымызда сағым бұлдыр қалды күн.
Ақылымды қару еттім қиналсам,
Үміт жолда қанатымыз талды мың.
Періште де болдық біздер асылы,
Пенделердің дей ме мынау ғасыры.
Жақсылармен қатар жүрдік
жайраңдап,
Жүрегіме қанжар тықты тасыры.
Соның бәрін ойға алып отырмын,
Қасығандай өз қолымен қотырын.
Мендей жандар көп пе екен, шынында
Алдына алып әлдилеген тағдырын.
Тірлік ешбір тауыспайды сұрағын,
Жауап таппай жол үстінде құладың.
Жылағанға қосылады жығылған,
Төзіміңді тізгіндей біл, шырағым.
Көктем, күзім келді талай ауысып,
Бәрін бірдей айту қиын тауысып.
Атқан таңға алғысымды айтамын,
Сынақ атты сылқым қызбен қауышып.
...Жасықты мақтағанмен ас болмайды,
Жаманға тисе билік бас болмайды.
Дос болсаң азаматпен бағың үстем,
Өлгенше жаулық іздеп қас болмайды.
Көп адам тартады ғой жақынына,
Адамның мән берген жөн ақылына.
Жаныңды сөз түзейді, ой ұштайды
Қазақтың не жетеді нақылына?..
Қараймын тағдырыма айнадайын,
Кіршіксіз жүрегіңнен айналайын.
Өмірдің көбі кетіп, азы қалды,
Арымды азық етіп ойланайын.
Қарызбын жан анамның құндағына,
Тәңірім берсін таупық құлға мына.
Өткеннің ұлағатын ойға түйем,
Келер күн дайындалып жұмбағына.
Дастан МЫРЗАБЕКҰЛЫ















