СПОРТТА БЕЛЕСІ БИІК ҚАЙСАР ҚЫЗ
Ауданымызда спорттың дамуына үлес қосып жүрген нәзікжанды спортшылар аз емес. Солардың қатарында жас болса да ел намысын қорғап, талай жарыста топ жарып жүрген талантты спортшы – Ұлтай Сейілова. Оның спорттағы табанды еңбегі мен жетістіктері жас буынға үлгі боларлық.
Ұлтай спорт әлеміне 2012 жылы қадам басқан. Алғашқы жаттығуларынан-ақ табандылық танытып, алға қойған мақсатына жету жолында аянбай еңбек етті. Тынымсыз жаттығудың, жігер мен қайраттың арқасында ол қысқа уақыт ішінде үлкен жетістіктерге қол жеткізді. Нәтижесінде үш мәрте Қазақстан чемпионы атанып, ел мерейін үстем етті.
Ұлтайдың жеңісті жолы мұнымен ғана шектелмейді. Қазақстан біріншілігіндегі табысты өнерінің арқасында Азия чемпионатына қатысып, үш дүркін қола жүлдегер атанды. Сондай-ақ Әлем кубогында күміс жүлдеге ие болып, халықаралық деңгейдегі бәсекелерде де өзінің мықтылығын дәлелдей білді. Ал 2020 жылы белбеу күресінен өткен Әлем чемпионатында қола жүлде алып, қазақ спортшыларының абыройын асқақтатты.
Ол белдесу күресінде ептілігімен, шапшаңдығымен және қайсар мінезімен ерекшеленеді. Оның әрбір жеңісі – тынымсыз еңбектің, төзімділік пен табандылықтың жемісі.
Бүгінде балуан қыз аудандық дене тәрбиесі, спорт және туризм бөлімінің «Спорт клубында» жаттықтырушы болып қызмет атқарады. Жас спортшыларды тәрбиелеуді өзіне үлкен жауапкершілік деп білетін Ұлтайдың қазір 20 шәкірті бар. Ол жас буынға самбо күресінің қыр-сырын үйретіп, оларды жеңіске жетелейтін спорттық жолға баулып келеді.
2025 жылға дейін Ұлтай самбо күресінің спорттық түрімен айналысып, түрлі жарыстарда ел намысын қорғап келді. Қазіргі уақытта жауынгерлік самбо бойынша да белдесіп, жаңа белестерді бағындыру жолында еңбек етіп жүр. Бүгінде ол самбо күресінің екі түрінен де спорт шебері атанып, өз шеберлігін дәлелдеген.
Спортшы ғана емес, білікті жаттықтырушы ретінде де танылып келе жатқан Ұлтай Сейілова – аудан спортының мақтанышы. Оның табандылығы мен еңбеккерлігі жас спортшыларға жігер беріп, болашақ чемпиондардың қалыптасуына жол ашуда. Осындай қайсар қыздарымыз көп болса, қазақ спортының көк туы әрдайым биікте желбірейтіні анық.
Ерсін СӘДУҰЛЫ
















