ҒҰМЫРЫ – ҒИБРАТ, ЖОЛЫ – ӨНЕГЕ
Сыр бойы тұнған тарих, сырлы шежіре, дарабоз дарынды таланттар мекені. Халқына өлшеусіз еңбек сіңірген текті тұлғалардың өнегелі өмірі өсер ұрпаққа баға жетпес байлық. «Асқақтаған амалшыдан аяңдаған адалдық озады» деген халық даналығында. Өзінің үздіксіз жемісті еңбегімен, ізгі ізденісімен, парасатты пайымымен, адами болмысымен, абырой-беделімен азаматтықтың үлгісін қалаған, кеудесі қазынаға толы Нұртілеу Салықов ағамыз жайлы жас ұрпақ біліп өссе деймін.
Қажырлы қайратымен еселі еңбектің бағын жандырған ағамыз 1947 жылы (бұрынғы Ленин совхозында) Тұрмағамбет ауылында дүниеге келген. 1954 жылы К.Ворошилов атындағы №29 орта мектепке қабылданып, 1965 жылы мектепті бітірді. Алғашқы еңбек жолын кеңшарда трактор жүргізушісі болып бастады. 1968 жылы Н.Гоголь атындағы педагогикалық институтқа түсіп, физика-математика мамандығы бойынша бітіріп шықты. 1969 жылы өзі білім алған мектебіне аға пионер тәлімгері болып қабылданды. Мұнан соң спорт әдіскері қызметін атқарды. 1970 жылы Қазақстан ЛКСМ Қармақшы аудандық комитетінің бөлім меңгерушісі болды. Жауапкершілігінің арқасында сол жылы аудандық атқару комитетінің ІІ хатшысы, 1973 жылы аудандық атқару комитетінің І хатшысы қызметтерін атқарды. 1977 жылы Алматы жоғарғы партия мектебінің тыңдаушысы болды. 1979 жылдан бастап аудандық Кеңестің атқару комитетінде төраға орынбасары қызметін атқарды. 1984-1990 жылдары Ауылшаруашылығы институтын инженер-механик мамандығы бойынша бітірді. 1991-1997 жылдар аралығында Ақтөбе ауылында (бұрынғы Чапаев атындағы ұжымшар) төрағалық етті. 1997 жылы облыстық экология биоқорлар басқармасында Байқоңыр кешенді айлағының арнаулы өкілі қызметінде болса, 2001-2005 жылдары Төретам кенті, Ақай ауылдық округінің әкімі, 2005 жылы аудан әкімі аппаратының бөлім меңгерушісі, 2008 жылы құжаттамалық қамтамасыз ету және бақылау бөлімінің жетекшісі қызметтерінде болып, елдің алғысын арқалады. 2011 жылы аудан әкімінің кеңесшісі болса, аудандық ардагерлер кеңесіне төрағалық етті. Туған жерге, елге деген жауапкершілік жүгін одан әрі арттыра түсіп, ауданның қоғамдық-саяси өмірінде өзінің қолтаңбасын қалдырды.
Н.Салықов қызмет еткен аймақта халықтың тұрмыс-тіршілігі жақсарып, елді мекендер көркейді. «Еңбегіне қарай, өнбегі» демекші, мемлекетке, елхалыққа сіңірген елеулі еңбегі ескеріліп, 1987 жылы «Құрмет белгісі» орденімен, 1996 жылы облыстық мәслихаттың Құрмет грамотасымен, бірнеше рет атқарушы органдар мен қоғамдық ұйымдар тарапынан мақтау қағазымен, алғыс хаттарымен марапатталды. Бірнеше рет аудандық кеңес депутаты болып сайланды. Мемлекеттік қызметтен құрметті демалысқа шыққаннан кейін де ауданның қоғамдық-саяси өміріне белсене араласты. Кеудесі қазынаға толы жан зейнет демалысына шыққан соң облыс, аудан, ауыл-аймағындағы қоғам қайраткерлері, елге шырайлы еңбек еткен ерлері, заңғар замандастары жайлы кейінгі ұрпаққа үлгі болар 2 томдық «Ғибратты ғұмыр» естелік кітабын шығарды. «Қазақтың Қаратайы», «Қазыналы жердің қаһармандары», «Тереңнен тін тартқан тектілер» атты кітаптарында 500-ден астам замандасының қадір-қасиетінен хабардар етеді. Туындысында әрбір адамның қарапайым тірлігі, ар-ождан адалдығы, адами болмысы, адамгершілік, ізгілік қасиеттері дәріптелген.
Қайран, елдің ағасы, жұдырықтай жүрегіне әлемнің бар асылын қалай сыйғыза білді екен. Толстойдың «Өмірден жиіркенбей үнемі ләззат алып өтудің бірақ жолы бар. Ол – тіршілікке қажетті жарық сәулені сырттан алмай өзің шырақшы болу, оған өз жаныңнан сәуле түсіріп жана білу» депті. Міне ағамыз да, осындай ұлылықтың отын маздатып, жан-жағына ғибраты мол жол салып кеткен ұлағат иесі. «Адам ғұмыры ұзақтығымен ғана емес, мазмұнымен өлшенеді» деген де даналық бар. Елге жасаған еңбегі, іскер басшылығы, адам баласына жылы жүректі қамқорлығы, әрбір істегі әділеттілігі мен принципшілдігі онымен қызметтес, әріптес, сыйлас, тілектес болған қаншама жанның көкейінде жаңғыруда. Батыл жүрегімен, құйма құлақтығымен, естігені мен оқығанын зерделеп ұмытпайтындығымен шоқтығы биік еді.
Қазақта «Жақсы жар – азаматтың бақыты» дейді. Нұртілеу ағамыздың мамандық таңдауда да, жар таңдауда да жолы болған, қателеспеген.
«Көш бастайтын жігіттің нары басқа,
Ел бастайтын жігіттің жары басқа» деген керемет тәмсіл бар. Данагүл жеңгеміз де Нұртілеу ағамыздың терезесі тең, керегесі кең сенімді серігі болды. Ұзақ жыл жанына жалау, отбасына құт-береке, бақ жұлдызы болып жана білді. Жеңгеміз қазақтың ұлы шежірешісі Үбісұлтан Аяпов атамыздың жиені. Дастарқанның қасиетін, киесін терең түсінетін адам. Азаматын аттан, қазанын оттан түсірмеген, дастарқаны жиылмаған, қонағы тыйылмаған ерекше жан. Ақ күріші жайқалған Сыр елінің гимніне айналған «Сыр сұлуы» әнін алғаш орындаған да осы Данагүл жеңгеміз деп мақтанамыз. М.Мәметова атындағы педагогикалық училищені бітіріп, ұстаздық тәлімімен көп көңілінен шыққан баталы жан. Ол ар тазалығы мен жан тазалығын қатар ұстанған, ағамыздың басына қонған бақыттың баянды болуы үшін бір сәтте аянбаған аяулы жар, асыл ана, ардақты әже. Ер азаматтың еңсесі биік, жүзі жарқын болып биікте жүруі – өзін қолдап, демеу болатын жанжарына да байланысты. Кеңес дәуірінде пионер, комсомол, партияның рөлі зор болды. Аудандық комсомол комитетіне басшылық жасап, жастарды еңбекке баулуда ауылшаруашылық жұмыстарына тартып, егін егуде, мал шаруашылығында комсомол бригадаларын құрып, қаншама жастың еңбек озаты атануына себепші болды. Мемлекет және қоғам қайраткері Д.Қонаевтың «Өтті дәурен осылай» атты кітабында «Қанша биікке көтерілдім, бірақ халықтан аласа екенімді ешқашан ұмытпадым» деген ұлағатты сөзін үлгі етемін. Нұртілеу ағамыздың да қоғамның биік сатыларында, арман асуларында жүріп Отанға, туған жерге деген сүйіспеншілігі, қарапайым адами болмысы көркейіп көріктене түсті.
Дана Абай атамыз 37-ші қара сөзінде: «Өзің үшін еңбек қылсаң, өзі үшін оттаған хайуанның бірі боласың, адамдықтың қарызы үшін еңбек қылсаң, Алланың сүйген құлының бірі боласың» деген еді. Міне, адамдықтың ар жүгін арқалаған Нұртілеу Салықов ағамыз басына іс түссе жасымаған, бақ қонса тасымаған, ағайын-туыстың ғана емес, ел-халықтың жанашыры болған азамат. Әлемнің екінші ұстазы әл-Фараби:
«Ісің оңсын десең,
Сол істің маманы бол.
Даңқың шықсын десең,
Көпшіліктің адамы бол» дегендей, ағай өз ісінің маманы да, көпшіліктің адамы да бола білген тұғырлы тұлға.
Зарипа ТАСЫМОВА,
ардагер ұстаз

















