ЖҮЙЕЛІ ЖҰМЫС – НАҚТЫ НӘТИЖЕ КЕПІЛІ
Білім беру жүйесі – қоғамның әлеуметтік-экономикалық дамуын айқындайтын, ұлттың зияткерлік әлеуетін қалыптастыратын стратегиялық маңызы бар сала. Қазіргі жаһандану жағдайында білім тек ақпарат берумен шектелмей, тұлғаның жан-жақты дамуына және өмір бойы білім алуға бағытталуы тиіс.
Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту саласында аудан бойынша 46 ұйым жұмыс жасайды. Оның 25-і мемлекеттік, 20-сы жекеменшік балабақша және 1 шағын орталық. Бүгінде 2-6 жас аралығындағы 3773 бала мектепке дейінгі ұйымдарда тәрбиеленсе, 712 бала орта мектептердің мектепалды даярлық топтарында білім алуда. Жалпы қамту көрсеткіші 91 пайызды құрайды. Қолжетімді әрі сапалы мектепке дейінгі білім беруді қамтамасыз ету мақсатында 2025 жылға 4516 орынға мемлекеттік білім беру тапсырысы орналастырылды. Өткен жылдың қараша айынан бастап Жосалы кентіндегі «Айлин» бөбекжай-бақшасына және Төретам кентіндегі «Зергек» бөбекжайбақшасына қосымша 40 орын берілді.
Мектепке дейінгі ұйымдарда 553 педагог қызмет атқарады. Оның 394-і жоғары білімді, 159-ы арнаулы орта білімді. 333 педагог біліктілік санатына ие болса, 325 педагог біліктілікті арттыру курстарынан өтті. Ұлттық және адами құндылықтарға негізделген «Біртұтас тәрбие бағдарламасы» барлық ұйымдарда іске асырылып, тәрбиенің мазмұны жаңартылуда. Бірқатар балабақшаларда «Ұлттық құндылық – ұлт болашағы», «Балаларды еңбексүйгіштікке тәрбиелеу», «Жасыл балабақша», «Жасыл әлем – кішкентай зерттеушілер», «Балабақша театры», «IT балабақша» жобалары жүзеге асырылуда.
Мектепке дейінгі ұйымдар ҚР Оқу-ағарту министрлігінің «Балаларды ерте дамыту институты» РММ-нің, облыстық оқу орталығының жоспарына сәйкес өткізілген байқауларға үзбей қатысады. Нәтижесінде, мектеп жасына дейінгі балалар мен олардың ата-аналарының қатысуымен өткізілген «Шебер әке, өнерлі ана, еңбекқор бала» республикалық байқауының облыстық кезеңінде «Үздік композиция» номинациясымен №11 бөбекжайбақшасының педагогы Анар Әбенова, «Ханталапай» ұлттық ойындар республикалық байқауының облыстық кезеңінде ересек топ тәрбиеленушілері арасында ІІ орынды №21 «Тоғжан» бөбекжай-бақшасының педагогы Гүлмира Саукенова, «Өнерім саған – Қазақстан!» байқауының облыстық кезеңінен І орын иеленіп, республикалық фестивальге жолдама алған №5 «Айгөлек» бөбекжай-бақшасының би тобы, (жетекшісі Жадыра Алпысбаева) «Үздік би композициясы» номинациясы бойынша жеңімпаз атанды.
Мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру бойынша мектепке дейінгі ұйымдар Ұлттық білім беру деректер қорына ұйымның барлық мәліметтерін енгізіп отырады. Сонымен қатар, педагогтар «Смарт» бірыңғай кезектілік жүйесі арқылы күнделікті балаларды қабылдаулар жүргізеді және күнделікті баланың қатысуын бақылау және сол арқылы жан басына шаққандағы қаржыландыру үшін «ФейсКазна» жүйесімен жұмыс істейді.
Орта білім беру саласында 30 мектеп пен 2 мектептен тыс мекеме жұмыс жасайды. 2025-2026 оқу жылында 14872 оқушы 791 сыныпта білім алуда. 2172 педагог қызмет етеді. Оның 2102-сі жоғары білімді (96,7%), 68-і арнаулы орта білімді. Педагогтердің 81,8 пайызы кәсіби біліктілік санатына ие: 428 – зерттеуші, 746 – сарапшы, 603 – модератор.
2025 жылғы Ұлттық бірыңғай тестілеуге 766 түлектің 688-і қатысып, ауданның орташа балы 85,1 болды. 54 оқушы «Алтын белгі», 48 оқушы «Үздік аттестат» иегері атанып, ең жоғарғы 138 балды екі оқушы жинады.
Ауданымызда 644 түлек жоғары оқу орындарына, 114-і арнаулы оқу орындарына түсті. Биылғы оқу жылында 903 бітіруші тестілеуге дайындалуда. Олардың арасында 81 түлек «Алтын белгіге», 78 түлек «Үздік аттестатқа» үміткер болуда.
Соңғы жылдары аудан оқушылары Ұлттық бірыңғай тестілеу қорытындысымен облыс бойынша жоғары нәтижелер көрсетіп келеді. Осыған байланысты мектептердің материалдық-техникалық базасын жаңғырту және заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету бағытында сапалы кешенді жұмыстар жүргізілуде.
Мектептер соңғы 5 жылда жаңа модификацияланған 37 химия, биология, физика кабинеттерімен жабдықталды. Кабинеттер заманауи тәжірибе жасауға арналған зертханалық құрылғылармен және жаңа үлгідегі жиһаздармен қамтамасыз етіліп, оқушылардың пәнге қызығушылығын арттыруға мүмкіндік берді.
Мектептердің материалдық-техникалық базасын жетілдіруде Мемлекет басшысының бастамасымен, сонымен бірге аймақ басшысының қолдауымен «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының есебінен 2023 жылы №250 мектеп-лицейі, 2025 жылы №277 мектеп-лицейі әрқайсысы 34 заманауи пәндік кабинетпен жабдықталды. Сонымен бірге өткен жылы 7 мектеп «Қазақстан халқына» қоры арқылы физика, химия, биология кабинеттерімен және заманауи құралжабдықтармен қамтамасыз етілді.
Аудан мектептерінің оқулықпен қамтылуы бойынша 2024-2025 оқу жылында жалпы кітап қоры – 606803, оның ішінде мектеп оқулығы – 462318, көркем әдебиет – 111241, әдістемелік кітаптар – 24528, электронды оқулықтар – 5474, қордың өсуі – 49225.
Оқушыларымыз облыстық және республикалық олимпиадаларда, ғылыми жобалар мен байқауларда жоғары нәтижелер көрсетуде. Облыстық кезеңдерде ондаған жүлделі орын иеленіп, республикалық кезеңдерде де жеңімпаздар қатарынан көрінді. «Зерде» зерттеу жұмыстары байқауында аудан оқушылары толықтай жүлделі орындарға ие болып, бір оқушы республикалық кезеңде І орынды жеңіп алды.
Инклюзивті білім беру бағытында 513 ерекше білім беруді қажет ететін бала тіркелген. 17 мектепте 22 инклюзивті кабинет жұмыс істейді, 29 арнайы маман қызмет етеді. №85 мектеп базасында арнайы сынып ашылып, 12 оқушы білім алуда.
Осы оқу жылында Қазақстан Республикасының білім беру ұйымдарында «Ата-аналарды педагогикалық қолдау орталығы» қызметін ұйымдастыру бойынша нұсқаулық басшылыққа алынды. Білім беру мекемелерінде «Ата-аналарды қолдау» орталығы құрылып, ай сайын жоспар бойынша, бастауыш, орта, жоғары буын ата-аналарына лекция оқылып, түрлі жұмыстар жүргізіледі. «Даналық мектебі» іс-шарасы аясында аталар, әжелер, ағалар клубтары құрылып, мектепішілік, аудандық деңгейде семинарлар, кездесулер, пікіралысу, жарыстар, ашық есік күндері өткізілуде.
Жаңа оқу жылында дәстүрлі түрде өткізілетін аудандық «Мектепке жол» акциясы аясында 1-30 тамыз аралығында 500 оқушыға демеушілікпен қаржылай көмек берілді. Аз қамтылған отбасынан шыққан 3143 баланың құжаты жинақталып, оларға қаржылай көмек көмек берілді.
Цифрландыру бағытында барлық 30 мектеп кең жолақты интернетке қосылған. Интернет жылдамдығы 20-100 Мбит/с аралығында. «BilimClass» электрондық журналы енгізіліп, білім беру процесі толық цифрлық форматқа көшірілді. Бейнебақылау жүйелері орнатылып, мектептердің қауіпсіздігі күшейтілді. 7 мектеп жаңғыртылды. 19 мектепке 1491 парта мен 515 тақта сатып алынды. STEM және пәндік кабинеттер жабдықталды.
Әлеуметтік қолдау аясында 3635 оқушы ыстық тамақпен қамтылды, 3811 оқушыға қаржылай көмек көрсетілді, 451 оқушы жазғы лагерьге жіберілді. 1271 оқушы арнайы тасымалмен мектепке жеткізілуде.
Тәрбие бағытында «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы енгізіліп, барлық білім ұйымдарында іске асырылуда. Аудан әкімі Жандос Еркінбекұлының тікелей қолдауымен Оқушылар үйі жаңа ғимаратқа орналасып, қызметкерлер және ата-аналар алғысын білдіруде.
Аудан педагогтері мен оқушылары республикалық және халықаралық байқауларда жүлделі орындарға ие болып келеді. Нақтылай кетсек, республикалық олимпиаданың облыстық кезеңіне 15 мектептен 46 оқушы қатысып, 22 оқушы жүлдегер атанды. Оның ішінде 6-уы Алғыс хатпен марапатталды. Олимпиада қорытындысымен №277 мектеп-лицейі «Ең үздік аудан мектебі» атанды. Оқушылар арасындағы республикалық ауыл олимпиадасының облыстық кезеңіне 24 мектептен 103 оқушы қатысып, 49 оқушы облыстан жүлдегер, 16 оқушы Алғыс хат иеленді. Республикалық кезеңде 4 оқушы жүлдегер атанды.
2025-2026 оқу жылында жалпы білім беретін пәндер бойынша ауыл олимпидасының облыстық кезеңіне 130 оқушы қатысып, 105 бала жүлделі орын алды.
Республикалық кезеңде жаратылыстану бағыты бойынша 3 оқушы қатысып, жүлделі орындармен оралды. 2024-2025 оқу жылында 2-7 сынып оқушыларына арналған «Зерде» шығармашылық зерттеу жұмыстарына 24 оқушы облыстық кезеңге жолдама алды. Осы оқушының барлығы да жүлделі орынға ие болып, 1 оқушы зерттеудің республикалық кезеңінен І орын иеленіп, жеңімпаз атанды. Жалпы білім беретін пәндер бойынша 9-11 сыныптар аралығындағы ғылыми жобалар конкурсы байқауында 1 оқушы Атырау қаласында өткен республикалық кезеңінен ІІІ орынды иеленді. Республикалық «Үздік педагог» атағы, «Алтын тұғыр» олимпиадасы, «Педагогикалық идеялар фестивалі», халықаралық «DANCE BATTLE» байқауы сынды беделді алаңдарда аудан намысы қорғалды.
Ауданның білім саласы сапалы білім мен саналы тәрбиені ұштастыра отырып, жүйелі даму жолында алға қадам басуда. Жетістіктеріміз – жүйелі еңбектің, дұрыс жоспарлаудың, ұстаздардың кәсіби еңбегінің, ата-аналардың қолдауы мен оқушылар талпынысының жемісі. Алдағы уақытта да сапалы білім беру жолындағы жұмыстар жалғасын табады.
Берік ЖӘНІБЕКОВ,
аудандық білім бөлімінің басшысы
















