Тұрғын үй кезегі қайта жүйеленді: Кімдерге жеңілдік беріледі?
Фото: ашық дереккөз
Елдегі тұрғын үй кезегіне қатысты сауал көбейген тұста Отбасы банк тұрғын үйге мұқтаж азаматтардың деректерін орталықтандырылған түрде жүргізу және мемлекеттік қолдауды әділ бөлу үшін қабылданған нақты шешімдерді жария етті. Банк бұл шаралар кезектен негізсіз шығарылу қаупін азайтып, әлеуметтік осал санаттардың құқығын қорғауға бағытталғанын айтады, деп хабарлайды Egemen.kz.
2025 жылдың мамырынан бастап Отбасы банк тұрғын үйге мұқтаж адамдардың кезегін орталықтандырылған форматта жүргізіп, жалға және кредиттік тұрғын үйді бөлуді қолға алды. Тамыз айында әкімдіктер банкке 642 мыңнан астам кезекте тұрған азаматтың деректерін жолдаған. Қазаннан бастап осы база кезең-кезеңімен тексеріле бастады. Мақсат – деректерді жаңарту және мемлекеттік қолдауды әділ бөлу.
Талдау барысында бұрын толық реттелмеген жүйелік олқылықтар мен азаматтардың жеке жағдайларына қатысты мәселелер анықталды. Олардың қатарында қағаз есептен электрондық форматқа көшу кезінде деректердің жоғалуы, мекенжайдың өзгеруі, мүліктегі мардымсыз үлес, отбасы құрамын тіркеудегі қателіктер, сондай-ақ жетім балалар мен мүгедектігі бар адамдардың құқықтарына қатысты түйткілдер бар.
Осыған байланысты банк азаматтардың құқығын қорғау үшін бірқатар шешім қабылдады. Атап айтқанда, жетім балалардың оқу немесе жұмыс үшін басқа қалаға көшуіне байланысты тіркеуі өзгерсе де, олар кезекке тұрған аймақ бойынша мемлекеттік қолдауды ала береді. Пәтердегі өте аз үлестің болуы енді кедергі емес. 2026 жылдың ақпанынан бастап мұндай азаматтар жалға берілетін тұрғын үй мен жеңілдетілген ипотекаға үміткер бола алады.
Сондай-ақ кредиттік немесе жалға берілетін тұрғын үйден бас тартқанымен, ол үйде нақты тұрмағанын растайтын құжаты бар адамдар қайтадан кезекке тұра алады. Жетім балалар мен мүгедектігі бар адамдарға табыссыз да талапты орындауға, қосалқы қарыз алушылар ретінде екі адамға дейін тартуға рұқсат етілді. Бақша шаруашылығы учаскесіндегі үйі бар азаматтар да кезекке тұру және мемлекеттік қолдау алу құқығын сақтайды.
Деректерді қолмен енгізу кезінде кеткен қателіктер арыз, әкімдік хаты немесе сот шешімі негізінде түзетіледі. Отбасы құрамында бөтен адамдар көрсетілген жағдайда да растайтын құжаттар арқылы түзету мүмкіндігі бар. Әкімшілік реформадан кейін өңірлік шекаралар өзгеруіне байланысты ескірген мәліметтер арыз арқылы жаңартылады. Шетел азаматтарымен некеде тұрған жағдайда жұбайлар инвентаризация кезінде отбасы құрамынан шығарылуы мүмкін.
Ең маңызды жаңалықтардың бірі тұрғын үйді тек деректері жаңартылған, түгендеуден өткен азаматтарға бөлу қағидатының енгізілуі. Бұл kezekte.kz жүйесіндегі ескі мәліметтерге сүйеніп кеткен қателіктердің алдын алуға тиіс.
Отбасы банк қабылданған барлық шешімдер заңнама аясында іске асатынын атап өтті. Банк басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова:
«Кезектегі әр жазбаның артында отбасының өмірі, үміті барын түсінеміз. Біздің міндет әр жағдайды әділ қарастыру. Бұрын жүйеде қателік болса, оны бүгін түзетуіміз керек. Отбасы банк халықтың мұң-мұқтажын естіп отыр және ел тұрғындарының өмірін нақты жақсартатын шешімдер қабылдауды жалғастырады», деді.
Банк алдағы уақытта деректерді жаңарту жұмыстарын жалғастырып, күрделі жағдайларды жедел әрі кешенді қарастыру үшін арнайы тұрғын үй комиссиясын құру мүмкіндігін де жоққа шығармайды.
















