» » ЦИФРЛЫҚ ДӘУІР ЖӘНЕ КІТАП: ҚАРСЫЛАС ПА, СЕРІКТЕС ПЕ?

ЦИФРЛЫҚ ДӘУІР ЖӘНЕ КІТАП: ҚАРСЫЛАС ПА, СЕРІКТЕС ПЕ?

Цифрлық технологиялар дамыған заманда қағаз кітаптардың болашағы туралы түрлі пікірлер айтылады. Электронды құрылғылар мен аудиокітаптардың қолжетімділігі кітап оқудың дәстүрлі формасына қалай әсер етуде? Қағаз кітаптар өзінің маңызын жоғалтты ма, әлде бұл уақытша пікір ме? Тарқатып көрсек.
Озық ойлы ұлт болудың төте жолы
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жас ұрпақтың кітаппен дос болуы керегін үнемі еске салып келеді. Шынында да, бұл – дәл қазіргі сәттегі маңызды мәселенің бірі. Мәселен, Президент Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда «Жас ұрпақтың кітапқа құштарлығын оятуымыз керек. Бұл қиын мәселе екенін түсінемін. Әсіресе, олардың бар назары әлеуметтік желіде болған кезде, тіпті, қиын. Бірақ бұл мәселемен айналысу керек. Сондықтан «Балалар кітапханасы» атты жаңа бағдарламаны қолға алуды тапсырамын. Қазақ әдебиетінің түрлі кезеңдерін және жанрларын қамтитын арнайы тізім жасалуға тиіс. Сол тізімдегі кітаптар барлық балаға қолжетімді болуы керек» деген болатын. Сондай-ақ Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Мереке Құлкеновті қабылдаған кезде де қазақ әдебиетінде қазіргі оқырман талабына сай, іздеп жүріп оқитын қызықты туындылар жазылуы керек екеніне айрықша назар аударды. Оқушылардың рухани дамуы үшін олардың театр, мұражайға, тарихи орындарға жиі барып тұруы да маңызды екенін де қадап айтты.
Бұдан бөлек, бұған қоса Мемлекет басшысының Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде берген тапсырмасы негізінде Оқу-ағарту министрлігі «Оқуға құштар мектеп» республикалық жобасын қолға алғанын білеміз. Осыған орай, Мемлекет басшысының «Qazaqstan» ұлттық арнасына берген сұхбатындағы мына бір сөздерін келтірейік: «Мерзімді баспасөзді үзбей оқимын. Жалпы, мен көп оқитын адаммын. Жақсы мақала немесе сұхбат көрсем, астын сызып оқуға тырысамын. Өзекті мәселе байқасам, оған қатысты тапсырма беремін. Әлеуметтік желідегі өткір жазбаларды да үнемі шолып отырамын. Ал теледидардан жаңалықтар мен сараптамалық бағдарламаларды көремін. Жоспар туралы айтсақ, кейбір ойларымды түртіп қойып, күнделік жазатыным бар. Мүмкін болашақта қажет болар. Келешекте қазіргі өміріміз туралы ауқымды кітап жазу ойымда бар. Амандық болса жазамын». Осындай үлгілі үрдістерді де барынша насихаттау маңызды.
Ал Атырауда өткен Ұлттық Құрылтайда Қ.Тоқаев озық ойлы ұлт болудың төте жолы кітап оқу екендігіне ерекше тоқталды. Биылғы құрылтайда Қызылорда қаласында заманға сай кітапхана құрылысының басталатынын тілге тиек еткен болатын. Кітап – сарқылмас байлық. Кітап оқитын ұрпақ қана елінің ертеңін ойлайды.
Кітап – сананың серігі
Кітап адамзат өркениетінің ажырамас бөлігі. Алғашқы қолжазбалардан бастап Гутенберг баспаханасына дейінгі даму кезеңі ақпараттың кең таралуына жол ашты. Әрбір ұлттың өзіндік жазба мұралары бар. Қазақ халқы үшін «Оғызнама», «Қорқыт ата» кітабы сияқты жәдігерлер – мәдени мұраның асыл қазынасы. Кітаптар арқылы ұрпақтан-ұрпаққа даналық пен тарих жетіп отырды. Қағаз кітаптар білімнің, ғылымның және рухани құндылықтардың басты қайнар көзі ретінде танылды.
Негізінде оқуды әдетке айналдырған жанның ұтары көп. Кітап – рухани қазына, баға жетпес құндылық. Олай болса, құндылыққа жақын болу, оған сүйіспеншілік таныту, кітапты тұрақты серік ету – адами қасиеттің бір қырына айналғаны абзал. Неге десеңіз, оқу сауаттылығы – тұлға қалыптастырудағы маңызды көрсеткіштің бірі. Мектепте рухани адамгершілікке, патриотизмге, еңбекке баулу сияқты, кітап оқу мәдениетін қалыптастыру да тәрбие жұмысының басым бағыттарының біріне айналса дейміз. Бұл мектеп оқушысының оқу іс-әрекетін дамытуға, кітап мәртебесін көтеруге, кітап оқуды әдетке айналдыруға зор ықпалын тигізері хақ.
Оқу не үшін керек? Өзін-өзі жетілдіру, білімін толықтыру үшін. Оқи отырып, ондағы оқиғаны көңілге түйесің, кейіпкердің іс-әрекетін саралайсың, жақсы жақтарын өнеге тұтып, жаман қылықтарынан жиренесің. Көп оқысаң, көп білесің. Жан-жақты білімді адам түрлі тақырыптардан хабардар болып, пікір таластыра алады, білгенімен бөліседі. Қазақ «Білімді мыңды жығады» деп бекер айтпаса керек. Білімі ағыл-тегіл азаматқа өзгелердің құрметі ерекше. Кітапты тек оқып қана қоймай, оның таңдаған саламызға, қызметімізге қатысты тұстарын көшіріп алып, алдағы жұмысыңа пайдаланып жүру де жемісін береді. Білімге ұмтылыс, оқып-үйренуге құштарлық ізсіз кетпейді. Тұрақты түрде оқитын адамның бәсі биік. Қашанда қай ортада болсын айтары бар, білімі терең, көңілге түйгені мол адамның біліктілігі, бәсекеге қабілеттілігі басым болады. Ұлт өнерінің саңлағы Серке Қожамқұлов «Кітап – өмір ұстазы. Сондықтан жастар кітап оқуды күнделікті әдет қылуға тиіс. Кітап оқымай өмірді білу, білім алу мүмкін емес» дейді. Расында, кітап көңіл көкжиегін кеңейтіп қана қоймай, өміріңе мән береді.
Өркениет өзгерісі қауіпті ме?
XXI ғасырда электронды және аудиокітаптардың кеңінен таралуы дәстүрлі кітаптардың беделіне жаңа сын-қатерлер әкелді. Электронды құрылғылардың артықшылығы – олар жеңіл, қолжетімді және көп орын алмайды. Сонымен қатар, мобильді қосымшалар арқылы кітаптарға кез келген уақытта қол жеткізу мүмкіндігі пайда болды. Бірақ бұл жетістіктердің өз кемшіліктері де бар. Мысалы, электронды құрылғылардың жарығы көзге зиян келтіріп, ұзақ оқыған жағдайда шаршау сезімін тудырады.
Зерттеулерге сәйкес, қағаз кітапты оқу адамның ақпаратты есте сақтау қабілетін жақсартып, ойлау жүйесін дамытуға көмектеседі. Психологтар қағаз кітап пен электронды кітап оқу арасында эмоциялық айырмашылық бар екенін айтады. Мәселен, қағаз кітапты оқу кезінде адам мәтінге тереңірек шоғырланып, оқиғаны жақсы түсінеді.
Көптеген оқырман қағаз кітапты оқудың ерекше сезімін жоғары бағалайды. Кітаптың иісі, оның мұқабасын қолда сезіну, парақтарды аудару – бұл процестің өзі оқырманға ерекше шабыт сыйлайды. Сонымен қатар, кітапхана сөрелерінде тұрған жинақталған кітаптар адамның интеллектуалды байлығының белгісіне айналады. Жеке кітапхана жасау – көптеген адам үшін мәртебе. Бұл тек ақпарат алу ғана емес, өзіндік мәдени әлем құру.
Қазақстандық жазушылар мен ақындардың шығармалары да ұлттық рухани байлықты арттыруда ерекше рөл атқарады. Мысалы, Абай Құнанбаевтың қара сөздері, Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы», Шәкәрімнің философиялық ойтолғамдары – әрбір қазақ үшін ерекше қазына. Осы туындыларды қағаз нұсқада оқыған кезде олардың мағынасы мен тереңдігіне толықтай үңілуге мүмкіндік туады.
Цифрлық дәуірде қағаз кітаптардың орнын толығымен электронды құралдар баса алмайтыны анық. Әлемнің ең үздік университеттері мен кітапханалары қағаз кітап қорын сақтап қалуға ерекше мән беруде. Өйткені қағаз кітаптар – мәдени мұра.
Қазіргі ахуал: мәселе неде?
Қазақ халқы ежелден кітапты киелі дүниеге балаған. «Оқы, біл, ізден» деген өсиет – ұлттың болашағына бағытталған қағида. Ал қазіргі жастар үшін бұл өсиеттің жаңа көрінісі – электронды кітапханалар мен онлайн білім платформалары.
Бір жағынан, цифрландыру оқуға қолжетімділікті арттырды. Бұрын сирек кездесетін әдебиеттерді іздеп кітапхананы араласақ, бүгінде бірнеше батырманы басу арқылы қалаған шығарманы оқи аламыз. Электронды кітаптар мен аудиоформаттар – уақыт үнемдеудің тиімді тәсілі. Екінші жағынан, гаджетке тәуелділік терең оқуға кедергі келтіріп отыр. Қысқа мәтіндерге үйренген сана ұзақ мәтінді қабылдауға шыдамсыз бола бастады. Бұл – қазіргі қоғамдағы басты сын.
Кітап оқу мен цифрландыруды бір-біріне қарсы қою дұрыс емес деген де пікір бар. Керісінше, олар бірін-бірі толықтырады дейді. Расында да технология кітапты ығыстырмай, оның таралу жолын кеңейтті. Онлайн кітапханалар, оқу клубтары, электронды платформалар – барлығы оқуға жаңа серпін беріп отыр. Мәселе – адамда. Егер әркім өз уақытын тиімді жоспарлап, ақпараттың сапалысын таңдаса, цифрлық дәуір кітап оқу мәдениетін әлсіретпейді, қайта дамытады.
Цифрландыру – кітаптың жауы емес, жаңа мүмкіндігі. Бастысы – адамда рухани сұраныс, білімге құштарлық болса, ол қағаз кітаптан да, экраннан да қажетті нәрін алады. Сондықтан бүгінгі қоғамның міндеті – технология мен руханиятты үйлестіріп, кітап оқу мәдениетін заман талабына сай жаңаша дамыту. Кітап оқитын ұлт – ойлайтын, ізденетін, өркендейтін ұлт.
Түйін Кітаптың формасы қалай өзгерсе де, оның басты міндеті – білім беру, рухани байыту және ой-өрісті кеңейту болып қала береді. Қағаз кітапты оқу дәстүрін сақтап, болашақ ұрпаққа жеткізу – әрбір адамның міндеті. Сондықтан цифрлық технологиялар дамыған заманда да кітап оқу мәдениетін ұмытпай, оны ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуге атсалысайық. Кітап – сананың серігі, ал оның қадірі – біздің қолымызда. Қазіргі заманның қарқыны қанша жылдам болса да, кітаптың құндылығы ешқашан төмендемейді. Себебі кітап – адам мен уақытты, өткен мен болашақты жалғайтын рухани көпір.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
07 ақпан 2026 ж. 83 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№10 (10478)

07 ақпан 2026 ж.

№9 (10477)

03 ақпан 2026 ж.

№8 (10476)

31 қаңтар 2026 ж.

Хабарландыру

ХАБАРЛАНДЫРУ!

ХАБАРЛАНДЫРУ!

18 қараша 2025 ж.
Шұғыл хабарландыру!

Шұғыл хабарландыру!

04 қараша 2025 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 2 370
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

ҚЫС КӨРІНІСІ
10 қаңтар 2026 ж. 228

Жаңалықтар мұрағаты

«    Ақпан 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
232425262728