Барлық бастама ел игілігіне
Кеше Атырау қаласында Ұлттық құрылтайдың үшінші жиыны өтті. Құрылтайға Президент Қасым-Жомарт Тоқаев және құрылтай мүшелері қатысты. Айта кеткен жөн, Ұлттық құрылтай алғаш рет Ұлытау облысында шақырылды. Өткен жылы құрылтай мүшелері Түркістанда бас қосты. Ал құрылтайдың үшінші жиыны Атырауда өткізілсе, келесі жиын Көкшетау қаласына жоспарланды.
Сөз басында Қасым-Жомарт Тоқаев құрылтай мүшелері мен барша қазақ халқын Көрісу күнімен құттықтады.
– Ең алдымен, мен баршаңызға Көрісу күні құтты болсын дегім келеді. Қыстан аман-есен шыққан туған-туыс, ағайын бір-бірімен қауышып жатыр. Ел арасында Көрісу күні еліміздің батыс аймағына тән мереке деген түсінік бар. Бірақ бұл қазақтың көнеден келе жатқан дәстүрі екенін ұмытпауымыз керек. Сондықтан біз тұтас ел болып, Наурыз мейрамын осы күннен, яғни Көрісу күнінен бастап тойлағанымыз жарасымды болары сөзсіз, – деді Президент.
Мемлекет басшысының айтуынша, жыл сайын өтетін дәстүрлі Ұлттық құрылтай биыл Рамазан айы мен Наурыз мейрамымен қатар келіп тұр.
– Биыл Ұлыстың ұлы күні қасиетті Ораза айының алғашқы күндерімен тұспа-тұс келіп отыр. Ұлттық Құрылтай да Әз Наурыз қарсаңында өтіп жатыр. Ұлыстың ұлы күні табиғат пен тұтас тіршілік жаңарады. Ал Құрылтайда қоғамдық құндылықтарды жаңғырту үшін маңызды қадамдар жасалады. Жаңару мен жаңғыру жақсылыққа жол ашады. Сондықтан Құрылтай мүшелерінің жылына бір рет алқалы жиында бас қосуы игі дәстүрге айналды, – деді Мемлекет басшысы.
Президент Ұлттық құрылтай жиындарында түйіткілді мәселелер көтеріліп, шешімін табу жолында іс атқарылып жатқанын атап өтті. Ұлт болу жолында ұлттық құндылықтар жүйесін қалыптастыруға назар ау- дарды. «Құрылтай – ешқашан той тойлап, әңгіме-дүкен құратын жиын болған емес, келешекте де ондай болмайды. Алдыңғы екі отырыста елімізді дамытуға қатысты маңызды бастамалар көтерілді. Оның біразы орындалды. Жалпы өзгерістер барлық салада болып жатыр» деді ол.
Бүгінде ақпараттық технологияның пайдалы жағын алып, зиянды жағынан сақ болған абзалырақ. Ашығын айтсақ, интернетті талғамсыз пайдалану бала тәрбиесіне теріс ықпал етіп жатыр. Қазір балалар түгілі, ата-аналар да әлеуметтік желідегі мағынасыз контентке тым әуес. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл мәселеге де баса назар аударды.
– Біз, ең алдымен, жастарды кітап оқуға баулуымыз керек. Сонда жаппай кітап оқитын ұлтқа айналамыз. Тәуелсіздік кезеңінде елімізде кітапхана ісі кенжелеп қалды. Тоқсаныншы жылдардағы аласапыран уақытта мыңдаған кітапхана жабылды. Миллиондаған кітап қорынан айырылдық. Соңғы жылдары жағдайды түзеу үшін әрекет жасалып жатыр. Кітапхана – мемлекеттің, ұлттың негізгі жады. Еліміз үшін құнды тарихи деректер мен материалдардың дені кітапханада сақталады. Сондықтан кітапхана ісін дамытуға бей-жай қарауға болмайды. Кітапқұмарлық – жақсы қасиет. Мысалы, көптеген мемлекет Ұлттық кітап күнін атап өтеді. Бөріхан Нұрмұхамедов, Айдос Сарым, Данияр Әшімбаев бастаған құрылтай мүшелері осындай бастама көтерді. Мен олардың Ұлттық кітап күнін белгілеу туралы ұсынысын қолдаймын. Бірақ оны мазмұнды етіп өткізу қажет. Мысалы, түрлі іс-шаралар ұйымдастырып, арнайы жәрмеңкелер өткізу қажет. Шын мәнінде, озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы – кітап оқу. Сондықтан кітап оқу мәдениетін қоғамда барынша орнықтыруымыз керек, – деді Президент.
Сондай-ақ аталған құрылтайда Қазақстанның жаңа Елтаңбасының жобасын жасауға ашық байқау жарияланатыны хабарланды. Жиында қоғамдағы тұрмыстық зорлық-зомбылық, буллинг пен агрессия, вандализм сынды мәселелер көтерілді. Мұнан бөлек те, ел үшін өзекті тақырыптар талқыға түсіп, алдағы жұмыс барысы нақтыланды. Ұлттық құрылтайда мәдени-гуманитарлық саланың және идеологияның жаңа бағдары айқындалды. Осының бәрі ұлттық бірегейлігімізді нығайту және елімізді қарқынды дамыту үшін өте маңызды. Дегенмен, өзгерістердің басты мақсаты – халықтың тұрмыс сапасын жақсартып, әр азаматтың жан-жақты дамуына жағдай жасау.
Дайындаған Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ