Ақпанның алғашқы бейсенбісі Дүниежүзілік сайлау күні

Сайлау – мемлекеттің орнықты саясаты. Әрбір мемлекет саяси шешімдерді қабылдауда қоғаммен пікірлесу және азаматтардың таңдау құқығына сүйенеді.
Бүгінгі күні сайлау институтының болуы демократиялық мемлекеттің жұмыс істеуінің дәлелі. Сайлау институтының даму деңгейі жалпы қоғаммен мемлекеттің демократиялану деңгейін көрсетеді.
Елімізде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен сайлау жүйесінде көптеген оң өзгерістер орын алуда. Саяси жаңғырудың басты мақсаты азаматтардың мемлекетті басқару ісіне қатысуын арттыру болса, бұл сайлау үдерісі арқылы жүзеге асады.
Президент «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» Жолдауында еліміздің сайлау жүйесін жаңа өзгерістер күтіп тұрғанын баса айтты және сол айтылған сөздер бүгінде шындыққа айналды. 2023 жылы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің және мәслихаттарының депутаттарын сайлау, 2021 жылдан бастап аудандағы 12 ауылдық округі мен 2 кент әкімдерінің сайлауы заң талаптары аясында ашық және әділ өтті. Аудан халқы ел болып бірігіп, ұлт болып ұйысып нағыз бірліктің жоғарғы үлгісін көрсетті. Аудандағы дауыс беруге құқығы бар азаматтар осы өткізілген сайлауларда дауыс беру көрсеткіші бойынша облыста алдыңғы қатардан көрініп, халықтың белсінділігі жоғары екенін айғақтап келеді. Мемлекет басшысының принципті ұстанымы мен күш салуының арқасында партияларды нығайтып, азаматтық қоғамды дамытуға қажетті демократиялық талаптар мен адам құқықтары және бостандықтарына қатысты кепілдіктер толығымен беріліп отыр. Тіптен сайлаушылар бұған дейін болып көрмеген «бәріне қарсымын» дауыс беру құқығына қол жеткізді. Демек, осының барлығы, Қазақ елі дамудың жаңа дәуіріне қадам басқандығын және елдің бүкіл саяси жүйесінің түбегейлі өзгере бастағандығын көрсетсе керек.
Жыл сайын ақпан айының бірінші бейсенбісінде Будапештте 2005 жылы 14-17 қыркүйекте өткен Сайлау ұйымдастырушылардың Бас конференциясының шеңберінде белгіленген Дүниежүзілік сайлау күні аталып өтіледі.
Сайлауды ұйымдастыру және өткізу саласындағы мамандар Дүниежүзілік сайлау күнін белгілей отырып, азаматтардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету және сайлау процестерін жақсарту проблемасына жұрттың назарын аудару мақсатын көздеді.
Осы күнді өткізудің басты міндеттері қоғам санасында демократияландыру процесінің қайтымсыздығын бекіту, сайлау процесіндегі жетістіктер туралы жұртшылықты хабардар ету және жас сайлаушылар арасында демократиялық құндылықтарға бейілділікті қалыптастыру.
Дүниежүзілік сайлау органдарының қауымдастығы сайлауды басқару саласындағы әлемдегі ең ірі халықаралық ұйым. Қазіргі уақытта оған 111 елдің сайлауды басқару органы кіреді.
Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы 2013 жылғы қазанда құрылған сәттен бастап Дүниежүзілік сайлау органдары қауымдастығының мүшесі.
Қармақшы аудандық сайлау комиссиясы Дүниежүзілік сайлау күніне орай аудандық іс-шаралар жоспарын әзірледі. Барлық деңгейдегі комиссия мүшелері, азаматтық қоғам өкілдері және жастардың қатысуымен түрлі шаралар өткізіледі.
Осы ретте, сайлауды өткізу мен ұйымдастыру саласындағы әріптестерімді Дүниежүзілік сайлау күні мерекесімен құттықтап, абыройлы қызметпен мемлекет мүддесі жолындағы еңбектеріңізге толағай табыс, дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық тілеймін.
Р.ЕФЕНОВ,
Қармақшы аудандық сайлау
комиссиясының төрағасы















