» » СЫР ӨҢІРІНДЕГІ ҰЛТТЫҚ ҚҰРЫЛТАЙ: ТҰРАҚТЫ ДАМУ МЕН ЖАҢҒЫРУДЫҢ НАҚТЫ ҚАДАМДАРЫ

СЫР ӨҢІРІНДЕГІ ҰЛТТЫҚ ҚҰРЫЛТАЙ: ТҰРАҚТЫ ДАМУ МЕН ЖАҢҒЫРУДЫҢ НАҚТЫ ҚАДАМДАРЫ

Сыр өңірінде кеше Ұлттық Құрылтайдың кезекті отырысы өтті. Ел дамуының маңызды кезеңінде өткен бұл жиын қоғам мен билік арасындағы өзара сенімді нығайтып, ұлттық деңгейдегі басым міндеттерді айқындауға бағытталды.
Құрылтай – мемлекет дамуының стратегиялық бағытын талқылайтын, халықтың үнін ескеруге мүмкіндік беретін маңызды қоғамдық-саяси алаң екені тағы бір мәрте дәлелденді. Секциялық отырыста мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыру, өңірлердің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін күшейту, азаматтардың өмір сүру сапасын жақсарту және ұзақ мерзімді тұрақты дамуды қамтамасыз ету мәселелері кеңінен қозғалды. Сонымен қатар, Сыр өңірінде көтерілген өзекті бастамалар мен ұсыныстар аясында қабылданатын заңнамалық өзгерістерге байланысты нақты түсіндірмелер беріліп, олардың іске асу тетіктері талқыланды.
Құрылтай барысында өңір өкілдері ұлттық деңгейде шешім қабылдауда жергілікті халықтың пікірін ескерудің маңыздылығына ерекше тоқталды. Президент «Су – еліміз үшін стратегиялық маңызды ресурс. Кіші Аралдың суының көлемін айтарлықтай көбейтуге мүмкіндік болады» деді.
– Ұлттық Құрылтай – аймақтардағы нақты мәселелерді ашық көтеріп, оларды мемлекеттік саясатпен ұштастыруға мүмкіндік беретін пәрменді алаң. Төрт жылда құрылтай мүшелері ел өміріне ықпал ететін көптеген маңызды бастама көтерді. Ұлттық құрылтайда айтылған ұсыныстардың негізінде 26 заң қабылданды. Осының өзі Құрылтай ауқымды реформалардың негізгі қозғаушы күші болғанын айқын көрсетеді. Әйелдердің құқығы мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін нақты қадамдар жасалды. Лудоманияға, яғни ойынқұмарлыққа және нашақорлыққа қарсы белсенді күрес жүргізіле бастады. Ономастика саласындағы жұмыстар ретке келтірілді. Мемлекеттік наградалар жүйесіне жаңадан құрметті атақтар енгізілді. Сол арқылы еңбек адамдарының мәртебесі арта түсті. Бұдан бөлек біз ұлттың жаңа сапасын қалыптастыратын басты құндылықтарымызды айқындап алдық. Ұрпақтың болашағына зиянын тигізетін кеселдерге барынша тосқауыл қоятын болдық, – деді ел Президенті.
Құрылтайда көтерілген маңызды мәселелердің бірі – жасанды интеллект туралы заңның қабылдануы. «Цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект қарқынды дамыған сайын ұлттық бірегейлігімізді нығайту өзекті бола түседі. Төл тарихы мен мәдениетін электронды форматқа көшіріп, оны жаһандық цифрлық өркениетке қосқан елдер ғана ұлттық болмысын сақтап қалады. Бұл бастама цифрлық трансформацияны жүйелеуге, инновациялық технологияларды қауіпсіз әрі тиімді қолдануға бағытталған. Заңның қабылдануы өңірлерде де жаңа мүмкіндіктерге жол ашып, білім, медицина, өндіріс және мемлекеттік қызмет салаларында заманауи шешімдерді енгізуге ықпал етпек. Сонымен қатар қоғамдағы кітап оқу мәдениетін дамыту мәселесіне де ерекше мән берілді. Сыр өңірінде соңғы жылдары кітапханаларды жаңғырту, жастарды кітап оқуға ынталандыру, әдеби және мәдени жобаларды жүзеге асыру бағытында бірқатар жұмыстар атқарылып келеді. Бұл бастамалар ұрпақтың зияткерлік әлеуетін арттыруға және рухани құндылықтарды нығайтуға негіз болады.
Кітап – адамзаттың асыл қазынасы, рухани дамудың қайнар көзі. Ақпараттық-технологиялық прогрестің жоғары қарқынына қарамастан, кітаптың адам санасын қалыптастырудағы, ой-өрісті кеңейтудегі орны айрықша. Жуырда Астана мен Алматыда президенттік кітапханалардың құрылысы басталады.
Ұлттық Құрылтай алаңында саяси реформаларды жалғастыру, әлеуметтік мәселелерді жүйелі шешу, білім беру саласын жаңғырту, ақылды технологияларды енгізу, оқулықтарды жетілдіру, жоғары оқу орындарын трансформациялау, ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты күшейту, сондай-ақ азаматтық қоғамды дамыту мәселелері жан-жақты қаралды. «Мемлекеттік саясаттың стратегиялық бағдарының бірі – мәдениет пен өнер. Себебі, қоғамның санасы жаңғырмаса, реформалар ойдағыдай нәтиже бермейді. Бұл – ақиқат. Сондықтан біз руханият мәселелеріне айрықша мән береміз. Бұл салада бұрын-соңды болмаған ауқымды шаруалар қолға алынады. Атап айтқанда, Алматы облысында қазақ драма театры, Абай, Ақтөбе облыстарында театрлар бой көтереді. Шымкентте де опера және балет театрының құрылысы басталмақ.
Ұлттық Құрылтайдың басты мақсаты – елдің тұрақты дамуын қамтамасыз ету, өңірлердің әлеуетін толық іске асыру және азаматтардың мемлекетке деген сенімін нығайту. Қызылордада ашылған жаңа тарихи-өлкетану музейін ерекше атап өткім келеді. Президент өз сөзінде: «Мен күзде қалаға жұмыс сапарымен келгенде мұражайды аралап көрдім. Заман талабына сай салынған орталықта музей ісін ұйымдастырудың тың тәсілдері қолданылған. Бұл тәжірибені басқа облыстарға үлгі етуге болады. Қызылордада жаңа драма театр салу жоспарымызда бар, биыл құрылысты бастауымыз керек» деді.
Президент «Қызылорда облысы барлық салада қарқынды дамуда. Қызылорда қаласындағы тарихи ғимараттың бірі – темір жол вокзалы күрделі жөндеуден өтті. Облыстың жағдайы жалпы жақсы деп күмәнсіз айтуға болады. Бұл – әкім Нұрлыбек Нәлібаевтың белсенді, табанды жұмысының нәтижесі» деп айрықша атап өтті.
Сондай-ақ құрылтайда саяси реформалар төңірегіндегі өзгерістер де айтылды. Еліміз бүкіл адамзатты біріктіретін құндылықтарға арқа сүйеу керек. Тиімді әрі кәсіби Парламент құру керектігін және жаңа Парламентке «Құрылтай» деп атау беру ұсынылды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Мемлекет басшысын кезектен тыс сайлау тәртібіне өзгеріс енгізу қажеттігін айтты. Қорыта айтсақ, Сыр өңірінде өткен бұл жиын сол мақсаттарға жету жолындағы нақты қадамдардың белгісі болды.
Гүлжауһар РАЕВА,
аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы
22 қаңтар 2026 ж. 48 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№5 (10473)

21 қаңтар 2026 ж.

№4 (10472)

17 қаңтар 2026 ж.

№3 (10471)

13 қаңтар 2026 ж.

Хабарландыру

ХАБАРЛАНДЫРУ!

ХАБАРЛАНДЫРУ!

18 қараша 2025 ж.
Шұғыл хабарландыру!

Шұғыл хабарландыру!

04 қараша 2025 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 2 279
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

ҚЫС КӨРІНІСІ
10 қаңтар 2026 ж. 157

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031