ҰЛТТЫҚ ҚҰРЫЛТАЙ: «ӘДІЛЕТТІ ҚАЗАҚСТАНҒА» БАСТАР ЖОЛ
Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан ауқымды саяси реформалар елдің мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртуға, халықтың билікке деген сенімін арттыруға және демократиялық институттарды нығайтуға бағытталған. Осы үдерістің маңызды бір бөлігі – Парламенттік реформа мен Ұлттық құрылтай жұмысы. Жақында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қаринмен және Президенттің құқықтық мәселелер жөніндегі көмекшісі Ержан Жиенбаевпен кезекті жұмыс кеңесін өткізіп, осы бағыттағы жұмыстардың барысын талқылады.
Кеңес барысында Ерлан Қарин Президентке Парламенттік реформа жөніндегі Жұмыс тобының 9-қаңтарда өткен отырысының нәтижелері туралы баяндады. Аталған отырыста болашақ бір палаталы Парламенттің мәртебесі, өкілеттіктері мен функциялары, сондай-ақ оның атқарушы және сот билігімен өзара іс-қимыл жасау тетіктері бойынша нақты тәсілдер әзірленген. Бұл өзгерістер заң шығару органының ықпалын күшейтіп, оның халық алдындағы жауапкершілігін арттыруды көздейді. Ал бейсенбіде өткен отырыста жаңа Парламенттің негізгі мемлекеттік институттардың тұрақты әрі тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз етуге бағытталған өкілеттіктер жан-жақты қаралды.
Өз кезегінде Ержан Жиенбаев Мемлекет басшысын конституциялық реформаға қатысты Жұмыс тобы мүшелері мен қоғам өкілдерінен келіп түскен жаңа ұсыныстармен таныстырды. Бұл ұсыныстардың көпшілігі билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті сақтау, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, жергілікті өзін-өзі басқаруды күшейту мәселелеріне қатысты. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев барлық пікір мен бастаманы мұқият ескерудің маңызын атап өтіп, конституциялық реформалар бойынша түпкілікті шешімді ел азаматтары жалпыұлттық референдум арқылы қабылдайтынын тағы да нақтылады. Бұл – халықтың мемлекетті басқаруға тікелей қатысуын қамтамасыз ететін маңызды қадам.
Аталған кеңесте сондай-ақ Ұлттық құрылтайдың Қызылорда қаласында өтетін бесінші отырысына дайындық мәселесі де қаралды. Мемлекет басшысы Құрылтай отырысын осы жылдың 20-қаңтарына белгіледі және алдағы маңызды жиынды жоғары деңгейде ұйымдастыру жөнінде нақты тапсырмалар берді. Ұлттық құрылтай – қоғам мен билік арасындағы ашық диалог алаңы ретінде ел дамуының стратегиялық бағыттарын айқындауда ерекше рөл атқарып келеді.
Бұған дейін өткен Ұлттық құрылтай отырыстарында ел үшін аса өзекті бірқатар мәселелер көтерілген болатын. Алғашқы құрылтайларда ұлттық бірегейлікті нығайту, тарихи сананы жаңғырту, мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру және мәдени мұраны сақтау мәселелері кеңінен талқыланды. Сонымен қатар білім беру жүйесін реформалау, жастар саясаты, ауылдарды дамыту, әлеуметтік әділеттілік пен өңірлер арасындағы теңсіздікті азайту тақырыптары да назардан тыс қалмады.
Кейінгі құрылтай отырыстарында экономиканы әртараптандыру, шағын және орта бизнесті қолдау, әділ бәсекелестік орнату, сондай-ақ сыбайлас жемқорлықпен күрес мәселелері күн тәртібіне шықты. Қоғамдық бақылауды күшейту, азаматтық қоғам институттарының рөлін арттыру, әйелдер мен жастардың қоғамдық-саяси өмірге белсенді қатысуын қамтамасыз ету де құрылтайда көтерілген маңызды бастамалардың қатарында болды. Бұдан бөлек, экология, су ресурстарын тиімді пайдалану, аймақтардың тұрақты дамуы сияқты ұзақ мерзімді стратегиялық мәселелер де кеңінен талқыланды.
Осылайша, Ұлттық құрылтайда айтылған ұсыныстар мен пікірлер қазіргі Парламенттік және конституциялық реформалардың мазмұнымен тығыз байланысты. Мемлекет басшысы ұсынған «Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасы дәл осы қоғамдық сұраныстарға жауап беруге бағытталған. Алдағы апта Сыр елінде өтетін бесінші құрылтай отырысында да ел дамуының басым бағыттары, реформалардың нақты нәтижелері және болашақ міндеттер талқыланып, жаңа бастамалар ұсынылады деп күтілуде.
Жалпы Парламенттік реформа мен Ұлттық құрылтай жұмысы Қазақстандағы саяси жаңғырудың өзара сабақтас екі тетігі болып отыр. Бұл үдерістердің түпкі мақсаты – халықтың еркін білдіретін тиімді мемлекеттік басқару жүйесін қалыптастыру, елдің тұрақты дамуын қамтамасыз ету және азаматтардың мемлекет ісіне деген сенімін нығайту.
ЕРСІН СӘДУҰЛЫ
















