» » ӨТКЕНДІ САҚТАҒАН, БОЛАШАҚТЫ ОЙЛАҒАН

ӨТКЕНДІ САҚТАҒАН, БОЛАШАҚТЫ ОЙЛАҒАН

Тарихтың тамырын тарқатып, бүгінді ертеңге боямасыз жеткізер архивистерге артылар жүк ауыр. Қазіргі жаһандану заманында қолдағы ақпаратты өңдеу, сақтау, оны сандық базаға енгізу, жаңа технологияларды меңгеру аса қажырлы еңбекті талап етеді. Осындай білікті маманның бірі – Нұржан Аяғанов.
Нұржан Ғазизбекұлы 1990 жылдың 14-мамырында ауданымызға қарасты Ақжар ауылында дүниеге келген. Бала күнінен білімге құштар, ізденімпаз болып өскен ол алғашқы білімін туған ауылындағы №28 орта мектептен алып, кейін Ү.Томанов атындағы №183 орта мектебінде оқуын жалғастырды. Ақпараттық технологияға деген қызығушылығы оны 2005 жылы Алматыдағы экономикалық колледжге алып келді. Мұнда «Есептеу техникасы және автоматтандырылған жүйелерді бағдарламалық қамтамасыздандыру» мамандығын меңгеріп, 2009 жылы «техник-бағдарламашы» біліктілігін иеленді. Ал 2013 жылы «Болашақ» университетін «Ақпараттық жүйелер» мамандығы бойынша тәмамдап, кәсіби білімін одан әрі тереңдетті.
Еңбек жолын Алматы қаласындағы Қазақ ұлттық университетінің Математика және механика ғылыми-зерттеу институтында бағдарлама әзірлеуші қызметінен бастаған Нұржан Ғазизбекұлы 2012 жылдан бастап туған жеріне оралып, аудандық архив филиалында бағдарламашы болып жұмысқа кірісті. Жылдар өте келе жинаған тәжірибесі мен жауапкершілігінің арқасында 2020 жылдан бері ІІ санатты архивист қызметін абыроймен атқарып келеді.
Бүгінде ол Ұлттық архив қоры құжаттарының сақталуын қамтамасыз етіп қана қоймай, архив саласын цифрландыру ісіне де белсене үлес қосуда. Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырмасымен енгізілген «Құжаттардың бірыңғай электрондық архиві» ақпараттық жүйесі аясында архив қоймасындағы құнды құжаттарды цифрландырып, электрондық форматқа көшіру жұмыстарын жүйелі түрде жүргізіп келеді. Сонымен қатар аудан көлемінде аталмыш жүйеге қосылған 26 мекемеге әдістемелік кеңес беріп, семинар-сабақтар ұйымдастырып, техникалық әрі ақпараттық қолдау көрсетіп отыр.
– Бүгінде архив саласы да уақыт талабына сай жаңарып, цифрлық кеңістікке бет бұрды. Соның айқын дәлелі – мекемемізде іске қосылған «Құжаттардың бірыңғай электрондық архиві» ақпараттық жүйесі. Аталған жүйенің толыққанды жұмыс істеуіне жауапты маман ретінде архивтегі барлық үдерістерді электрондық форматқа көшіру жұмыстарын үйлестіріп келемін. Сонымен қатар архив қорында сақталған құнды құжаттар кезең-кезеңімен цифрландырылып, деректер базасына енгізілуде.
Цифрландырудың басты мақсаты – уақытты үнемдеу, ақпаратқа қолжетімділікті арттыру және архив құжаттарының сақталу қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Енді болашақта қажетті құжатты қағаз арасынан ұзақ іздемей, бірнеше секунд ішінде компьютер арқылы табуға мүмкіндік бар. Осылайша, IT саласындағы білімім мен архив ісін ұштастыра отырып, архив жұмысын жаңа деңгейге көтеруге, заманауи талаптарға сай дамытуға өз үлесімді қосып келемін, – дейді Нұржан Аяғанов.
Кәсібіне адал, ісіне тиянақты маманның еңбегі елеусіз қалған емес. 2013 жылы Қармақшы ауданы әкімінің, 2019 жылы Қызылорда облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқарма басшысының, 2021 жылы Қызылорда облыстық мемлекеттік архиві басшысының, 2022 жылы Қызылорда облысы әкімінің, 2023 жылы «Қармақшы аудандық архиві» филиалы басшысының, 2024 жылы Қармақшы ауданы әкімінің, 2025 жылы Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің алғыс хаттарымен марапатталған. Сонымен қатар облыстық «Үздік архивші» байқауының бас жүлде дипломының иегері атанған. Бұл – оның архив саласындағы табанды еңбегінің, жаңашыл көзқарасының айқын дәлелі.
– Негізгі бағытым – сайт жасау. Ақпараттық технология саласындағы тәжірибемнің арқасында мәдениет пен руханият мекемелерінің цифрлық кеңістікте дамуына үлес қосып келемін. Атап айтқанда, облыстық архивтің сайты, Қорқыт ата музейінің, аудандық орталық кітапхананың, Жыраулар үйінің ресми сайттарын жасағанмын. Сонымен қатар, басқа өңірлердегі бірқатар аудандардың да мәдени-ағарту мекемелеріне арналған сайттарын жасап шықтым. Атап айтқанда, Арал, Қазалы, Жалағаш аудандарының кітапханаларына арналған веб-ресурстарды әзірлеу арқылы аймақтық кітапханалардың цифрлық әлеуетін қалыптастыруға атсалыстым, – дейді ол.
Нұржанның жары Кенже Қайратбекова да архив саласының білікті қызметкері. Олардың бір салада қызмет етуі кәсіби түсіністікті арттырып, ортақ мақсатқа жұмылуына себеп болды. Бүгінде олар тату-тәтті, берекелі отбасы болып, 2 ұл, 2 қыз тәрбиелеп отыр. Балаларына ұлттық тәрбие мен заманауи білімді қатар дарытып, адалдықты, еңбекқорлықты және білімге құштарлықты басты құндылық ретінде үйретіп келеді. Отбасындағы өзара сыйластық пен қолдау олардың өмірдегі және қызметтегі жетістіктерінің берік негізіне айналған.
Ақнұр САҒЫНТАЙ
19 қаңтар 2026 ж. 82 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№4 (10472)

17 қаңтар 2026 ж.

№3 (10471)

13 қаңтар 2026 ж.

№2 (10470)

10 қаңтар 2026 ж.

Хабарландыру

ХАБАРЛАНДЫРУ!

ХАБАРЛАНДЫРУ!

18 қараша 2025 ж.
Шұғыл хабарландыру!

Шұғыл хабарландыру!

04 қараша 2025 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 2 260
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

ҚЫС КӨРІНІСІ
10 қаңтар 2026 ж. 141

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031