» » ЕҢБЕК – ЕЛДІКТІҢ АНАСЫ

ЕҢБЕК – ЕЛДІКТІҢ АНАСЫ

«Табанында тектіліктің табы бар,
Ауылды айтса алыстағы сағынар.
Борпылдаған құмы,тас пен талынан,
Талай аңыз, әңгімелер табылар» дегендей, Ақтөбе ауылында техниканы тізгіндеген қыздар еңбек етті. Олар Айжан Берманова, марқұм Шырынкүл Сыдықова, ағайынды Меңдігүл мен Бибігүл Әбуовалар, Әлима Ибраева, Гүлнар Тойынбаева, Ғалияш Ақжанова, Миуагүл Оспанова, Құндызай Сүйіндікова.
Солардың бірегейі – қазір зейнеткер, ардақты ана, асыл әже Мейрамкүл Нұржақыпова жайлы болмақ.
Ақтөбе ауылында (бұрынғы Чапаев) 1959 жылы Сейіт Нұржақыповтың шаңырағында тұңғыш перзенті дүниеге келді. Ол жастайынан нәзік, талдырмаш, ақкөңіл қыз болып өсті. Атаанасы Сейіт аға мен Қалыш апа төзімді, еңбекқор, қарапайым жандар еді. Сейіт аға ауылда жүргізуші, ал Қалыш апа 13 баланың анасы «Батыр ана» болатын. Екеуі де бала тәрбиесіне ерекше қарайтын еді. Соның әсері болар балаларының бәрі еңбекқор, әр саланың мамандары болып қалыптасты. Ата-ана мен ұстаздар тәрбиесіне ден қойған Мейрамкүл қыз табанды еңбекқор еді. Ол 1977 жылы ауылдағы №109 орта мектепті жақсы бітіріп, Жосалыдағы кәсіптік-техникалық училищеге оқуға барды. Келер жылы көктемде механизаторлық мамандықты игеріп, колхоз шаруашылығына араласты. Мейрамкүлге «Беларусь МТЗ-80» тракторын берді. Ол шаруашылықтың тынымсыз тіршілігіне тез бейімделіп, комбайнмен астық бастыруға қатысты. Мал азығына жем-шөп дайындау, көктемде Қарақұм мал жайылымына қой көшіру жұмыстарына қатысып, қиындықты ерлермен бірдей бөлісті.
«1979 жылдың наурыз айында Мырзабек Қарғабаев, Исабек Көміршеев, марқұм Сәдуақас Таңатаров және мен 4 трактор тіркемесімен Сырдарияның арғы жағалауына өтуіміз керек. Дарияда қызыл су жүріп жатқан кез, арғы жағалауда колхоз басшысы Ерназар Сексенбаев әкеміздің «мұз жарылса секіріңдер» деп айқайлаған даусы бергі бетке жетіп тұрды. Жағалауда тұрғандар демін ішіне тартып тұр. Алла күш беріп, төртеумізде аман-есен өтіп, шопандар үйін, бала-шағасын, малын «Шиқайнар» елді мекенге жеткізіп кері қайттық. Бұл жұмыстың қиындығы да, қызығы да көп болды» деп Мейрамкүл құрметпен есіне алды.
1980 жылы Жадыра Тасмамбетова атындағы облыстық ауыспалы жүлдені жеңіп алды. Осы жылы «Еңбек даңқы» медалімен, 1981 жылы «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен марапатталса, 1981 жылы Қазақ КСР-нің Құрмет грамотасымен марапатталды. Аудандық, облыстық партия комитеттеріне мүше болды.
1981 жылы ел аралап атақты артис анамыз Сәбира Майқанова келіп, қыз-келіншектермен кездесу өткізді. Сәбира апа жалындаған қыздарға «Сендер, жастар, Мейрамкүлден көп нәрсе үйренулерің керек. Ақыл десең, ақыл бар, түр десең, түр бар. Ауылшаруашылығы институтында сырттай оқиды. Өзі бір нәзік жан. Облыста бірінші болып комбайнның штурвалына отырған. Күріш ору қиямет қой, оған ердің ері шыдайтын іс. Міне сондай еңбекке барудың өзі бір ерлік. Ал оның үстіне еңбегі жанған айналайын екен. Өмірде ешкімнен артықшылығы жоқ үйдегі 13 баланың бірі ғана. Міне, сендерге керек болса бүгінгі еңбекші қыздың бейнесі» деп ақ батасын берген еді. Бұл жүздесудің тағы бір ерекшелігі, Социалистік Еңбек Ері, Батыр ана Сәлима Жұмабекова анамыздың еңбекке баулыған сөздері қыз-келіншектерге ерекше шабыт сыйлады.
1981 жылы Жосалы қыстағындағы мейрамханада Мейрамкүл мен Әлібектің үйлену тойы өтті. Сол кездегі аудан басшысы Елеу Көшербаев, ұжшар төрағасы Ерназар Сексенбаев екі жақтың ата-анасы, туған-туыстар, әріптестер тойға қатысты. Неке куәлігін атақты механизатор Бибігүл Әбішова тапсырды.
Аудан басшысының ұсынысы мен комсомолдық жолдамамен Төребай би ауылына бұрынғы Жосалы совхозына еңбек етуге барды. Әлібектің анасы ауданның маңдай алды тігінші шебері Ұлшан енесін, қайынсіңілісі Қаламқасты, жас жұбайлар Әлібек пен Мейрамкүлді ауыл басшысы Жақсылық Жалғасбаев жылы шыраймен қарсы алып, төртеуін де жұмысқа орналастырды. Жосалы кеңшарының естелік кітабында атап көрсетілген. Осы ауылда 18 жыл еңбек етіп, өсіп өркендеді. Халқымыздың «Еңбектің наны тәтті, жалқаудың жаны тәтті» деген мақалын Мейрамкүл бүкіл өміріне ұран етіп қойғандай. Өйткені оның ғұмыры маңдай терімен келген табыс пен адал еңбектің айнасы.
Алматы ауылшаруашылығы институтын сырттай оқып, 1988 жылы ғалым-агроном мамандығы бойынша диплом алып шықты. Мейрамкүл бір қолымен еңбек етіп, екінші қолымен білімнің кілтін іздеген қыз. Қазір оның есігінің алдында баубақша, жеміс-жидек жайқалып тұр. Өзі де мал ұстап, май шайқап, құрт, ірімшігін жасап табиғи тамақпен балаларын қамтамасыз етіп отыр. Жұбайы Әлібек екеуі бес баланы аяқтандырып, олардан 13 немере сүйіп отыр. Немерелерінің алды жоғары оқу орнында оқиды. Қазір Қызылорда қаласында тұрады. Туған ауылына жиі келіп араласып тұрады. Мейрамкүлдің аудандық музейде еңбек жолы мен суреті бар.
Облыстағы ардагер аналармен кездесіп, өздерінің парасатты ойларын бөлісіп отырады. Мейрамкүл ананың өмірлік ұстанымы – «қарап отырмай, еңбек ет». Ол еңбектегі жетістігімен де, отбасындағы берекесімен де көпке үлгі болып келеді.
Қарлығаш ЕРМАҒАМБЕТҚЫЗЫ,
ардагер-ұстаз
11 қаңтар 2026 ж. 86 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№2 (10470)

10 қаңтар 2026 ж.

№1 (10469)

06 қаңтар 2026 ж.

№100 (10468)

31 желтоқсан 2025 ж.

Хабарландыру

ХАБАРЛАНДЫРУ!

ХАБАРЛАНДЫРУ!

18 қараша 2025 ж.
Шұғыл хабарландыру!

Шұғыл хабарландыру!

04 қараша 2025 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 2 203
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

ҚЫС КӨРІНІСІ
10 қаңтар 2026 ж. 77

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031