СЫР ЕЛІНІҢ СӘЛИМАСЫ
Түгін тартса, майы таматын құнарлы жердің қойнауын игілікке кенелтіп, халықтың құрметіне бөленген жандар бізде жетерлік. Еңбекті өмір салтына айналдырған қарапайым еңбек адамдарын былай қойғанда, Социалистік Еңбек Ері деген ресми құрметті атаққа ие болғандардың саны біздің облыста жүзден асады. Демек, сырбойылықтар ерен еңбектің парқын біледі, мәні мен мағынасын түсінеді, қадірі мен қасиетін барынша жоғары бағалайды. Егер Еңбек Ерінің қасына Ана деген ардақты сөз қосылатын болса, онда бұл тіркестің мазмұны шексіз асқақтап, шалқары теңдессіз кеңейеді.
Жұмабекованың ел үшін төккен маңдай тері, еңбектері туралы жазылған деректер оқырмандарға бұрыннан таныс екендігін білеміз. Ол 1935 жылы Қармақшы ауданының бұрынғы «Жаңа бақыт» ауылында (қазіргі Дауылкөл елді мекенінде) дүниеге келген. Әкесі Жұмабек Өсербайұлы мен анасы Баймаханқызы Ақсалы орта шаруа деңгейінде күн кешкен қарапайым жандар болатын. Әкесі Жұмабек елдің балаларын әл-ауқатына қарамай оқытып, сауаттарын ашқан, ескіше сауатты кісі болса, анасы Ақсалы өте қайратты, жігерлі, рухы таза қайырымды кісі еді.
Әкесі Жұмабек майдан даласында ерлікпен қаза табады. Отбасында анасы Ақсалы, апасы Жәмила, інісі Жаухарбек болды. Сол кездегі тұрмыстың, күнкөрістің ауыр азабын тартып, балалық өмірінің қызығын көрмей өсті десек болады. Жастайынан жетімдіктің ауыр жүгін арқалаған ол жас болса да, анасы мен апасына көмекші болып, басын тік ұстады. Буыны қатпай тұрып масақ терді, сиыр бақты, сауыншы болды.
1953 жылы Ноғай ағаймен бас қосқан соң, оның еңбек жолы Тұрмағамбет ауылымен тікелей байланысты болды. Тек Ноғай ағамыз кездейсоқ өмірден ерте кетіп, Сәлима апамызға орны толмас қайғы әкелгенімен ақыры қайыр болып, еңбегімен халық арасында зор бедел иеленді. Шаруашылықта құрылысшы болып жұмыс атқарды. 1964 жылы атақты диқан Ыбырай Жақаев бүкіл облыс жастарына үндеу тастап, оларды күріш егуді қолға алуға шақырған. Осы үндеуді қолдап, апамыз күріш сушысы болып жұмыс жасайды. Қиын шаруа болса да, алған бағытынан қайтпайтын Сәлима анамыз осы жолды таңдап, сол жылы бітік күріш өсірді. 1966 жылы ауылшаруашылығындағы үздік табыстары үшін «Құрмет белгісі» орденімен марапатталды.
Сәлиманың ұйымдастырушылық, адам жанын түсініп, тіл табыса білетін қабілеті бар екендігін бағалаған ауыл тұрғындары сенім білдіріп, 1967 жылы Дауылкөл ауылдық Кеңесінің төрағасы болып сайланды. Сәлима Жұмабекқызы КПСС ХХVІ, Қазақстан Компартиясының ХІІІ– ХІV съездеріне делегат болып қатысты. 1979 жылы Мәскеу қаласында өткен КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаттығына сайланды. Сонымен қатар одан кейін республикалық және одақтық дәрежедегі үлкен форумдарға қатысты. КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1980 жылғы 4-наурыздағы Жарлығымен Сәлима Жұмабековаға Социалистік Еңбек Ері атағы берілді. Бұл еңбектегі ерен еңбегі үшін берілетін одақтық дәрежедегі ең жоғары марапат болатын.
Елден шыққан Сәлима апамыздай батырларға қандай құрмет көрсетілсе де ешбір артықтық етпес деп білеміз. Батыр ана, Социалистік Еңбек Ері, Қызылорда облысының құрметті азаматы, атақты күрішші Сәлима апамыз 2020 жылдың 27-наурызында дүние салып, Тұрмағамбет ауылындағы әулеттік қорымға жерленді.
Көзі тірі болғанда биыл 90 жасты еңсерген болар еді. Міне, ауылы үшін аянбай тер төккен мұндай еңбекқор жандар ғасыр өтсе де елінің есінде мәңгі жатталып қала бермек.
Самал РЫСБАЕВ,
аудандық тарихи-өлкетану музейінің әдіскері