ҚАРМАҚШЫДА ЖЫЛ ҚОРЫТЫНДЫСЫ ӨТКІЗІЛДІ
Ш.Төлепова атындағы аудандық мәдениет үйінде «Қош келдің, Жаңа жыл!» атты 2025 жылдың қорытындысына және Жаңа 2026 жылды қарсы алуға арналған салтанатты іс-шара өтті.
Мерекелік жиында аудан әкімі Жандос Еркінбек жиналған жұртшылықты келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен құттықтап, өткен жылдың аудан үшін тарихи маңызы зор, табысты кезең болғанын атап өтті.
-Қадірменді жерлестер! Алдымызда тұрған жаңа жыл – жаңаша серпін мен биік мақсаттар жылы болмақ. Бірлігіміз бекем, ынтымағымыз мықты болса, кез келген межеге қол жеткізе аламыз. Алдағы уақытта да ауданымыздың әлеуетін арттыруға, халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған жұмыстар жалғасын табады. Жаңа жыл баршаңызға жақсылықтың жаршысы болсын. Әр шаңырақта шаттық пен татулық орнасын. Ұрпағымыздың болашағы жарқын, елдің еңсесі биік болғай,- деді Жандос Еркінбек.
2025 жылы аудан бюджеті жоғары өсім көрсетіп отыр. Бастапқыда 12 млрд 176 млн теңге болып бекітілген бюджет жыл ішінде үш мәрте нақтыланып, 22 млрд теңгеге дейін ұлғайған. Қосымша қаржы көздерін тарту арқылы аудан бюджетінің көлемі 80,9 пайызға артқан.
Сондай-ақ аудан басшысы жаңадан бой көтерген заманауи ғимараттарды, ашылған әлеуметтік нысандарды, пайдалануға берілген тұрғын үйлерді, жүзеге асырылған ауқымды жобаларды және алдағы уақытқа қойылған нақты міндеттерді атап өтті.
Салтанатты іс-шара барысында ауданның дамуына елеулі үлес қосқан бірқатар азаматтар облыс әкімінің және аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Сонымен қатар жыл бойы өз саласында жоғары нәтижеге қол жеткізген аудан жанашырлары «Жыл үздігі» номинацияларын иеленді.
Сондай-ақ бірқатар мекеме басшыларына өңіріміздің дамуы мен өркендеуіне үлес қосқаны үшін Байқоңыр қаласының 70 жылдығына арналған мерейтойлық медалі табысталды.
Іс-шара аудан өнерпаздарының мерекелік концерттік бағдарламасымен жалғасып, көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Қармақшы ауданы әкімінің баспасөз қызметі
















