ТАРИХИ ДЕРЕКТІ ЕҢБЕК КӨПШІЛІККЕ ТАНЫСТЫРЫЛДЫ
Ауданымыздағы «Руханият орталығында» Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының 35 жылдық мерейтойы және Қызылорда облысындағы ең көне діни ғимарат «Айтбай» мешітінің 150 жылдығына орай жарық көрген «Айтбай мешіті: аңыз бен ақиқат» атты тарихи деректі кітаптың таныстырылымы өтті.
Жиынға аталған кітаптың авторлары, жерлесіміз Ақпарат саласының үздігі Нұрсұлтан Мықтыбай мен Қызылорда қалалық «Айтбай» мешітінің имамы Асхат Асқарұлы арнайы қатысты. Шараны аудан әкімінің орынбасары Самат Смағұлов жүргізіп отырды.
– Баршаңызға белгілі, биыл Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының құрылғанына 35 жыл толып отыр. Осыған орай, «Алаштың анасы» атанған Сыр өңіріндегі ең көне құлшылық үйі, іргетасы қалана бастағанына биыл 150 жыл толып отыр. «Айтбай» мешіті – Қызылорда облысындағы ең көне діни ғимарат ғана емес, сонымен қатар, сәулет өнерінің де ең ескі ескерткіші болып табылады. Бұл ескерткіш – Қызылорда қаласының ғана емес, жалпы, Сыр өңірінің тарихи мақтанышы деуге негіз бар, – деді ол.
Сонымен қатар рухани кездесуге ардагерлер, үкіметтік емес ұйым өкілдері, тарихшылар, кітапхана және музей қызметкерлері қатысты.
Жиын барысында мешіт тарихына қатысты бұрын көпшілікке беймәлім болған тың деректер, ел аузында сақталған аңыз-әңгімелер ғылыми тұрғыда сараланып, жұртшылық назарына ұсынылды.
– «Алаштың анасы» атанған қасиетті Сыр өңірінде тарихы тереңнен тамыр тартқан құлшылық үйлері аз емес. Солардың ішінде іргетасы қаланғанына бір ғасырдан астам уақыт өткен «Айтбай» мешітінің орны айрықша. Бұл тағылымды туындыда мешіттің салыну тарихы, бастан өткерген сындарлы кезеңдері мен рухани маңызы нақты деректерге сүйене отырып баяндалады. Сондай-ақ кітаптан бөлек деректі фильм де жарыққа шықты, – деді «Айтбай» мешітінің имамы Асхат Асқарұлы.
Келесі кезекте журналист Нұрсұлтан Мықтыбаев сөз тізгінін алып, «Айтбай» мешіті өзінің 150 жылға жуық тарихында қилы тағдырды бастан өткергенін, ел өмірінде орын алған саяси оқиғалардың «Айтбай» мешітін де айналып өтпегеніне тоқталды.
– Кітапты жазу барысында бірнеше Айтбай есімді азаматты таптық. Десек те зерттеу барысында «Айтбай» мешітінің салынуына Сыр бойында өмір сүрген Айтбай Балтабайұлы ықпал еткенін нақтыладық. Ол Сыр елінде ислам дінінің насихатталуына ерекше еңбек сіңірген, мешіт салып, қайырымдылықпен айналысқан. Жалпы Балтабаевтар әулеті Бұхарамен сауда-саттық жасаған ауқатты қазақ отбасылардан болған. Кейіннен оның әулеті қуғынсүргінге ұшырап, отбасының өндіріс орындары, малқожалығы, тұрмыстық мүлкі түгелдей тартып алынып, ақыры олар отбасымен бірге туған жерін тастап кетуге тура келеді.
Мешіт үйі 1940-1970 жылдарда жатақхана, корей театры ретінде пайдаланылды. Ал 1988 жылы мешіт ғимаратын облыстық филармонияға беру туралы шешім қабылданған. Мешіт ғимаратын облыстық филармония залына бейімдеу жұмыстарымен қатар, оның алғашқы концертіне де дайындық қызу жүріпті. Бірақ мешіт филармонияға айналмайды, ішінде концерт те қойылмайды. Оған ұлт мәдениетінің жоқтаушысы, қандай қызметте болсын елдіктің ерен үлгісін танытқан мемлекет және қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібеков себепші болады, – дейді кітап авторы. Жиында кітапты алғашқы болып оқығандардың бірі ретінде Қармақшы ауданының құрметті азаматы Әбдірахман Құлдүйсенов те сөз сөйледі.
– Аталған кітап – бір ғана ғимараттың емес, тұтас бір дәуірдің тағдырын арқалаған, өткен мен бүгінді сабақтастырған құнды рухани мұра. Ол келер ұрпаққа тарихтан тағылым алып, ұлттық жадыны жаңғыртуға қызмет ететін маңызды еңбек болары сөзсіз. Кітап жылдар бойынша хронологиялық тізбекпен, кезең-кезеңмен жазылған. Әрбір кезең немесе маңызды оқиғаларға бөлек тақырып арналады. Авторлар оны жазу барысында тек фактілерге ғана сүйенген. Әр бөлімде дәлел-дәйектер мен растайтын құжаттар, суреттер қоса беріліп отырады, – деді ол.
Шара соңында қатысушылар көкейдегі сауалдарын ортаға тастады. Авторлар ардагерлерге және Орталық кітапхана қорына қасиетті орынның өткені мен өнегесін арқау еткен «Айтбай мешіті: аңыз бен ақиқат» кітабын сыйға тартты.
Ақнұр ЕРДҮЙСЕНҚЫЗЫ

















