ЗАҢДЫ БІЛ, ҚҰҚЫҒЫҢДЫ ҚОРҒА
Ауданға қарасты Тұрмағамбет ауылындағы Т.Ізтілеуов атындағы №29 орта мектепте «Заңды біл – өз құқығыңды қорға» тақырыбында мектеп оқушылары арасында ашық таным сағаты өтті.
Кіріспе бөлімінде мектеп директоры Ақмарал Жарасова қоғамдағы заң мен тәртіп – бұл адамдар арасындағы өзара қатынастарды реттейтін және әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ететін негізгі қағидалармен таныстырды.
Заң – азаматтардың құқығы мен міндеттерін белгілейтін негізгі құрал екенін негізге алумен маңызды, ол барлық азаматтар үшін бірдей, ешкімге артықшылық берілмей орындалуы тиіс екенін қадап айтты. Ал тәртіп – бұл заңның орындалуын қамтамасыз ететін жүйе екеніне тоқталды. Тәртіп сақтау үшін мемлекеттің құқық қорғау органдары – полиция, сот, прокуратура, ұлттық қауіпсіздік органдары жұмыс істейді. Әрбір азамат қоғамдық тәртіпті сақтап, заңды құрметтеуі, басқалардың құқықтарын бұзбауы, өз әрекеттері үшін жауапкершілік алуда заң мен тәртіп бір-бірімен тығыз байланысты екендігіне ерекше тоқталды.
Бұл іс-шараның мақсаты – оқушылардың және қатысушылардың құқықтық сауаттылығын арттыру, өз құқықтары мен міндеттерін білуі және өмірде оларды дұрыс қолдана алуына үйрету. Әр азаматтың, әр баланың өз құқықтары мен міндеттерін білуге, заңға деген құрметін арттыруға, құқықтық мәдениетін қалыптастыруға ықпал ету.
Іс-шараға қатысқан аудан прокуратурасының прокуроры Әділет Сәду, аудандық ата-аналар комитетінің төрағасы Мағауия Әлиев, «Германия кеңес әскерлері тобы және Варшава келісімшарт әскерлері тобы ардагерлері» республикалық қоғамы аудандық филиалының директоры Самат Бұлақбаев, білім бөлімінің әдіскері Ақтолқын Тоқшылықова, ардагер ұстаз, ақын Зарипа Тасымова қатысты.
Танымдық сабақты мектеп оқушылары би билеп, сазды әуенді монтажбен бастады. «Жиенбай жырау» үйірмесінің оқушылары келген қонақтарымызға арнайы термелерін орындады. Мектеп кітапханашысы А.Жұмағұлова жергілікті жерден шыққан ақын, жырауларды таныстыру мақсатында «Туған жер – тұнған шежіре» тақырыбында кітап көрмесін көрсетті. Қонақтарға мектебіміздегі ата-ана мен бала арасындағы байланысты нығайтуда ұйымдастырылған қолөнер шеберлігі көрсетілді. Оқушылардың бос уақытын тиімді пайдалануда, ұлттық құндылығымыз, салт-дәстүріміздің сақталуы насихатталды. Ата-аналар, соның ішінде ер азамат әкелермен ашық сұхбат өтті. Жылқының ер-тұрман, ат әбзелдерімен таныстыру, әке мен баланың байланысын нығайтуда «Әкем үйреткен» жобасында балаға шеге қағуды, ат баптауды үйретуде қатысқан әкелер жылқының ат әбзелдерімен таныстыруға Нұрлан Исаев баласы 11-сынып оқушысы Нұркен Жайшылық, Тимур Сермаханов баласы 3-сынып оқушысы Тимур Шамшаһар қатысты. Көрмеде кондитерлік өнімдер, құрт жасау технологиясы таныстырылса, кұрақ көрпешелер көрмесінде Қалима Имамзадаева әже, көпбалалы ана Жадыра Асанова құрақтың қазақтың құндылығында құралсын деген мағынаны меңзейтіндігін айтты.
Мира Айдарбаева құрт жасау, ағарғанның кереметтілігін айтса, тігін машинасымен жұмыс жасау туралы 11-сынып оқушысы Бақыт Мархабатова көрме арқылы көрсетті. АӘТД пәнінің мұғалімі Жүрсін Мәліков «АК 74» қаруын таныстырды. Әрі қарай мектеп оқушылармен кездесуде жалғасын тапқан іс-шарада қонақтар сөз алып, ақыл-кеңестерімен, басынан кешкен оқиғаларымен бөлісті. Мектептің құқықтану пәнінің мұғалімі Рыскүл Қуаңбаева слайд бойынша жұмыс жасап, оқушылармен және келген қонақтармен маңызды да тәрбиелі пікірлер алмасты. Іс-шараға қатысқан оқушылар заңды құрметтеу – әр азаматтың борышы екенін ұғына отырып, маңызды мәлімет алғандарын, өздеріне ұнағандығын жеткізді.
Жиын соңында ардагер ұстаз, ақын Зарипа Тасымова тәрбиенің ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынастың маңыздылығын атап қорытындылады.
Ержан БАУЫРЖАНҰЛЫ,
Т.Ізтілеуов атындағы №29 орта мектеп
директорының орынбасары
















