ҰЛТТЫҢ МӘҢГІЛІК ТҰМАРЫ
16 желтоқсан – Қазақ елінің шынайы тәуелсіздігін жариялаған, ұлт тарихының ең ұлы белестерінің бірі. Бұл күні халықтың сан ғасыр бойғы аңсаған арманы жүзеге асты. Сол себепті қастерлі, қадірлі. Ен даланы еркін жайлап, өз жеріне ешкімді баса-көктетіп аттатпаған, өз еркімен ешкімнің жеріне жөнсіз аяқ баспаған ата-бабамыздың тамырын дендеп, қанына сіңген азаттық рухы бірнеше ғасыр бойы бодандыққа ұшырап, аңсап күтер сезімге айналатынын кім білген? Міне, сол ата-бабамыздың асыл мұратына, ұлт рухының биік шыңы мен елдіктің мәңгілік нышанына қол жеткізгенімізге де бірталай уақыт болды.
Қазақ даласы еркіндікті қашан да бойтұмарындай қадірледі. Шыңдауылдың дауысындай тарихтың әр кезеңінде елдің азаттығы сынға түсті. Түркі дәуірінен бастап, Алтын Орда заманында, Қазақ хандығы тұсында да еркіндік ең басты қағида болды. Хандық құрып, өз билігін жүргізген қазақ халқының хақы ХVІІІ-ХІХ ғасырлардағы отаршылдық саясаттың нәтижесінде шектеліп, еркіндік жолындағы күрес күшейді.
Тәуелсіздік идеясы Алаш арыстары саяси сахнада бой көрсеткен тұста қайта жаңғырды. «Өз алдымызға ел боламыз» деген ұран ұлттық сананың оянуына ықпал етті. Сол бір кезеңде Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Мұстафа Шоқай, Жүсіпбек Аймауытұлы сынды тұлғалар елдік мүддені қорғап, ұлттың рухани тірегіне айналды.
Сөз жоқ, 1986 жылдың 16 желтоқсаны – тәуелсіздіктің бастауы. Бұл күнді біз көбіне Желтоқсан оқиғасымен байланыстырамыз. Ол дұрыс емес. Әрине, Желтоқсан көтерілісінің негізінде де азаттыққа, еркіндікке деген ұмтылыс жатыр. Кеңестік езгіге қарсы шыққан жастардың батылдығы ұлттық рухтың биіктігін көрсетті. Алайда тарихқа тура қарасақ, екеуі екі түрлі зерделеуді қажет етеді.
1991 жылғы 16 желтоқсанда Қазақстан Жоғарғы Кеңесі «Тәуелсіздік пен мемлекеттің егемендігі» туралы заңды қабылдап, әлем картасында жаңа демократиялы мемлекет ретінде танылды. Бұл еліміз үшін бір дәуірдің аяқталып, жаңа дәуірдің басталуы, жаңа тарих күнделігінің ашылуы еді.
Сол күннен бастап Қазақстан халықаралық қатынастарға толыққанды мүше болып, әлем елдерімен байланысын нығайтты. Экономикалық реформалар, ұлттық валютаның енгізілуі, мемлекеттік рәміздердің қабылдануы – тәуелсіз мемлекеттің қалыптасу жолындағы маңызды қадамдар болды.
Тәуелсіздік – саяси дербестік, сонымен қатар тілдің, діннің, дәстүрдің, мәдениеттің қайта жаңғыруы. Қазақстан тәуелсіздік жылдарында ұлттық құндылықтарын жаңғыртып, рухани мұрасына ерекше мән берді.
Атап айтар болсақ, қазақ тілі – мемлекеттің негізгі тіліне айналды. Дәстүрлі мәдениет жаңарды, ұлттық өнер қайта жаңғырды. Ұмытылған есімдер мен тарихи шындықтар қайта тірілді.
Қазақстан бүгінде әлемге бейбітшілікті, татулықты, келісімді үлгі еткен ел ретінде танымал. Тәуелсіздік жылдары көптеген жетістікке қол жеткіздік: экономикалық тұрақтануға бетбұрыс, халықаралық аренада беделдің артуы, жаңа оқу орындарының көптеп ашылуы, спорт пен мәдениет саласындағы әлемдік жетістіктер, цифрландыру, жаңа технологияларға көшу. Осы критерийлерді негізге алсақ, бүгінгі Қазақстанды дамуға, инновацияға, өркендеуге бағытталған мемлекет деп атауымызға әбден болады.
Тәуелсіздікті алу бір бөлек, оны сақтау үлкен жауапкершілік. Бұл жауапкершілік, ең алдымен, жастардың мойнында.
Олардың міндеті: тарихты білу, ұлттық құндылықтарды құрметтеу, білім мен ғылымға ұмтылу, ел дамуына үлес қосу. Жастардың саналы болуы мемлекет болашағының жарқын болуына тікелей ықпал етеді.
«Тәуелсіздік күні» мерекесі әр қазақтың жүрегінде елге деген сүйіспеншілік сезімін күшейтеді. Мектептерде, жоғары оқу орындарында, мекемелерде Тәуелсіздікке арналған шаралардың ұйымдастырылуы – жас буынға ел тарихын терең танытудың маңызды жолы. Тәуелсіздік күні ұлттық сана-сезімді қалыптастырады, рухты көтереді, болашаққа жігер береді.
16 желтоқсан – Қазақстанның ең қастерлі мерекесі, азат ел атанған күннің жылт еткен таңын еске түсіретін тарихи белес. Бұл күн бізге бабалардың мұрасын, ел қамын ойлаған ерлердің ісін, тәуелсіздіктің құндылығын ұғындырады.
Тәуелсіздігіміз тұғырлы, бірлігіміз бекем болсын!
Лаура БАҚТЫБАЙ
















