СЫРДАРИЯЛЫҚТАР СЫЙЫ
Осыдан апта ілгері Ш.Төлепова атындағы аудандық мәдениет үйінде «Киелі мекен – Қармақшы» тақырыбында сазгерлер мен ақындар арасында облыстық байқау өтті. Туған жерді құрметтеу, өнерсүйгіш жас буынды шабыттандыру, өңірдің рухани құндылығын байытуды мұрат еткен дода аймағымыздың талантты өнерпаздарын бір шаңырақ астына жинады. Олар киелі мекенге өздерінің туындыларын арнап, жырларын тебірене оқыды. Осы сайыста сырдариялық сазгер Махмуд Сақтапов «Киелі мекен – Қармақшы» әнімен жүлделі І орынды жеңіп алған-ды.
Әннің сазын аудандық мәдениет үйінің қызметкері М.Сақтапов жазса, сөзінің авторы ақын Ақтөре Ибрагимұлы. Ал жаңа туындыны орындаған талантты әнші – Абылайхан Байділдаев.
Байқаудан бір күн бұрын әннің аудиосын жіберген әріптесім әрі сыйлас інім Ақтөре Ибрагимұлы арқылы тыңдап, туған жер жайлы жаңа әннің дүниеге келгеніне қатты қуанғанмын. Тыңдай отырып, бойға қанат біткендей. Рухыңды шарықтатып биікке көтергендей сезімге бөлейді. Жүрекке жетіп тұр. Сөзі, сазы, орындаушысы да бір-бірін тапқан. Туған жеріңізді тебірене еске алып, құдіретіне бас иесіз.
Сыр мәдениеті мен өнеріне келіп қосылған үлкен сый үшін ақын бауырымызға қармақшылықтардың атынан алғысымызды айтып, сөзге тарттым.
– Облыстық конкурстың жарияланғанын естіп, әннің сөзін жазып бердім. Сиясы кеппеген десе де болады. Сазгер де, әнді орындаушы да өз ісінің шеберлері. Қол тие бермейді, дегенмен шығармашылықтан қол үзбейміз ғой. Екі азамат та жақсы дайындықпен барып, І орын алып келді. Мұны біздің ауданымыздың сыйы деп қабылдарсыздар, – дейді ол құрметпен.
Ақтөре Ибрагимұлы еңбек жолында «Қазақстан жолы» республикалық газетінде тілші, аға тілші, жауапты хатшы қызметтерін атқарса, кейін аудандық «Тіршілік тынысы» газетінде тілші, аудан әкімінің баспасөз хатшысы, көмекшісі болған. 2019 жылдан бастап аудандық басылымға басшылық етсе, былтырдан бері «Аманат» партиясы Сырдария аудандық филиалының атқарушы хатшысы болып абыройлы еңбек жолын жалғастыруда.
Киелі топырағымыздың мәртебесін асырып, мерейін келтірген әннің сөзін көп назарына ұсынып отырмыз.
Сәрсенкүл АҚКІСІ
Киелі мекен – Қармақшы
Қобызбен шерткен елге өсиетті.
Тәу етер тарихың бар тағылымды,
Ел-халық тағзым етіп, бас иеді.
Қармақшым – құт дарыған бақ мекенім,
Биікті бағындырып, көкке өрледің.
Қастерлі топырағыңнан қасиетті,
Сезінем туған жердің тәтті екенін.
Ел-халық үміт артып жарық таңға,
Еңбекпен еңсе тіктер бірлік бар да.
Сыр елі – алты Алаштың анасы ғой,
Қармақшы – алтын бесік алыптарға.
Қармақшым – жер жәннаты, күрішті елсің,
Қолыңда жеңіс туы, өрісті елсің.
Ел-халық маңдай термен, еңбегімен,
Жайқалған алқабыңнан ырыс терсін.
















