» » ЖАС ГИМНАСТТАР ЖЕҢІСІ

ЖАС ГИМНАСТТАР ЖЕҢІСІ

Ауданда соңғы айларда жүзеге асқан игі істердің бірі – көркем гимнастика үйірмесінің ашылуы. Қоғамдық сұраныстан туындаған бұл бастама әсіресе жасөспірім қыздардың жан-жақты тәрбиесіне, олардың сымбаттылығы мен мәдениеттілігін дамытуға айрықша үлес қосып келеді. Көркем гимнастика – тек дене икемділігін дамытатын жаттығулар жиынтығы емес, ол – баланың мінезін, тәртібін, ерік-жігерін қалыптастыратын, сұлулық пен шеберлікті ұштастыратын күрделі өнер.
Осындай өнердің ауданымызда қанат жаюына мұрындық болған үйірме жетекшісі – Айтолқын Бақбергенқызы. Осы ауданда өмір есігін ашып, О.Шораяқұлы атындағы №30 орта мектепте білім алып, Қазанғап атындағы музыкалық колледжде «Хореография» мамандығын игерген. Ол бұл істі қолға алуының себебін айта келе «Өнер мен спортты үйлестіретін бағытты ашуды көптен армандадым. Балалардың табиғи қабілетін дамытып, олардың бойындағы нәзіктікті, тәртіптілікті тәрбиелеу – мен үшін үлкен миссия. Мемлекет тарапынан қайтарымсыз грантқа қол жеткізген соң, ойымдағыны іске асыруға нақты мүмкіндік туды, енді міне, алғашқы жемісімізді көріп отырмыз», – дейді.
Расында, үйірме қысқа уақыт ішінде өзіне біршама баланың назарын аударып, 4 жастан 13 жасқа дейінгі бүлдіршіндер мен жасөспірімдерді қабылдай бастады. Әр сабақ арнайы әдістеме бойынша жүргізіледі. Ең кішкентай топ икемділікке үйренсе, орта топ құралдармен жұмыс істеп, жарыс бағдарламаларын меңгереді. Айтолқынның айтуынша, гимнастикаға келуші қыздардың дене қалпы түзеліп, өзіне сенімділігі артып, қимылы әдеміленіп келеді.
– Ата-аналар күн сайын алғысын білдіріп отырады. Бірі «қызымның осанкасы түзелді» десе, енді бірі «тәртіпке үйренді» дейді. Осындай сөздер мені одан әрі жігерлендіреді. Себебі біздің мақсат – тек спорт үйретіп қана қою емес, қыз баланың болашақ тұлғасын қалыптастыру, – дейді Айтолқын Бақбергенқызы.
Жаңадан ашылғанына қарамастан, көркем гимнастика үйірмесі небәрі үш ай ішінде үлкен белеске шықты. Облыстық Дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы ұйымдастырған 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күніне арналған республикалық жарысқа ресми шақырту алғаны – соның айқын дәлелі. Бұл жарысқа Астана, Алматы, Шымкент, Тараз, Ақтау, Қызылорда, Байқоңыр қалаларынан және Арал ауданынан ең үздік жас гимнасттар қатысқан. Мұндай деңгейдегі сынға алғаш рет қатысқандарын айтқан Айтолқын сол күндерді эмоциямен еске алды.
– Шақырту алған сәттегі қуанышымыз ерекше болды. Дегенмен, толқу да болды. Өйткені тәжірибе аз, ал қарсыластар мықты еді. Бірақ тәуекелге бел буып, қыздарымызды дайындадық. Тынбай еңбектенудің арқасында жүлделі І орынға ие болдық. Бұл – біздің ғана емес, ауданның жеңісі. Алда бізді үлкен жарыстар күтіп тұр. Республикалық деңгеймен шектеліп қалмай, халықаралық турнирлерге шығу – басты мақсатымыз. Әр баланың бойында талант бар, сол талантты ашу – менің міндетім, – дейді үйірме жетекшісі.
Жарыстан кейінгі қуаныш балалардың да, ата-аналардың да жүзінен көрінді. Жас гимнасттардың бастаған ісіне деген сенімі артты, қайратжігері күшейді. Бүгінгі таңда 40 шәкірті бар көркем гимнастика үйірмесі – ауданымыздағы өнер мен спорттың тың тынысы, балалар үшін жаңа мүмкіндік. Қыздардың дене бітімін түзетіп қана қоймай, олардың мінезін тәрбиелеп, ептілікке, төзімділікке, сымбаттылыққа баулитын бұл үйірменің болашағы зор. Ең бастысы – ата-аналардың сенімі мен балалардың ынтасы жоғары. Ендеше, ауданымыздан сәні мен сымбаты келіскен әдемі өнердің шеберлері көптеп шығуына тілектеспіз.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ

09 желтоқсан 2025 ж. 168 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10462)

09 желтоқсан 2025 ж.

№93 (10461)

06 желтоқсан 2025 ж.

№92 (10460)

02 желтоқсан 2025 ж.

Хабарландыру

ХАБАРЛАНДЫРУ!

ХАБАРЛАНДЫРУ!

18 қараша 2025 ж.
Шұғыл хабарландыру!

Шұғыл хабарландыру!

04 қараша 2025 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 2 056
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңарған Жосалы
02 қыркүйек 2025 ж. 723

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
293031